Қазақстан бизнесіндегі проблемалардың 70% шешілді

Кәсіпкерлерге қатысты көрсеткіштер қалай өзгерді

Бұл жайына Астанада 2018 жылдың 5 желтоқсанында  «Атамекен»  Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов мәлімдеді.

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының кеңейтілген отырысында сөз сөйлеген спикердің айтуынша 5 жыл ішінде бизнестің көптеген мәселелері анықталып, олардың көбі толығымен шешімін тапқан.

 - Біз айтарлықтай жақсы серпін алдық. Осы уақыт ішінде 25 мыңнан астам өтінім қабылданды, оның ішінде 42%-ы оң шешілді. Жалпы 131 млрд теңге сомасында мүліктік құқық қорғалды. Сонымен қатар 2017 жылға дейін шағымдардың жыл сайынғы өсуі байқалған (2014 жылы – 4 573, 2015 жылы – 5 314). Ал 2017 жылы өтінімдер саны 5 195 дейін төмендеген, бірақ олардың ішкі мазмұны өзгерді-деді Рустам Жүрсінов.

Келтірілген мәліметтерге қарағанда бұрын бірінші қатарда жер қатынастары, салық және сатып алуларға қатысты шағымдар көбірек болған. Мәселен,  2014 жылы – 17% жер, салық – 10%, сатып алулар – 8% болса,   ал 2016 жылы – 12% жер, 14% салық, 13% сатып алулар болған. Уақыт өте жағдай басқаша сипат алған. Мысалы  2017 жылы кәсіпкерлер арасындағы дауларға қатысты өтінімдер 20% және әкімшілік кедергілер бойынша өтінімдер 9% ұлғайды. 

Бастапқы  кезеңде қоғамдық мониторингті қалай жүргізу керек, бұл заң жақсы ма, жоқ па, анықтауды қалай жүргізу керектігін ойластырдық. Сондықтан бизнестің мәселелері тізілімін құрдық. Қызмет етудің бес жылы ішінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 604 мәселені анықтап, оның ішінде 425-сін (70%)  шешуге қол жеткізді, 50 мәселе – шешілу алдында тұр, 129 мәселе мемлекеттік органдармен талқылауда жатыр  – дейді спикер.  

Бұл жұмыстар жүйлі түрде және түрлі бағыттар бойынша Бас прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттікпен бірлесіп әзірленген және жүзеге асырылып жатқан Жол картасы аясында, сонымен қатар  Премьер-Министр Кеңсесінің тапсырмалары шеңберінде Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп жүргізіліп келеді екен.

 - Рұқсаттар, хабарламалар мен лицензиялар саны 72%-ға қысқартылды. Егер реформаға дейін олардың саны шамамен 1115 болса, қазір 315-і қалды, бұл есептеулеріміз бойынша жылына 1,5 млрд теңгені үнемдеуді қамтамасыз етеді. Бұған қоса жиынтықта 600 млрд теңге көлемінде шығындар азайтылды – деп атап өтті спикер.

Оның айтуынша осы бағыттағы жұмыс нәтижесі бойынша бизнестің қаржылық шығындарын жыл сайын азайту 4 млрд теңгені құрайды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнеске қойылған талаптарды азайтуға бағытталған  жұмысты Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп жүргізіп келеді. Бүгінгі таңда бақылаудың 114 саласының 20-сы қысқарды, мемлекет органдардың 540 бақылау және қадағалау функциясының  қайталанатын немесе тәуекелдерге байланысты емес 108 функциясы қысқартылды.

-Баяндаманың бір бөлігі мемлекеттік бақылауға, нақтылап айтқанда бақылау жүйесінің өзгеруіне арналды. Нысанда адал бизнес емес, құқық бұзушылар болуы керек. Биыл 6 сала бойынша (салық, өрт сөндіру, саниятариялық-эпидемиологиялық қызмет, жер, еңбек, экология) ҰКП-ның прокуратурамен жүргізген талдауы  бірқатар олқылықтарды анықтады. Бұл бақыланатын субъектілер тізілімі, реттеудің тиімділігінің талдауы, стратегиялық мақсаттар мен бақылау көрсеткіштерінің болмауы-деп түйіндеді Жүрсінов.

  Кедендік мәселелер бойынша бизнес пайдасына 37% шешімдер енгізілді. Жалпы шағымдар санының өзі 3 есе қысқарды, бұл жайт аудит сапасының артқанын көрсетеді. Бизнестің дәйектері ескерілген деп қорытындылады спикер. Ал бәсекелестік саласындағы мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мемлекеттік кәсіпорындар санын қысқартуға күш салып отыр, алайда соңғы шешімді мемлекет өзі шығарады, мемлекеттің құзырында 348 түрлі қызмет жүргізіледі.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
3514 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
13 декабря родились
Именинников сегодня нет
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить