Бизнес пен саясат арасында қоғам бар

5767

Марғұлан Сейсембай жақында Украинадағы «Қарапайым шешімдер мен нәтижелер кеңсесінің» төрағасы Михаил Саакашвилимен серіктес қатынас орнатқанын мәлім етті. Танымал кәсіпкер бұл елде реформалардың тиімділігін арттырумен айналысатын болады

ФОТО: Марғұлан Сейсембайдың мұрағаты

Бизнесте 30 жылдан астам тәжірибесі бар Марғұлан Сейсембай бүгінде өз өмірін қоғамдық жұмыстарға арнағанды жөн көрген. Қоғамдық жұмысты ол үкіметке қатысы бар және қатысы жоқ деп екіге бөледі.

Биылғы жылдың қыркүйек айында Қазақстандағы танымал кәсіпкер Марғұлан Сейсембай Украинадағы «Қарапайым шешімдер мен нәтижелер кеңсесінің» төрағасы Михаил Саакашвилимен серіктес қатынас орнатқанын мәлім етті. Кәсіпкердің айтуынша, бұл мекеменің міндеті Украина үкіметінің қарауына ел ішінде жүзеге асуы тиіс реформалар тізімін ұсынып, соған сәйкес заң жобаларын әзірлеу. Аталған кеңсенің серіктесі ретінде Марғұлан Сейсембайға реформалар мен заң жобаларын қамтамасыз ету процесінің тиімділігін арттыру, заң жобасын қабылдау жүйесі мен барысын оңтайландыру тұрғысында жауапкершілік жүктелген. Сонымен қатар, кеңсенің барлық халықаралық қызметіне бақылау да қазақ кәсіпкерінің құзырына берілген.

«Мен үшін бұл – реформалар жүргізу барысына тікелей қатысып, тәжірибе жинақтауда қызықты да мәртебелі ынтымақтастық, – дейді кәсіпкер. – Реформаларды жүзеге асырудың ішкі механизмдерін өз көзіммен көріп, танысқым келеді. Сол сияқты, украин әріптестеріммен  Қарапайым шешімдер кеңсесінің халықаралық қызметін, әсіресе, ТМД аясындағы байланыстарды дамыту туралы біраз оймен бөлістім. Бірақ мен жалдамалы жұмысқа қызықпайтын адаммын, содан да Михаил маған украин кеңсесімен серіктестік негізде жұмыс істеуді ұсынды».

Михаил Саакашвили Украинада Реформалардың ұлттық кеңесіне сайланған соң, бұл кеңес аясында «Қарапайым шешімдер мен нәтижелер» деп аталатын жаңа орган бой түзеді. Биыл 3 маусымда украин елінде осындай атаумен қоғамдық ұйым негізі де қаланды.

«Әу баста Украинада Рада реформ деген арнайы орган құрылды, оның құрамында ел президенті, премьер-министр, парламент басшысы, парламенттегі фракциялардың басшылары бар. Михаил Саакашвили осы органның төрағасы ретінде олардың назарына ел ішіне қажет реформаларды талқыға ұсынады. Егер орган бұл ұсыныстарды мақұлдап жатса, «Қарапайым шешімдер мен нәтижелер» кеңсесі оларды заң жобасы ретінде әзірлеп, орган мүшелерінің қарауына, билік тармақтарына, парламентке қайтадан ұсынады. Былайша айтқанда, Рада реформ органы реформа ұсынушы генератор іспетті де, оларды сомдап, әзірлеуші Қарапайым шешімдер кеңсесі. Ал ұсынылған жобаларды талқылап, бекіту, әрине, парламенттің құзырында», – деп түсіндіреді Украинадағы серіктестерінің жұмысын Марғұлан Сейсембай.

Қазақ кәсіпкеріне аты шулы грузин және украин саясаткерімен серіктестік орнатуға не түрткі болды? Марғұлан Сейсембайдың айтуынша, ол Саакашвилидің жемқорлықпен күрес жолындағы бұған дейінгі қадамдарымен жақсы таныс. «Мен адамдарды олардың пиғылына және жұмыс нәтижесіне қарап бағалаймын. Михаил өзін жемқорлықпен күрескер ретінде таныта білді және де осы тұрғыда ол Грузияда барынша нәтижелі жұмыс жүргізе алды. Маған онымен серіктес болу шынында да қызықты»,  – дейді ол.

Марғұлан Сейсембай Саакашвилимен әлеуметтік желідегі онлайн-трансляция барысында танысқан. «Менің сөзімді тыңдаған ол, артынан өзі хабарласып, Киевке шақырды. Әрине, пандемия аясында Украинаға бірден жол тарту мүмкін болмады, бірақ біздің елдер арасында әуе қатынасы ашылған бойда, мен дереу Киевке ұштым», – деп әңгімелейді кәсіпкер.

Киевтегі кездесулері аясында Марғұлан Сейсембай Жоғарғы рада депутаттарымен бюрократия мәселелерін талқыға салғанын айтады. Оның пікірінше, Украинада бюрокартия «өте қатты дамыған», әсіресе, заң қабылдау барысында. «Заң қабылданғанша 351 күн өтеді екен, сол кезеңде заң жобасын қараушы әр деңгейдегі тармақ сатылары оны біресе әрі, біресе бері итеріп, уақыт өткізіп алады. Бұл заң жобасының сапасын талқылап, оған тиісті өзгерістер енгізу қажеттілігімен түсіндіріледі. Іштей қарағанда өздеріне білінбейді, ал сырт көз сыншыл – бірден таниды. Мен турасын айттым: бұл тірлік реформа жүргізуге кедергі келтіреді деп. Әрине, реформа сапалы болуы тиіс, бірақ заң жобасына бір жыл бойы өзгеріс енгізумен отырғанда, оның өзектілігі, мәнділігі жойылып кетпесіне кім кепіл? Әсіресе бүгінгідей дағдарыс кезеңдерінде. Бұлай жалғаса берсе, халық күткен реформа жүзеге аспайды, ал жаңа билікке үміт артқан украин халқына қазір нақты нәтиже керек», – дейді ол.

ФОТО: Марғұлан Сейсембайдың мұрағаты

Айтқандай, қазақ кәсіпкерімен танысқан Михаил Саакашвили ол жайында әлеуметтік желіде «инвестициялық бизнесте аты аңызға айналған адам» деп жазды. Украиндық Қарапайым шешімдер кеңсесі кәсіпкерден инвестиция күтпейтін шығар? Марғұлан Сейсембай бұл тұрғыда «Кеңсе жеке тұлғалардың донорлық көмегі негізінде қаржыландырылатын орган» деп отыр. Аталған кеңсенің ресми сайтында ұйымға қаражат құйған адамдардың аты-жөні анық көрсетілген. «Бұл коммерциялық мекеме емес, ол қаржылай пайдаға негізделмеген. Кеңсеге донорлар қаржылық қолдау көрсетеді және де олардың қаражаты туралы барлық мәлімет кеңсе сайтында жария етілген: түскен ақша қайда кетіп жатқаны да. Саакашвилимен де, кеңсе өкілдерімен де инвестиция туралы еш әңгіме болған жоқ. Мен бұл жобаға бизнесмен ретінде емес, қоғамдық қайраткер ретінде қызығып отырмын», – дейді Марғұлан Сейсембай.

Украиндық кеңсенің Қазақстан үшін мән-мағынасы туралы кәсіпкер: «Бұл ұйымның біздің елге еш қатысы жоқ. Тек реформаларды жүзеге асыру барысында солардың тәжірибесін елеп-ескеру мүмкіндігін ғана мысал ете аламын. Пандемия салдарында қазір бүкіл әлем жұрты турбуленттілік, белгісіздік, жаңашылдық, күрделілік дегендей мәселелер аясында ойланып, бизнестің, қоғамның, мемлекеттің барлық салаларындағы жаһандық ойын ережелерін  жаңартуға мүдделілік танытуда. Яғни, алдағы уақытта адамзат жаңа талпыныстарға, жаңа ұсыныстарға бейімделіп, дамуы қажет. Осынау ұлы көштен Қазақстан да қалыс қалмайды деген үміттемін», – дейді Марғұлан Сейсембай.

Бизнесте 30 жылдан астам тәжірибесі бар Марғұлан Сейсембай бүгінде өз өмірін қоғамдық жұмыстарға арнағанды жөн көрген. Қоғамдық жұмысты ол үкіметке қатысы бар және қатысы жоқ деп екіге бөледі. Әйтсе де қоғамдық жұмыстың негізгі бағытының бірі – мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін, нәтижелігін арттыру деп есептейді. «Мен үшін қай салада болса да, мейлі бизнесте, мейлік қоғамдық жұмыс аясында, ең бастысы, кез келген үдерістің нәтижелігін, тиімділігін арттыру өте маңызды», – дейді ол.

Кәсіпкер, мемлекеттік қызметтің тиімділік көрсеткішіне баға беріп, мемлекет жұмысының нәтижелігін арттыруға, ресми органдардың қызметін жандандырып, ынталандыруға қоғам өзі де зор үлес қоса алады деп есептейді. «Мен осы тұрғыда біздегі жағдайды да, Украинадағы жағдайды да зерттеп, талдамақ ойым бар. Айталық, кайдзен құралдарын, яғни үнемдеу өндірісі технологияларын мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында қолданса қандай нәтиже береді? Мен, міне, осындай мәселелерге шындап қызығып, алаңдап жүрмін», – дейді кәсіпкер.

ФОТО: Марғұлан Сейсембайдың мұрағаты

Марғұлан Сейсембай Қарапайым шешімдер кеңсесі жұмысының тиімділігін арттыру тұрғысында украиндық серіктестеріне де кайдзен-технологияларды енгізуді ұсынған. «Байқауымша, бүгінде Украинада да, бізде де, мемлекеттік органдардың өзара серіктестік, әріптестік қатынастары дұрыс деңгейде дамып жатқан жоқ. Айталық, бизнеспен салыстырғанда, билік орындары қолданып отырған қазіргі тетік-құралдар мүлдем тиімсіз. Kaizen – жапон тілінен аударғанда ұдайы жетілдіру процесі дегенге келеді. Егер біз осы құралдар кешенін үкімет жүйесіне енгізе алсақ, бұл қоғам үшін елеулі пайда әкелері сөзсіз», - деген кәсіпкер, мұндай мақсат Украинаға ғана қатысты емес, біздің елде де іске асып жатса, нұр үстіне нұр деп отыр.

Марғұлан Сейсембай биыл көктемде пандемия салдарынан өз еншісіндегі бірқатар бизнес ошақтарын жабуға тура келгенін мәлім етті. «Бұлардың бірқатары қалыптасқан жағдайға орай уақытша жабылды, сәті келгенде қайта жандандыра аламыз деген сенімдемін. Ал кей бағыттарды біржолата жабуға тура келді, мысалы, балық өндіру зауытын, өйткені сұраныс мүлдем құлдырап кетті. Жалпылай алғанда, мен қолға алған бизнестің 25%-ы пандемия салдарында туындаған дағдарыс екпінін анық сезінді. Қазіргі жағдайға сай айтсам, өз бизнесімнің 15%-ын мүлдем, 10%-ын уақытша жаптым. Қалған 75%-ға үміт артып отырмыз, бұл бағыттардың күш-қуаты жақсы», – дейді ол.  Кәсіпкердің Қазақстандағы бизнесі аясында бүгін шамамен 3,5 мыңдай адам жұмыспен қамтылған.

Айтқандай, пандемия жария етілген тұста Марғұлан Сейсембай отандық шағын және орта бизнестің кем дегенде 30–40%-ы банкротқа ұшырауы ықтимал деп болжаған болатын. «Ең алдымен, қызмет көрсету саласы тұралап қалады, мысалға мейрамханалар, демалыс орындары, ойын-сауық, спортпен шұғылдану орталықтары деген сияқты. Пандемия салдарын біз жақын арада жоя алмаймыз. Бұл індет дүние жүзі нарықтарын шарлап кетті, егер ертең АҚШ-та құнды қағаздар нарығы күйзеліске ұшырап жатса, онда әлем бойынша ақша тапшылығы көрініс береді. Ал бұл кімге болса да оңай соқпайды», – деп ескертеді Марғұлан Сейсембай.

Ол, сондай-ақ ел ішін үнемшіл болуға шақырады. «Қаражат санауды үйренген дұрыс, үстемелеп артық шығын жасаудан, дарақылықтан арылу керек. Бүгінгідей күйзеліс кезеңдерінде кім де болса борыш, қарыздарын жауып, артық қарыз, кредит, несие алудан аулақ болғаны жөн. Күйзеліс, дағдарыс айтып келмейтініне өзіміз куәміз. Мына індет бір күннің ішінде жер шарын дүрбелеңге салып, шыркөбелек етті. Үнемшіл болғанның еш сөкеті жоқ. Үнемшілдік ақшаға қатысты да, қоршаған орта мен ресурстарға қатысты да орын алуы тиіс. Ысырапқа жол бермеу философиясын сіңіріп өскен халық емес пе едік, олай болса, ата-баба өсиетін ескеретін кез келді. Үнемдей отырып, өзгеге қолдау көрсеттім, өзгемен бөлістім деген ұстанымды ескерген дұрыс», – деп ой бөліскен Марғұлан Сейсембай, бүгінгідей дағдарыс жағдайында үміттен арылмауды да ескертеді. «Қандай қиын кезең болса да, үміт үзбеу керек. Үміт жоқ жерде ел де, халық та, болашақ та жоқ», – дейді ол.

Елімізде коронавирус дүрбелеңі басталған тұста, Марғұлан Сейсембай өз үйін оңтүстік астанаға сырттан келген медицина қызметкерлеріне ұсынып, дәрігерлердің тұрмыстық шығынын жабуды да өз міндетіне алды. Ол, сондай-ақ жағдайы төмен отбасыларына, балаларға арнап «Ниет» қайырымдылық қорына ай сайын 5 млн-нан 10 млн теңгеге дейін аударып отырды. Өзге де бірқатар қайырымдылық қорларына қаражат бөліп, пандемия кезеңінде мұқтаж жандарға қолдау көрсету шаралыра елеулі үлес қосты. 

«Қазіргі таңда мені қоғам өмірін, ел өмірін қалай жақсартуға болады деген мәселе мазалауда. Мен саясатқа емес, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқанды жөн көрдім. Саясат ол – билік, билікке апарар жол. Ал мен билікке бармай-ақ қоғамның, ұлттың, халықтың дамуына үлес қоса алсам, мен үшін сол – абырой, мәртебе болар еді», – дейді кәсіпкер Марғұлан Сейсембай.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить