Америкада ашылғанымызбен, Алматыда жұмыс істей алмай келеміз

Parqour – көлік нөмірін тану арқылы автотұрақ жұмысын автоматтан-дырып, шығынды екі-үш есе азайтуға көмектесетін стартап

ФОТО: Әмірхан Омаровтың жеке мұрағаты

Алматыда басталған стартаптың Дубайда, АҚШ және Еуропа елдерінде кеңселері ашылған. Forbes Kazakhstan стартаптың негізін қалаушы Әмірхан Омаровпен сұхбаттасып, автоматтандырудың Батыс елдері мен өзіміздегі айырмашылығы туралы сұрап білді. 

Parqour бренді әлемдік нарыққа қалай шықты?

Біздің стартабымыз осыдан екі жыл бұрын 2020 жылдың жазында іске қосылды. Оның қызметі неде? Жүйеміз нөмірлерді танып, көлік тұрақтарына орналастыруды автоматтандырады. Бұл өте ыңғайлы, машинаны тұраққа қою кезінде қағаз, пластик билет қолдану қажеті жоқ, камера арқылы көліктің нөмірін танып, кіріп-шыққанын автоматты тіркеп алады. Төлем мобильді қосымша, Kaspi QR арқылы жасалады. Тұрақта көліктің толғаны, түскен табыс – бәрі анық көрініп тұрады.

Осыдан екі жыл бұрын алғаш рет Қазақстанда, Алматыда іске қосылды, сол уақыттан бері жүз тұрақпен жұмыс істедік. Астанада «Еуразия» сауда үйі, «Аймақтау» базары, Астана әуежайы, Алматыдағы Car city авто базары, Еsentai Mall сауда орталықтары, тұрғын үй кешендеріне қызмет көрсетеміз. Іске қосылғаннан бір жылдан соң өткен жылы күзде Дубайға бардық, Parqour деген атаумен кеңсеміз ашылды. 15-ке жуық клиентіміз бар. Олардың қатарында Дубайдағы ең маңызды нысандардың бірі Conrad Tower ғимараты, он үш мың орындық автотұрағы бар World Trade Center де бар.

Жобаға белсенді түрде инвестиция тартпадық, ең бірінші жобаның негізін қалаушылар, құрылтайшылар ретінде өзіміз қаржы салдық. Америка нарығында bootstrap (бутстрэппинг) деген ұғым бар, яғни басынан-ақ табысты саналатын, инвестор көмегінсіз бизнесті жүргізуге болатын жобаларға қатысты ұғым. Біздің стартабымыз осы санатқа жатады, оның тиімді жоба екенін білдік. Құрылтайшылар ретінде 500 мың доллар салдық. Бір жарым жыл бойы өз күшімізбен өстік. Кейінірек шетелге шығып, Еуропа, Америкаға бару үшін инвестиция іздей бастадық. Үш инвесторымыз бар, негізгілері қазақстандық кәсіпкерлер, классикалық венчурлық қор емес, отандық бизнесмендер. Және біреуі Кипрдегі венчурлық қор. Жалпы инвесторлар тарапынан үш миллион доллар келді, оның екі миллионын Кипрдегі қор салды.

Соңғы жарты жылда негізгі фокус – Америкада. Осыған дейін Англия, Германия, Швейцария, Польша, Ресей, Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Катар, Вьетнам, Индонезия елдерінде кеңселеріміз ашылды.

Технология бір, оны енгізу түрткісі әртүрлі

Біз Еуропада да, Америка мен Азияда да бармыз. Технологиялық жағынан өзара айырмашылық бар деуге келмейді, мәселе оны енгізудегі мақсатта. Мысалы, Азия, Үндістан, Араб елдері немесе Қазақстанда салыстырмалы түрде тұрақ арзан. Бірақ сол тұрақтан түсетін ақша есебін ашық білу үшін, жемқорлық болмас үшін оны автоматтандырумен айналысады. Сонда барлық процесс анық көрініп тұрады. Ал Еуропа мен Америкада автотұрақ қымбат, оларға автоматтандыру жемқорлықты болдырмас үшін емес, адами еңбекті алмастырып, бағаны төмендету үшін керек. Бір тұрақты автоматтандырғанда оның персоналына жұмсалатын шығын азаяды, бағасы арзандайды. Яғни Еуропа немесе Азия болсын автотұрақ жүйесі бірдей, тек автоматтандыруды енгізудегі мотивация әртүрлі.

Бірақ әр елдің өзара айырмашылықтары да бар. Сондықтан нөмірлерді тану технологиясымен жұмыс істеуде де кедергілер болды. Алғашында қазақстандық нөмірлермен жұмыс істеп үйреніп алған едік, кейін ресейлік, украиналық, өзбек, тәжік нөмірлерімен жұмыс істедік. Ұзақ зерттегендеріміздің бірі – араб елдеріндегі машина нөмірлері. Дубайда машина нөмірінің үш-төрт түрі бар. Жүйе нөмірді жүз пайыз танып, бір-бірінен ажырата білу үшін барлық түрін зерттеп білу керек. Америкада да осындай мәселеге тап болдық, бір штаттың өзінде ғана нөмірдің елу түрі бар. Мәселен, қазір белсенді дамып жатқан Иллинойс штатындағы Чикаго қаласында ардагерлерге бөлек, өрт сөндірушілерге бөлек деген сияқты елу түрлі нөмір болады. Тіпті спорттық клубтың жанкүйерлері де бөлек нөмір сатып ала алады. Ал жалпы елдің 19 штатында нөмірлер тек артына жазылады, заң рұқсат берген, алдына ілмесе де болады. Бұған да үйренуге тура келді.

ФОТО: © Аман Дүйсенбаев

Вьетнамда транспорттың елу пайызы – мопед, олар да тұраққа қойылады, оларға да ақылы. Стандартты жүйе мопедтерді тани алмайды, сондықтан ол елдің нарығында жұмыс істеу үшін оларды да тануға бейімдедік. Өзбекстанда жер асты тұрақтары көбірек, бірақ ол жерге газбен жүретін машинаны қоюға болмайды, себебі қауіпті. Сол үшін тек автоның нөмірін ғана емес, оның газбен жүретін-жүрмейтінін де есепке алып отыруымыз керек болды.

Қазақстан стартапты бастау үшін ыңғайлы орын болды

Стартап деген не? Ол – сы-нақтан өткізу керек идея, ол идея жұмыс істеуі де, істемеуі де мүмкін. Тексеру үшін түрлі гипотеза, бизнес-модельдерге тәжірибе жасап көру керек. Менің жағдайымда тәжірибем жеткілікті болды дей аламын. Тұрғын үй саласында ұзақ уақыт жұмыс істедім, тұрғын үй кешендерінен бөлек сауда орталықтары, қойма, мейрамханалармен де байланысты болдым. MEGA, BI Group, Mercury Capital тәрізді ірі компанияларда жұмыс істегендіктен, ол жақтағы адамдарды жақсы таныдым. Яғни Қазақстан бұл стартап үшін жақсы база еді. Кіргелі отырған саланы жақсы білемін, инвестиция керек емес екені де түсінікті, байланыс, нетворкинг бар. Бәрімен хабарласып, жобаны таныстыра аламын. Жұмысты бастап кету үшін бәрі дайын тұрды.

Негізгі команда Қазақстанда, Алматыда отырады. Жалпы компаниямызда 130 адам жұмыс істейді. Оның алпысқа жуығы Алматыдағы кеңседе, тағы 15–20 адам Астанадағы Astana Hub-та отырады. Тағы бір команда, жиырмаға жуық адам осында Чикагода, өзгелері жұмыс істейтін елдерде. Жалпы команданы үш блокқа бөлсем болады. Біріншісі сату, бизнеспен айналысатындар, екіншісі бағдарламаны қолдау тобы, үшіншісі бағдарламаны дайындау, оны жаңа нарыққа интеграциялау, бейімдеумен жұмыс істейді.

Негізінен қазақстандық бағдарламашылармен жұмыс істейміз, ал сату кеңсесі көпұлтты десек болады. Себебі әр елдің өкілдері бар. Ресейлік, америкалық, түркиялық мамандар да бар. Қазақстанда жұмыс істеп тәжірибе жинағандықтан болар отандық мамандармен бір-бірімізді жақсы түсінеміз, жұмысқа деген көзқарасымыз да бірдей. Кейде америкалық мамандарға бір айтқанда бірнеше рет қайталап түсіндіретіндей кездер болды. Бірақ қабілет пен машығы жағынан айырмашылық көп емес, негізінен мәдени айырмашылықтар бар дер едім.

Тағы бір айырмашылық – сату жүйесінде. Біздегі сатылым B2В форматында, бұл инвесторларға аса ұнай қоймайтын, жақсы көрмейтін сатылым түрі. Сауда орталығына барып, автотұрақ басшылығына жүйені таныстырып, екінші күні сата салмайсыз. Кейде сатылым уақыты үш апта, кейде үш айға дейін созылады. Жаңа нарыққа барғанда алдымен тұрғын үй иесіне шығамыз, ұсыныстарымызды көрсетеміз. Пилоттық жобаны ұсынамыз. Бұл нарықтағы клиенттер консервативті, ескі әдістерге әбден үйренгендіктен оларға жаңа технологияны толық таныстыру керек. Алғашында тегін сынақ жүргізеді, пайдаланады, бірақ әдетте үш рет пайдаланғаннан кейін коммерциялық келісімге келеміз.

Қазақстанда еш жерде төлем терминалын қоймаймыз, 90% онлайн төлем жасайды. Оның орнына kiwi терминалдар қоюға болады. Ал Еуропадағы Германия, Испания сияқты елдерде 60–70% төлем қолма-қол жүреді. Сол үшін жергілікті төлем жүйесін меңгеріп, банк қызметтеріне үйрену керек болады. Қазір ай сайын өнімнен орта есеппен 200 мың доллар, ал жылына 2–2,5 млн доллар табыс түседі.

Қазақстандық тұрақ жүйесінің технологиясы ескірген

Осы жылы Қазақстандағы тұрақтардың біріне қатысты дау болды. Астанадағы ЭКСПО-дағы автотұрақ – потенциалы жоғары, маңызды нысанның бірі. Бірақ ол дұрыс басқарылмайды, ескі технология қолданылады, тіпті сол маңайда тұратын немесе жұмыс істейтіндер ол жерде автотұрақ барын білмей де қалады екен. Тұрақтың толуы өте төмен, ал оны басқаратын компания осыған дейін еш жерде жұмыс істемеген, яғни тәжірибесі бар кәсіби компания емес екен. Осыларды зерттей келе, ЭКСПО басшылығына шығып, бірге жұмыс істеу туралы ойымызды айттық. Бизнес модельді көрсеттік, қандай жағдайда көбірек пайда табуға болады, қаржы моделі қандай болу керек, шығындарды қалай азайту керек, жарнама жасау – осылар бойынша ұсыныстарымызды да жібердік. Тіпті қажет болса өзіміз инвестиция жасауға дайын едік, себебі автотұрақтың потенциалы жоғары, біздің жүйеміз арқылы тиімді жүргізіп, жақсы табыс табуға болады.

Бірақ ешқайсысын олар қабылдамады, «жігіттер, біз мұндайды қарастырмаймыз» дегендей жауап қайтарды. Бірақ біраз уақыттан соң тұрақты басқаратын компанияны алып тастап, жаңа конкурс өткізбекші болды. Ал біз ол туралы білмейміз, қызығушылығымызды біле тұра ескертпеген. Сайтын қарап отырып, кездейсоқ көріп қалдық. Конкурс бес күн ішінде өтуі керек, біз аяқталуына екі күн қалғанда көріп, тез арада құжаттарымызды жасап жібердік. Бірақ талаптары күмәнді көрінді. Техникалық тапсырма көрсетілмеген, тек осынша инвестиция салу керек деп жазылған. Қандай технология қолдану керек, компанияның тәжірибесі қандай болу керек екені туралы мүлде жазылмаған. Бізге дейін конкурсқа екі компания тіркеліп үлгерген. Бірі – осыдан бір ай бұрын ғана құрылған. Екіншісі – кезінде тек «Хан шатыр» сауда орталығындағы тұрақты басқарған, бірақ соңғы үш жыл мүлде белсенді болмаған. Біз үшінші болып тіркеліп үлгердік. Кейін конкурс нәтижесі бойынша, біз өтпедік, ал өзге екі компания өтіп кетті. Әлеуметтік желіде бұл туралы жаздым, бірақ ұйымдас-
тырушылар өздері тарапынан болған қателікті мойындамады. Қызығы, конкурстың қорытындысын да алып тастады, дегенмен қайта конкурс жариялаған жоқ. Бұл туралы ЭКСПО басшылығына, министрлікке хат жаздық, бірақ ешкімнен жауап болмады.

ФОТО: Әмірхан Омаровтың жеке мұрағаты

Негізі автотұрақ мәселесінде елімізде сұрақ көп. Алматы, Астанада автотұрақты басқару саласында монополия бар және ол қолдан жасалды.

Автотұрақты басқаратын жеңімпаздарды қалай анықтайтыны белгісіз. Мәселен, А-Parking компаниясы осыған дейін тұрақ басқарумен айналыспаған, Астанада да сондай түсініксіз жағдай, басқарушы компанияның тұрақ бизнесіне қатысы болмаған. Технология өте ескірген. Технологияның сапасы өте маңызды. Егер нөмір тану әдісімен жұмыс істесе, шығынды екі есе азайтуға болар еді. Қағаз, пластик билеттің орнына тұраққа камера орнатып, кіріп-шығу процесін автоматтандыруға болады. Күнделікті түсімнің есебі де ашық көрініп тұрады. Астанадағы тұраққа төленетін 100 теңгенің 95-і жеке операторға кетеді екен. Алматыда шамамен 80–90 теңгесі жекеменшік табыс, ал өзгесі мемлекетке барады. Жаңа технология арқылы бәрін автоматтандырып, тұрақтың меншік құнын 90 теңгеден 30 теңгеге дейін түсіруге болар еді. Бұл жерде мәселе табыс жеке қалтаға кететінінде емес, әкімдіктің неге осындай тиімді ұсыныстарды қарастырмайтынында болып тұр. Біз бірнеше рет екі қаланың әкімдігіне шықтық, ұсыныстарымызды жолдадық, бірақ қабылдамады. Америкада, Еуропада, Дубайдағы ірі, әлемдік сауда орталықтарымен жақсы дамып келеміз, бірақ өз елімізде Алматы мен Астанада жұмыс істей алмай жатырмыз.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
27342 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить