Баспанаға сұраныс жоғары

12682

Тұрғын үй бағасы карантин кезінде де қымбат болған

ФОТО: © Shutterstock

Карантин кезіндегі шектеу шараларының әсерінен бе, биыл маусым айында Қазақстанда баспана сату және сатып алу бойынша келісімдер саны жыл басынан бері рекордтық деңгейге жетіпті: 32 мыңнан астам. Сарапшылардың пайымынша, баспанаға деген сұраныстың артуына көктемдегі карантин барысында нарықтың тұралап қалуы ықпал етсе керек. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл кезеңде де өсім көрсеткіші едәуір жоғары болған: 8,7%. Ал сәуірде (толық карантин кезеңі) келісім саны 5211-ді құраған, бұл алдыңғы наурыз айымен салыстырғанда 75,9% төмен көрсеткіш. Мамырда 17 мыңнан астам келісім тіркелген. Қаңтар және наурыз аралығында келісім саны әр айға шаққанда 21,5 мыңның үстіне шыққан.

Баспана нарығында, сондай-ақ жеке үй сатып алу көрсеткіші арта түскен. Егер жыл басында бұл сегменттің үлесі барлық келісімдердің 25%-ын құраған болса, маусымда 32%-дан асқан.

2020 жылдың маусымындағы көрсеткіштерге талдау жасағанда байқағанымыз, бірінші деңгейдегі нарықта баға соңғы 15  жылда рекордтық деңгейге жеткен: жаңа баспана бағасы орташа есеппен алғанда шаршы метріне 298,4 теңгеден келген. 2019 жылмен салыстырғанда бұл 1,7% жоғары көрсеткіш. Ал баспана құны ең қымбат деп танылған қалалардағы баға ерекшелігі төмендегідей: карантин кезінде Алматы мен Атырауда баға өзгермеген, Нұр-Сұлтан және Шымкентте 2019 жылмен салыстырғанда сәйкесінше 0,1% және 1,9% деңгейінде төмендеген.

Сарапшылардың айтуынша, 2007–2008 жылдардағы ипотекалық дағдарыс салдарында ел ішінде жаңадан салынған жылжымайтын мүлік бағасы орташа есеппен алғанда 15%-ға құлдыраған. Сол кездегі баға (2007 жылы – 161 мың теңге/шаршы метр) бес жылдан кейін, яғни 2012 жылы ғана қалыпқа келген (172 мың теңге/шаршы метр). Теңгемен алғанда Алматыдағы баға 2007 жылғы деңгейді тек 2019 жылы еңсере алған. Шымкент пен Атыраудағы ең жоғары баға көрсеткіші арада төрт жыл өткенде барып көрініс берген: 2015 жылы сәйкесінше 364 мың теңге/шаршы метр және 354 мың теңге/шаршы метр.

Баспана бағасын АҚШ долларымен есептесек, Қазақстан бойынша ең қымбат баға 2017 жылы орын алған (1317 АҚШ доллары/шаршы метр). Сарапшылардың айтуынша, содан бері нарық ішінде айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Бұған валюта нарығындағы отандық реформалар да өзіндік ықпал еткен, мысалға, жылжымайтын мүлік нарығының толықтай теңгеге көшуі деген сияқты.

Биыл, сондай-ақ жаңа баспананың теңге түріндегі бағасы өзінің шекті деңгейіне жеткен, есесіне АҚШ долларымен есептегенде, жоғарыда қарастырылған қалалардың бәрінде де сәуір айында баға едәуір төмен болған. Мысалға, Нұр-Сұлтанда баспана бағасы 2007 жылмен салыстырғанда 47%-ға төмендесе, Алматыда 70%-ға дейін құлдырап кеткен: шаршы метрге 2007 жылғы 2817 АҚШ долларынан – биыл 824 долларға дейін. Елордада доллар түріндегі ең жоғары баға көрсеткіші 2013 жылы тіркелген: 1708 АҚШ доллары/шаршы метр. Шымкент пен Атырауда доллар негізіндегі ең жоғары баға 2015 жылы орын алған: шаршы метрге сәйкесінше 1643 АҚШ доллары және 1594 АҚШ доллары.

Айтқандай, 2021 жылдан бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, ипотекалық кредиттерін өтеуге жұмсай алады. Бұл туралы президент Жолдауынан кейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жария етті. Әлбетте, баспана аламын деген азаматтың зейнетақы есепшотындағы жинағы «жеткілікті шектен» асуы тиіс. Ал «жеткілікті шек» – есепшотта қалуы тиіс ең төменгі сома. Оның есебі әркімнің жасына қарай белгіленеді. Министрліктің алдын ала есебінше, 20 жастағы азамат үшін «жеткілікті шек» – 1 млн 720 мың теңге болса, 59 жас және одан әрі қарай – 5 млн 586 мың теңге (төмендегі кестені қараңыз). Ескеретін жайт  – зейнетақы қорының салымшысы ай сайынғы жарнасын зейнет жасына шыққанға дейін тұрақты түрде аударып отыруы тиіс (кем дегенде ең төменгі жалақыдан).

Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 721 мың азамат зейнетақы қорындағы жинағының бір бөлігін мақсатты түрде пайдалана алады. Оның ішінде, мысалға, жер телімін сатып алуға; екінші деңгейдегі нарықтан үй алуға; ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға не өтеуге (екінші деңгейдегі кез келген банкте, кез келген бағдарлама бойынша); баспана салуға, жөндеуге не кеңейтуге.

Тұрғын үйге қатысты қарастырылуы ықтимал шектеудің бірі: зейнетақы қорынан алынған қаржыға сатып алынған үйді 5 жыл ішінде қайтадан сатып жіберуге болмайды дегенге саяды. Зейнетақы қорындағы қаражатты тұрғын үй мәселелерін шешуге жұмсау процесін қадағалайтын уәкілетті оператор – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Отбасы» банкі). Құжаттар туралы ережені Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі белгілейді.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить