Баспа нарығы бәсекеге қабілетті бола ала ма?

13360

Баспа бизнесі мемлекеттік тапсырыссыз өмір сүре ала ма?

ФОТО: © Данияр Асылбек

Еліміздегі кітап шығару, кітап тарату жүйесінің бүгінгі жағдайын сарапшылар әртүрлі бағалайды. Соңғы отыз жылда әсіресе оқырмандар үшін қазақ тіліндегі кітаптардың жетіспеушілігі күн тәртібінен түскен емес.

Бүгін еліміздегі кітап сөрелеріндегі басылымдардың басым көпшілігін ресейлік өнімдер құрайды. Оның себебін мамандар нарықтағы Ресей экспансиясынан гөрі ішкі нарықтың дамымай отырғандығымен, бәсекеге қабілетсіздігімен түсіндіреді. Кітап индустриясы кітап басу, сату, тұтынушыға жеткізу сияқты бір-бірімен тығыз сабақтасып жатқан күрделі жүйеден тұрады. Ал оның бәсекеге қабілетті болуы үшін осы жүйелердің әрқайсысына қолдау қажет екені анық.

Заманауи трендтегі баспа

Соңғы жылдары қазақша кітап шығаратын баспагерлердің қатары артып келеді. Еліміздің баспа нарығында шетелдік әдебиеттерді қазақша тәржімалап, қысқа мерзім ішінде 150-ден астам кітапты шығарып үлгерген Mazmundama баспа үйінің жұмысымен танысып қайтқанды жөн көрдік.

Қазақ әдебиетінен бастап, әлемдік классика, заманауи саммарилер, іскерлік әдебиеттер, жариялауға дайындалып жатқан түпнұсқалар, бума-бума жаңа кітапқа толы қойма іспетті баспа үйінің алғаш көргендегі әсеріміз осындай болды.

Құрылғанына төрт жыл толған Mazmundama баспасының оқырмандар аудиториясы қалыптасып үлгерді.

Негізі 2018 жылы қаланған Mazmundama қоры әлемдегі ең көп сатылған және көп оқылған әдебиеттерді қазақ тіліне аударып баса отырып, қазақ аудиториясына әлем әдебиетін ана тілінде оқуға мүмкіндік беру және кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды мақсат етті. Идея 2016 жыл Америкада бастау алды: оның авторы әрі қордың негізін қалаушы Шыңғыс Мұқан Гарвард университетінде оқып жүргенде ағылшын тіліндегі кітаптардың қазақша аудармаларының жоқ екенін байқап, «Оқуға тиіс 10 кітап» деген саммари кітаптардың сериясын қолға алды. Мысалы, «Көшбасшылық» деген саммариге осы тақырып жайлы үздік он кітапты оқып, мазмұнын жазып шықты. «Қазақша 100 бестселлер» атты екінші жобасы ең көп оқылған іскерлік әдебиетті қазақша сөйлетті. Баспа үйінің кітаптары 2019 жылдан жарық көре бастады.

ФОТО: © Данияр Асылбек

«Біз кітаптарды кәсіби деңгейде аударамыз, жеңіл оқылатындай тігісін жатқызып қайта жазып шығамыз, кітаптың мазмұны мен мұқабасының сапасына мән береміз, ал бағасын беретін оқырман. Соңғы уақытта қазақ тілді оқырмандар арасында іскерлік әдебиет, оның ішінде бизнес ашу және дамыту, тұлғалық даму, ақша табу секілді тақырыптар сұранысқа ие бола бастады. Сондай-ақ, бір тақырыптағы кітаптардың қысқаша мазмұны жақсы оқылады» дейді қордың жетекшісі Теңіз Сейілхан. Оның пікірінше, оқырман кітаптың соңына дейін оқи алмауы мүмкін. Сондықтан қысқа-нұсқа мазмұнды, ықшамды саммари кітаптар да жарыққа шықты. Бұл оқырманның қаражатын да, уақытын да үнемдеуге мүмкіндік береді.

Кітап шығаруды қолдайтын жаңа қадамдар қажет

Оқырманын әлемдік кітап өндірісінің озық үлгілерімен таныстыруда Mazmundama баспа үйінің ерекше әдіс-тәсілдері бар деуге негіз бар. Аударма ісінің машақатымен қатар мазмұнды, тартымды безендірілген кітап сапасына мән беру баспа стратегиясының ажырамас бөлігіне айналған. Mazmundama баспа үйі әлемдік бестселлерлерді қазақшаға аударуға маманданғандықтан, аударма сапасына тән талаптары бар. Мұнда тәржіманың «калькасыз», мәтіннің жатық, жеңіл оқылуы үшін бірнеше кезең қарастырылған. Аударылған түпнұсқаны бас редактор қабылдап алып, оны шығарушы редакторға береді. Одан бөлек, редактура және корректура өз алдына бөлек жұмыс. Егер аударманың сапасы редакторға ұнамаса, кері қайтарылады. Әбден тігісі жатқызылып, сапасы жақсарғанша баспаға жіберілмейді.

Mazmundama баспа үйі биыл жүзден аса кітап шығаруды мақсат етіп отырса, бүгінде оның 92-сі жарық көрген. Жүз кітаптың ішінде қазақ авторларының 35, ал шетел авторларының 34 кітабы жарыққа шықты. «Оқырманға қажетті мұндай кітаптарды рұқсатсыз шығара беруге болады» дейді Теңіз Сейілхан. Ал үшінші сегменттегі кітаптар сериясы іскерлік әдебиет, яғни нон-фикшн жанрынан 31 кітап құқықтық тұрғыдан рәсімделіп барып, жарық көрді. Теңіздің айтуынша, бұл ең қымбат сегмент саналады. Жүз кітапты басып шығаруға 550–600 млн теңге шамасында қаржы жұмсалды. Шығындардың елу пайызы сатылымнан жабылса, қалғаны демеушілер, корпоративті серіктестердің есебінен өтеледі. Әрине алғашқы 1–1,5 жылда сатылымның көп болмағаны анық. Тек демеушілердің қаржысына басылды. Ал қазір кітаптың атауы да, сатылым жағы да көбейіп келеді.

Mazmundama баспа үйінің жетекшісі кітап шығару ісінің қырсырымен бөлісіп қана қоймай, саланы дамытуда ескеретін маңыз-ды жайттарды атап өтті. Оқырман аудиториясына сараптама жүргізуден басталатын ауқымды шаруаның нәтижелі болуы білікті маман, кәсіби аударма, қомақты қаражатты қажет ететіні сөзсіз. Осы орайда баспагер баспа саласының табысты бизнес көзі еместігін алға тартты. «Кітап шығаруды бизнес дегеннен гөрі, бұл әлеуметтік ағартушылық іс деген дұрысырақ шығар. Алғашқы 10–15 жылда қомақты қаражат құюға тура келеді. Ал табыс көзі туралы қалың қазақ оқырманы қалыптасқан кезде сөз қозғауға болады», – дейді Теңіз Сейілхан.

ФОТО: © Данияр Асылбек

Кітаптың бағасын белгілеудегі маңызды фактордың бірі – авторлық құқық алу. Әлем классикасы, балалар және жасөспірімдер әдебиеті секілді public domain кітаптарды шығаруға авторлық құқық талап етілмейді. Бүгінде лицензия мәселесі бойынша қор 11 мемлекетпен жұмыс істейді. Осы орайда Mazmundama қорының қазақ тіліндегі контентті дамытумен ғана шектеліп қалмай, АҚШ, Канада, Испания, Ұлыбритания, Франция секілді елдердің үлкен баспаларымен байланыс орната отырып, елімізді әлемге танытып жатқанын да айта кеткен жөн. Лицензияны қазақша кітаптардың авторынан не мұрагерінен, ал шетелде баспалардан белгілі бір уақытқа алу қажет. Одан кейін 18 ай мерзімде кітапты аударып, басып шығаруға тура келеді. Егер кітап жақсы өтіп жатса, лицензиясы ұзартылады. Лицензияның бағасы тиражға, жылына және бағасына байланысты келеді. Орташа алғанда бір кітаптың лицензиясы шамамен 1,5–2 мың долларға шығады.

Mazmundama қорының бүгінгі жетістіктерінде кәсіби мамандардың еңбегі зор. Мықты сұрыпталған команда жұмысының нәтижесінде ауқымды жобалар жүзеге асуда. Мысалы, ұжымда жетпіс шақты адам жұмыс істесе, оның 18-і кеңседе, ал елу маман қашықтан жұмыс істейді. Ал бір кітапты шығаруға жеті маман қатысады. Орташа есеппен бір беттің аудармасы 2000–3000 теңгені құрайды. Баспа үйі мемлекеттік тапсырыспен кітап шығармайды, тек нарыққа жұмыс істейді. Теңіз Сейілхан атап өткендей, нарыққа жұмыс істеген баспалар құрдымға кетпейді, өміршең болады. Бірақ, мемлекеттік тапсырыстың болғаны қазақша контентті көбейтетін баспалардың көбеюіне ықпал етеді.

Баспалар үшін шикізат мәселесі өзекті

Бүгінде қазақстандық баспагерлер үшін шикізат мәселесі қат. Қағаз негізінен Ресейден тасымалданатындықтан, баспахана шығындары, кітап бағасы қымбаттай түседі. Теңіз мырза атап өткендей, соңғы уақытта баспахана шығыны 2,5 есеге дейін өскен. Мұның сыртында логистикалық, кедендік шығындар бар. Ал бұған дейін ең сапалы қағаздар Ресей арқылы Финляндиядан да жеткізілетін. Қазіргі геосаяси жағдайларға байланысты баспагерлер амалсыз ресейлік өнімдерді ғана тұтынуға мәжбүр. Сапасы жағынан бұл өнімдер Финляндиядан тасымалданатын қағаздан әлдеқайда төмен. Бірақ соған қарамастан, аталған баспадан шығатын өнімдердің бағасы қолжетімді. Ал баспа шығындарын азайту үшін Ресейде немесе Түркияда басу жағы да қарастырылған. Қазіргі кезде Қытай нарығы зерттелуде.

«Бәсекелестеріміздің көп болғаны жақсы. Сондықтан нарықта Mazmundama сияқты жүздеген жоба керек. Баспалардың көбейгені бізге де жақсы, елге де пайдалы. Мемлекет ІТ-секторды дамыту үшін Astana Hub-ты ашып, резиденттеріне салықтық жеңілдіктер берді. Сол секілді қазақ тіліндегі контентті дамыту үшін баспагерлерге салықтық жеңілдік қарастыруға болады. Себебі ағартушылық оңай сала емес, әрі оған артылатын жауапкершілік жүгі де ауыр», – дейді қор директоры.

ФОТО: © Данияр Асылбек

2025 жылға дейін кітап атауын мыңға жеткізуді, яғни жылына 200-ден астам кітап шығаруды жоспарлап отырған баспа мамандары болашақта қазақ балаларына сапалы кітап ұсынудың жан-жақты жолдарын іздестіруді мақсат етіп отыр. Мысалы, өткен жылдың соңына қарай жарық көрген Морган Хаузелдің «Ақша психологиясы» деген кітабы жылдық сатылым бойынша үздік бестікке кірді. Одан бөлек Ник Вуйчичтің «Өмірге шектеу жоқ», Уолтер Айзексонның «Стив Джобс» кітаптары да табысты сатылған туындылар қатарында. Айта кететін басты мәселе, кітап түпнұсқа тілден қазақ тіліне бірінші болып аударылған. Джеймс Клирдің «Атом әдеттер» кітабын да оқырман жақсы қабылдады.

Бүгін елімізде кітап шығару, тарату, насихаттауды қолдау бағытында кітап жәрмеңкелері, кітаптың тұсаукесерлері өтіп тұрады. Бірақ мұнымен саланың дамуын қамтамасыз ету жеткіліксіз. Оның өзінде тек ірі қалаларда ғана ұйымдастырылады. Аудандарда, өңірлерде ондай шаралар өтпейді. Теңіз Сейілханның айтуынша, елімізде оқырмандар қауымдастығы енді-енді дамып келеді. Осы кезге дейін оқырман әлемдік деңгейдегі кітаптарды, шетел әдебиетін орыс тілінде оқып үйренген. Әлі күнге дейін кітап оқу мәдениеті қалыптаспаған ортада кітап оқуды насихаттау аса маңызды.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить