Бизнес саған айтам, қоғам – сен тыңда

Постковидтік кезеңде әлем қалай өзгермек?

Коронавирус әлі де әлем елдерін емін-еркін шарлап жүр. Бірқатар елдерде инфекцияға шалдығу көрсеткіші биыл көктемдегіден да асып түскен. Кей елдер коронавирустың екінші толқынымен күресіп әлек, ал Оңтүстік Корея билігі 20 қарашада ел астанасында коронавирус инфекциясының үшінші толқыны басталғанын мәлім етіп, дабыл қағуда.

Шынын айту керек, әлем жұрты мемлекеттер ұстанып отырған шектеу шараларынан, әлеуметтік қашықтықты сақтау талаптарынан, белгісіздік жағдайынан әбден қажып, шаршап отыр. Көптеген елдерде халықтың кірісі де, табысы да әжептәуір төмендеп кеткен. 2021 жыл қарсаңында бизнестің көңілінде үміттен гөрі күдік басым. Олай болса, болашақтан біз не күтеміз? Бизнес барысын қалайша өзгерткен дұрыс? Пандемиядан кейінгі жағдай қалай өзгермек? Бизнестің көкейіндегі осы және өзге де сауалдардың жауабына McKinsey & Company сарапшылары жауап беруге тырысқан.

Әрине, бүгінгі таңда кәсіпкерлердің басым көпшілігі күнкөріс қамын ойлап алаңдаулы. Алдағы жағдайға болжам жасап, жоспар құру тіпті де оңай емес. Бірақ – ертеңгі күні табысқа кенелу үшін, бүгіннен бастап қамдалу керек.

Сарапшылардың пікірінше, пандемия басталғаннан бергі кезеңде әлем халқы елеулі қадам жасап, көптеген қиындықтарды еңсере алды. Адамзат коронавирус жайында да, өзі туралы да біраз жаңалықты қайта қарап, өзін-өзі қайта тани бастады. Олай болса, COVID-19 аясында туындаған белгісіздік кезеңі таяу арада сейіліп, оптимистік нышан белең алуы тиіс. Экономика да жаңаша дамып, жаңаша нәтиже бере бастайды: 2020 жылдың 3-тоқсанында әлемдік ІЖӨ қалыпқа келе бастағаны байқалған.

Білім – қазына

Әрине, дертке шалдыққандар көрсеткіші бірқатар елдерде әлі де жоғары, оның ішінде, мысалға, Бразилия, Үндістан, Ұлыбритания және Құрама Штаттарды айтуға болады. Франция, Оңтүстік Корея, Испания, Жаңа Зеландия – коронавирустың жаңа толқыны басталды деп мәлім етуде. Алайда McKinsey сарапшылары, егер байыппен қарасақ, биыл күздегі коронавирус сергелдеңін – наурыз бен сәуірдегі, яғни COVID-19 ойламаған жерден бас салған бірінші толқынмен салыстыруға келмейді деп отыр.

Біріншіден, көптеген елдер инфекцияның таралуына кедергі келтіруі тиіс шектеу шараларын дер кезінде қолдана білді. Бетперде тағу, әлеуметтік қашықтықты ұстану, жеке гигиенаны қатаң сақтау – мұндай шаралар коронавирустың екпінін шынында да басып тастады деуге толық негіз бар.

Екіншіден, дамыған елдерде халық арасында жаппай тест жүргізу шаралары қолға алынды. Ал көктемде, әсіресе, наурыз айында мұндай мүмкіндік болған жоқ, сол себепті де COVID-19 дертіне шалдыққандардың елеулі бөлігін есепке алу мүмкін болмады.

Үшіншіден, бірқатар елдердің үкіметтері, халықтың ең осал, ең әлсіз топтарын қорғауды үйреніп, тиісті шаралар қолдана бастады. Осының нәтижесінде коронавирусқа шалдыққандардың орташа жасы айтарлықтай төмендеп, денсаулық сақтау жүйесіне түскен қысым, ептеп болса да жеңілдеді.

Төртіншіден, науқастарды емдеу тәсілдері шынында да тиімді нәтиже бере бастады. Дәрігерлер дәрі-дәрмектің мейлінше оңтайлы комбинацияларын іздеп тауып, көктемгі әбігерден сабақ алғандарын мойындап отыр. Ауруханаға жатқызуды қажет ететін науқастардың арасында өлім-жітім көрсеткіші едәуір төмендеген: кей елдерде 50%-дан астам.

Әрине, McKinsey сарапшылары, локдаун жағдайының қайталану мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бірақ бұл арада да әлем жұрты біраз нәрсені үйреніп, сабақ алғаны мәлім. Бүгінде коронавирустың таралуына нақты қандай шаралар шектеу болатыны белгілі. Қалың жұртшылық та бұған өзі көз жеткізген. Олай болса, кең ауқымды локдаунның орнына бірқатар мақсатты шараларды қолға алған дұрыс болады, дейді McKinsey сарапшылары.

Болашаққа үш тілек

«Тығырықтан шығар жол жоқ емес – бар, іздеген ел – табады» деген McKinsey & Company сарапшылары, дағдарыстан біртіндеп шығу үшін бизнесмендер мен топ-менеджерлер не істей алады деген сұраққа үш жауап ұсынады.

1. 2021 жылға үмітпен қарап, оптимизмге жол ашыңыз. Болжамдардың бірқатары 2020 жылмен салыстырғанда 2021 жыл көптеген бизнес үшін табысты болады дегенге саяды. Бизнес атаулы түгелдей дағдарысты еңсеріп кетпесе де, жұмыс өнімділігі едәуір артады. Бұған – коронавирус ықпал еткен цифрлық төңкерістің арқасында мүмкін болған шығындардың төмендеуі септік етпек. Бүгінгі белгісіздік жағдайы қалай сейіледі (ал бұл біз ойлағаннан да бұрын орын алуы мүмкін), әлемдік экономика да бірден қарқындап дами бастайды. Олай болса, болашаққа сеніммен қарап, жайнақы көңілге дес беруге барлық негіз бар, деп түйіндейді McKinsey сарапшылары.

2. 2022 жылдың жоспарын жасауға бүгіннен бастап кірісіңіз. 2021 жылы жағдай біртіндеп қалыпқа келе бастайды, бірақ бұл – алдағы жылы оңай болады деген сөз емес. Таяу арада жағдайдың қалайша дамитынын дәл қазір болжауға келмейді. Бірқатар компаниялар коронадағдарыс салдарындағы кем-кетігін жамап, көптеген мәселенің шешімін іздеуге кіріседі. Кей компаниялар цифрландыру барысын әрі қарай жеделдетіп, биылғы жүктелген міндеттемелерін орындай бастайды. Бизнес әлемі қалай өзгеруі мүмкін, сіздің бизнесіңіз қаншалықты өзгерді және әрі қарай не істеу керек? 2021 жылы бұл сұрақтарға нақты жауап ала аласыз. Алдағы Сиыр жылын өтпелі кезең деп қабылдаңыз. Одан кейін болжау мүмкіндігі мейлінше ыңғайлы кезең орнайды, дейді McKinsey сарапшылары.

3. Болашаққа негізделген бастамаларды бүгіннен бастап қолға алыңыз. Дағдарыс кезеңінде өзгелердің алдын орай білген жүйріктер ғана аяғынан тік тұра алады. Коронавирустан кейінгі әлемде бизнес әлеуетін қалайша ашып, нығайтқан дұрыс? Өз бизнесіңіз бойынша осы сұрақтың жауабын іздеп көріңіз. Бизнес барысын түбегейлі өзгертіп, ресурстарды қайта бөліңіз, инвестицияны тек негізгі трендтерге бағыттаңыз, цифрландыру барысын жеделдетіңіз. Болашақ әлем бүгінгіден де жылдам, екпінді әрі оның бәсекелік қабілеті жоғары болады. Соған бүгіннен бастап дайындалып, бейімделе беріңіз, деп кеңес береді McKinsey сарапшылары.

Жаппай қайта құру

2021 жыл – бизнес әлемін барынша түрлендіріп, өзгертеді деген сенімде McKinsey сарапшылары. Алдағы жылы компанияларға жаңаша құрылып, жаңаша дамуға бірегей мүмкіндіктер туындайды: таяудағы он жылда табысқа кенеліп, жетістікке жету үшін, сол мүмкіндіктерді жіберіп алмауды ескеруі керек. Бұл үшін өзіңізге: «Мен қолымдағы ақшаны, бойымдағы жігерді тиісті бағытта жұмсай алдым ба?» деп сауалдап, ашық жауап беріңіз.

Иә, коронавирус миллиондаған адамдардың сағын сындырып, шаңырағын күңірентті, бірақ ол бәрібір біздің арамызда мәңгі бақи тұрақтап қалмайды. Ал ковид дертінен арамызды тазартып, келбетін жаңартқан әлемде сіздің бизнеске орын табыла ма? Ойланыңыз, деп ескертеді McKinsey сарапшылары.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
1744 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
11 апреля родились
Именинников сегодня нет
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить