Мырзахметов: Көршімізден үрейленбей, пайдамызды ойлағанымыз дұрыс

17163

Жер тағдыры – ел тағдыры

Абылай Мырзахметов.
Абылай Мырзахметов.

Абылай Исабекұлы, өзіңіз де естіп-біліп отырсыз, дәл қазір қазақ қоғамын жер мәселесі алаңдатып отыр. Осындай тұста ел алдында жүрген азаматтардан толымды пікір, тұщымды ой күтетініміз рас. Сіз не дейсіз?

- «Жер тағдыры – ел тағдыры» деп бекер айтылмаса керек. Ендеше туған елінің, атақоныс жерінің тағдырына енжар қарамайтын кез-келген азамат үшін бұл мәселе аса өзекті болатыны даусыз. Сол себепті де жерге қатысты өзінің алаңдаушылығын білдіріп жатқан азаматтарымыздың әрекеті орынсыз дей алмаймыз. Жер қашаннан қазақ қоғамының жанды жері, өте нәзік тақырып. Сондықтан бұл мәселеге келгенде, аса байыппен, екі шоқып бір қарау керек екені рас. Қазіргі басты кемшілік, заңның негізгі мақсатын түсіндіру жұмыстарының жеткілікті деңгейде жүргізілмегендігінен болып отырғанын көріп отырмыз. Әйтпесе, заңда «Шетелдік азаматтарға жер сатылмайды» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Халықты негізінен толғандыратын жайт осы ғой. Бір жағынан жұрттың күмәнін түсінуге болатындай. «Ал шетелдіктерге жер сатылмады делік, сол жерді Қазақстан азаматына тіркеп қойып та, иелік етуіне не кедергі» дейді мысалы. Бұған заң жүзінде жол берілмеуі тиіс. Біздің елдің азаматы жерді шетелдіктің  иелігіне бере алмайды. Жалға беру құқығы да жоқ. Естеріңізде болса, 2003 жылы «Жер кодексі» қабылданғанда да үлкен дау болды. Ол дау тіпті сол кездегі Үкіметтің отставкасына ұласқан еді. Қазір айтылып жатқан мәселелер, күдік-күмәндар сол кезде де айтылып, қызу талқыланған еді. Бұрынғы кодексте де «шетелдіктерге жер сатылмайды» деген норма бар. Міне, содан бері 13 жыл өтті, жеріміз шетелдіктердің жаппай иелігінде кетті деп айта алмаймыз.

Осы тұста көптің көкейінде жүрген тағы бір күмәнді айта кетейін. Қысқа жіп күрмеуге келмей тұрған мына қысылтаяң тұста онсыз да «шықпа жаным, шықпалап» отырған қарапайым шаруаның жер сатып алуға жағдайы жете қояр ма екен? Жеріміз құрығы ұзынның, қалтасы қалыңның иелігінде кетпей ме? «Аспаннан шұға жауғанда, кедейге ұлтарақ та бұйырмаптының» кері болып жүрмес пе екен әдеттегідей?

- Сұрағыңыз орынды. Қазақстанда 180 мыңнан астам фермер бар, қазір олар жерді жалдап отыр, алдағы уақытта олар жерді елу пайыздық жеңілдікпен кадастрлық бағамен сатып ала алады. Бұл дегеніңіз шаруалар үшін тиімді, меніңше. Сосын сіз айтып отырғандай қалтасы қалың, құрығы ұзын бола ма, мәселе онда емес, бастысы алған жерін игеріп, еңбек ете білсе, өнім берсе, сөйтіп мемлекетке, өзіне пайда әкелсе, біз оны қолдауымыз керек. Ал, иелік етіп, игермеген, бірнеше жыл бос жатқан жерлер мемлекетке қайтарылуы керек. Жер босқа жатпай, пайда әкелуі тиіс. Осы орайда, өз басым қазір сан тараптың, әсіресе сарапшылардың пікіріне ден қойып, көңіл бөліп жүрмін. Солардың ішінде бұрын министр болған, қазір кәсіпкерлікпен айналысып отырған азамат Зейнолла Кәкімжановтың әлеуметтік желіде жазып жүрген ойы көңілімнен шығып жүр. Оның ойларына құлақ түрер болсақ, негізгі мәселе шетелдіктерде емес, өзімізде дейді ол. Қазір фермерлеріміз жерді тиісті деңгейде пайдаланып отырған жоқ. Біз агромәдениет, агрохимия, агроғылым дегенді ұмыттық. Әйтеуір қалай тезірек пайда табам дегенді емес, жердің жағдайына да көңіл бөлуіміз керек қой. Жер біздің Анамыз дейміз, анамыздың ахуалына бейжай қарауға болмайды. Сондықтан қазір эмоциядан гөрі ақылға салып, осындай түйіндерді қалай шешеміз деген мәселеге назар аударуымыз керек. Қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан тағы бір мәселе, жерді жалға беру мерзімінің ұзаруы болып тұр. «Жерді неге сонша ұзақ мерзімге береміз, 25 жылда кім бар, кім жоқ?!» дейді азаматтарымыз. Тағы да, Кәкімжанов мырзаның ойына сүйенер болсақ, жерді инвесторларға жалға 10 жылға беру аз, жерге салатын ақша 4 пайызбен бергенде де оның қайтуы қиын. Ендеше қайтарымы болмаса, ешкім ол жерге қаражат салмайды. Шетелдік емес, біздің өзіміздің кәсіпкерлер де салмайды. Өте орынды пікір, меніңше.

«Қара қытай қаптаса...» деп қазақ қашаннан шығыстағы қоңсы елден қауіптенетіні белгілі. Шетелдіктер дегенде ең әуелі осы көршімізден сескенетініміз, көптігінен именетініміз рас. Дегенмен, «шегірткеден қорыққан егін екпейді» дегенді де айтып кеткен біздің халық. Бұған не дейсіз?

- Дұрыс айтасыз,  кез келген мәселені жан-жақты қарастыруға болады. Қытай қазір халқының көптігі жағынан ғана емес, әлемде экономикасы жөнінен де алдыңғы қатарлы алып держава. Ал енді осы елдің көптігінен именіп, барыс-келіс, алыс-берісіміздің барлығын үзсек, не болады? Әлемнің қайсы елі Қытайдан қауіптеніп, байланысын үзіп жатыр? Ал қазір етек-жеңімізді қымтап, шетелдіктердің қай-қайсысынан да қауіптеніп, томаға-тұйық өмір сүрсек, одан не ұтамыз? Жалпы, бұл мүмкін емес. Сондықтан, құдай қосқан көршімізден үрейлене бергенше, сол көптігін өз пайдамызға жарата білуіміз керек. Мен де қазақы тәрбиемен сусындап, ауылда өстім, менің де жер үшін жаным ауырады. Ұлан-байтақ жеріміз болса да, ұлтарақтай жер үшін жанын беруге әзір, қайсар рухты халықтың азаматы болғаным үшін менің де бойымды мақтаныш кернейді. Десек те, жерімізді тартып алғалы жатқан ешкім жоқ, ондай қауіптен құдай сақтасын. Мынаны түсінген жөн, Қытай мемлекеті біз үшін үлкен нарық. Біз ауыл шаруашылығын дамытып, экономикамызды өрістетеміз десек, бізге осындай нарық керек. Біз үшін қазір үш алып нарық бар. Оның бірі Ресей, екіншісі Қытай. Сондықтан осындай нарыққа шығу жолынан біз айырылып қалмайық. Ал Қытайға не керек, Қытайға үлкен нарығын қамтамасыз ете алатын, тиімді алыс-беріс жасай алатын ел керек. Ал үшінші нарық – Иран. Осы үш алып нарық жылына 100 миллиард доллар азық-түлікті қажет етеді. Біз соның он-ақ пайызын алсақ, ауыл шаруашылығы өнімін 2-3 мәрте өсірер едік. Бұл дегеніңіз жаңа жұмыс орындары, еңсесін көтерген ауылдар, бұл қомақты қаржы көзі.

Қыруар табыс табамыз деп жүргенде, шашетектен зиян шегіп жүрмейміз бе? Қытайлықтар жерімізге небір улы химикаттарын сеуіп, тоз-тозын шығарып, оны мүлде іске алғысыз етпесіне кім кепіл?

- Иә, халықтың көңілін күпті еткен өзекті мәселенің бірі осы екені рас. Бұл мәселе қатаң түрде заңмен қадағалануы керек. Шешілмейтін түйін жоқ, меніңше. Сондықтан бұл арада мәселені ушықтырмай, тиімді шешкеніміз абзал. Заңға өзгеріс енгізетін Үкімет пен Парламент, ол жақтағы азаматтар да елдің көкейіндегі ойды естіп, көріп, сарапқа салып отырған болар, бұл мәселенің оңтайлы шешімін табады деген үміттемін. Ол референдум бола ма, жоқ, әлде заңға мараторий жариялай ма, әйтеуір, халықтың да көңілінен шығатын, сондай-ақ экономикалық тиімділік тұрғысынан да қолайлы шешім болады деп сенемін. Егер де, жерді 25 жылға беру туралы талап қалатын болса, шетелден келген инвестор жерді жалға аудандық жергілікті әкімшілікте құрылған комиссия арқылы алуы керек, одан кейінгі де әрекеті сол комиссияның бақылауында болуы тиіс. Инвестор не өндіреді, қалай өндіреді, мемлекетке қанша салық төлеп жатыр, бәрі-бәрі жіті қадағалауда болуы тиіс. Ол комиссияның құзыреті, құрамы, жұмысы бәрі ашық, жариялы түрде болғаны жөн. Яғни, ойы бөтен инвестор жерге иелік етіп кетпеуі үшін. Комиссия құрамында халықтың өз ішінен шыққан, беделді, жұрт сеніміне ие лидерлер болуы қажет. Екінші мәселе, егер заңның орындалуына мараторий жарияласақ, я болмаса мүлде заңның күшін жоятын болсақ, айналамыздың барлығын қымтап, шетелдіктерді жерімізге жолатпасақ, ол бізге экономикалық жағынан да, әлеуметтік тұрғыдан да тиімсіз. Мәселен,  ішкі фермерлердің, ауыл шаруашылығының жағдайы қалай болады? Ауыл шаруашылығында еңбек етіп, нәпақасын тауып отырған қаракөз бауырларымыздың жағдайы қалай болады? Жұмыссыздық мәселесін қалай шешеміз? Түптеп келгенде, мәселенің ең күрделі тұсы осы. Қазір біздің негізгі шикізат көздеріміздің барлығының құны төмендеп отыр, доллардың бағасы  шарықтады. Яғни, экономикалық кірістер азайды, қай саланы алсаңыз да сұраныс төмендеді, мұндай жағдайда жұмыссыздық мәселесі де өзектілене түсетіні айтпаса да түсінікті. Былайша айтқанда арқаны кеңге салатын уақыт өтті. Өкінішке қарай, өткен жылғы тамыздан бергі нақты статистика әлі қолымызда жоқ, дегенмен жағдай қазірдің өзінде белгілі болып отыр. Бізде бір жаман әдет, аудандық жерлерде статистиканы қалай бар, солай бермейді, қосып, үстемелеп, әсірелеп жазады. 5-10 пайыз емес, кейде 30-50 пайызға дейін қосып жазатындары бар. Көз бояушылыққа жол береді сөйтіп. Бізде қазір 8 миллионнан астам жұмыспен қамтылған азаматтарымыз болса, соның 2,4 миллионы өзін-өзі асырайтын азаматтар болып есептеледі, яғни олардың нақты жұмысы жоқ. Ал 3 миллионнан астам азаматтарымыз бизнесте. Олар да қазір барынша үнемдеуге көшті. Жұмысшыларын қысқарта бастады, шығындарын барынша азайтуда. Яғни, жұмыссыздық көбейіп келеді. Өзін-өзі асырап отыр делінетін халықтың жасыратын несі бар, ауылда аз ғана малы бар, соның сүтін, етін сатады, сосын ауыл арасында такси болады немесе базарға шығып азын-аулақ сауда жасайды. Бірақ бұл кәсіптерден де табыс азайды. Қазір отбасына кіретін табыс төмендеді, баға болса өсті, енді тұтынушылар қайтеді? Әрине, шығынын ықшамдап, үнемдеуге көшеді. Ең қажетті деген керек-жарақтарын ғана алып, одан артық-ауыс шығынға бармайды. Ендеше, бұрынғыдай емес, сауда-саттықтың, базардың жағдайы да мәз болмай тұр. Онда нәпақасын тауып жүрген өзін-өзі асырап жүр делінетін азаматтардың еңбек күшіне сұраныс өзінен-өзі төмендейді. Мәселен, батыс өңірлерде мұнай компанияларында еңбек етіп жүрген азаматтардың да жағдайы толғантпай қоймайды. Мұнай бағасы төмендеп, біздегі компаниялар шығындарын қысқартты. Сондықтан жұмыссыздық мәселесіне ерекше көңіл бөлуіміз керек. Дәл осы жұмыссыз қалған азаматтардың наразылығы бар. Ресми статистикада 5 пайыз жұмыссыз бар делінеді. Дәл қазір 2,4 миллионнан қаншасы жұмыссыз қалды, ол да ойланатын мәселе. Тағы бір  айта кететін жайт, Елбасының бастамасымен индустрияландыру жобасы қолға алына бастады. Оның да нәтижелері жоқ емес, 700 астам жоба іске қосылды. Бірақ осы уақытқа дейін біз мұнайға тәуелділіктен құтқаратын саланы қалыптастыра алған жоқпыз әлі. Меніңше, бізді қазіргі қысылтаяң кезден аман алып шығатын, экономикамызды өрістететін сала ауыл шаруашылығы. Осы саланы біз барынша дамытуымыз керек. Оған барлық жағдайымыз бар, мүмкіндігіміз жетеді. Жеріміз бар, қалада жұмыссыз жүрген азаматтарды ауылға қайтарып, «базар жағаламай,  өз жеріңде, еңбек ет, ауылды көтер, жерді игер» деу керек. Ол үшін соған қолайлы ахуал туғызуға тиіспіз. Қазір соның алғышарттары жасалып та жатыр.

Жерді қалай пайдаланып жатқанын, қандай пайда әкеліп тұрғанын қалай қадағалай аламыз? Ұсынатын механизмдеріңіз бар ма?

- Бұл жұмыстардың жариялы түрде болуын ұйымдастыруға болады. Мәселен, жердің электронды картасын жасауымыз керек. Егер біреу жерді тиімді пайдаланбаса, комиссия құрылып, ол жер қайтарылып, игере алатын, пайда әкелетін адамға берілу керек. Картада қай өңірде қанша жер бос, бос емесі кімнің иелігінде дегендей ақпараттың барлығы қамтылуы керек. Біз жақында ғана кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі өңірлік картаны таныстырдық. Аталған картада барлық кәсіпкердің тізімі бар. Қазір ақпарат заманы ғой. Жер жөніндегі картаны да солай жасап шығу керек деп ойлаймын. Тағы бір мәселе, біз ауыл шаруашылығын дамытудың, жоғарыда айтылған мәселелердің барлығын қамтитын мемлекеттік кешенді бағдарлама қабылдауымыз қажет. Ол бағдарлама бойынша, нақты, жүйелі жұмыстар атқарылуы тиіс. Қазір осы бағытта бірнеше ілкімді жоба іске асырылып та жатыр, мәселен, «Агробизнес 2020» деген бағдарлама бар. Жақсы бағдарлама, бірақ оны да жетілдіре түсу керек. Бүгінгі таңда Үкіметпен бірлесіп осы жұмысты жүзеге асырып жатырмыз. Аталған жобада халықты бизнес ағарту мәселесі де қамтылған. Осы бағыттағы жұмыстарды «Атамекен» өз міндетіне алған. Сонымен қатар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, 1 миллиардтан астам қаражат бөлініп, әр ауданда ауыл шаруашылығын, жаңа технологиялар тілін жетік білетін 5 маманнан ұстауға мүмкіндік алып отырмыз. Олар ауылда үйме-үй жүріп, ауыл азаматтарына жаңа технология тілін түсіндіретін, тиімді жолды көрсететін жұмыстар атқаратын болады. Міне, осындай жұмыстармен айналысатын әр ауданда орталықтар құрамыз. Қазір мыңдаған бизнес жобаларды жасап, соны ауыл азаматтарына қазақ тілінде бермекшіміз. Әрине, ол аз, ол теория ғана. Біз осы салада жүрген беделді, қолынан іс келетін іскер азаматтарды ауылға жіберіп, ауылдықтарды кәсіпке бейімдеуіміз керек. Олар өз білгендерін, тәжірибесін ауылдағы ағайынға үйретіп, жұмыссыз жүрген жастарды ауыл шаруашылығында еңбек етіп, табыс табуға бейімдеу керек. Сонда тепсе темір үзетін жігіттеріміз базар жағалап немесе біреуге жалшы болып жүрмейді. Жалпы, базарды тоқтатып, жаңа форматтағы саудаға көшкеніміз жөн деп ойлаймын. Қазір Ұлттық палата тарапынан кәсіби бағдар беретін лекторлар дайындап, аудан, ауыл-аймақта жұртшылыққа бағыт-бағдар беруге бейімдеуді қолға алғалы жатырмыз. Ұлттық палатаның құрылғанына көп уақыт бола қоймаса да, қазір жер-жерде 188 орталық аштық. Халық кәсіпкерлік бойынша әйтеуір, түрлі сұрақтармен бара алатын бір орталығы бар. Онда 2-3 адам болса да жұмыс істеп жатыр. Қазір осы жұмысты біз күшейте түсуіміз керек. Бүгінде кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттен түрлі мүмкіндіктер жасалып отыр. Оны халыққа дұрыс жеткізіп, ол мүмкіндіктерді қалай пайдалана алатынын жеткізудеміз. Қарапайым ауылдықтар қаржыға қолы жетпейтінін айтады. Яғни, кепілге қоятын мүлкі жоқ. Ауылдықтар үшін микронесие беру үшін біздің басшымыз Тимур Құлыбаев мырза 1 миллиард 200 миллион теңге өз ақшасынан бөлді. Жақында бірнеше облыста осы қаржыдан 4-6 пайызбен микронесиелер беріле бастайды. Қазір «Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 3 миллионға дейін қаржы беріледі. Бірақ бұл қаржы жетпейді. Бүгінге дейін осы бағдарлама арқылы 70 миллиард теңге берілген, оның 70 пайызына мал алынған екен. Бұл қаржы мөлшерін 15 миллионға дейін көтеруіміз керек. Орта есеппен 6 жылда осы 15 миллионды игеріп, үстемелеп алуға болады. Ауылдағы қожалықтар «несие алуға барсаң, қалалық жерден пәтер сұрайды кепілдікке» дейді бізге. Әрине, сұрайды, ол банкттерді де түсінуге болады. Ал біздің шағын несиелерді алу үшін ондай талап қойылмайды. Ауылда қандай үйің бар, соны кепілге қоясың да несие аласың, оның өзінде де ол тек моральдық тұрғыдан, яғни, жауапкершілік жүктеу үшін ғана шартқа енгізілген. Қазір біз осы Тимур Асқарұлы секілді басқа да қалталы бизнесмендерге осы жобаны қолдауға үндеу тастап отырмыз. Бірқатар ірі кәсіпкерлерден қолдау тауып та жатырмыз. Жалпы, жер бізге берілген аманат, оны біз барынша тиімді пайдаланып, келер ұрпақ үшін де маңызын жоғалтпай ұстауымыз керек. Біздің азаматтарымыз, келешекте біздің ұрпақтарымыз бақуатты тұруға әбден лайықты. Ол үшін әрбір азамат осы елге, жерге қандай еңбек сіңіре алады, соны ойлануы керек. Қызбалыққа салынып, эмоцияға берілмеуіміз керек. Біз ақылды, әрі айлалы да ел бола білгеніміз жөн. Қазақта «Заманың қандай болса, бөркіңді солай ки» деген сөз бар емес пе?! Біз заманға сай бейіміделе өмір сүруіміз керек.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить