Баға жетпес құндылық: «Қазақ рухы» көрмесінің қаржы орталығына қойылуының мәні неде?

24592

Туындылардың авторы кім, олар кімдердің коллекциясында?

Бұл туралы Forbes.кz тілшісіне сұхбат берген танымал коллекционер Гэйвин Критчмар және АХҚО-ның Басқарушы директоры Айдар Қазыбаев айтып берді.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының ғимаратына келгендердің назары ең алдымен онда қойылған ерекше көрмеге ауары сөзсіз. Себебі, көз тартар өнер туындылары, шебер орындалған керемет картиналар кез келгенді өзіне қарай баурап әкетеді. «Қазақ рухы» аталатын көрме 12 тақырыптық жұмысқа бөлінген. Қылқалам шебері Тимур Дайырбаевтың қолынан шыққан топтамадан тарихы мен мәдениеті көне сақ дәуірінен бастау алған қазақ халқының болмысы мен бейнесін көруге болады. Әр картина бір-бірімен өзара байланысты монументалды көркем туынды болып табылады. «Қазақ рухы» атты өнер туындыларының «Астана» Халықаралық қаржы орталығына қойылуының өзіндік мәні бар. АХҚО-ның Басқарушы директоры Айдар Қазыбаевтың айтуынша бейнелеу өнері көрмесінің осында ұйымдастырылуы қаржы орталығының мәдени құндылықтарға бейжай қарамайтынын көрсетеді. Бір айта кетері қазақтың өткенін өзара өрнектеген өнер туындылары арнайы тапсырыспен салынған және олар қазір жеке коллекцияда.

- АХҚО инвестиция, қаржы саласымен қатар тың тенденцияға аса мән береді. Қазір креативті экономика деген жаңа түсінік қалыптасып келеді. Бұл дегеніңіз заманауи формат пен ұлттық құндылықтардың қатар жүруі. Көптеген Халықаралық қаржы орталықтарында осындай галереяларды көреміз. Мәселен Дубай мен Шанхайдағы орталықтарда бірнеше қабатқа жайғасқан көрме залдары бар. Бұл өз кезінде елдің мәдениетімен, тарихымен танысуға мүмкіндік береді. Біздің де мақсатымыз өнеріміз арқылы еліміздің мыңжылдық тарихы мен мәдениетін көрсету. Сол үшін де айтулы туындыларды көрмеге қоямыз. «Қазақ рухы» 12 тақырыпқа бөлінген, топтамалық коллекцияны отандық суретшіге шетелдік инвестор әрі танымал коллекционер Гэйвин Критчмар (Gavin Kretzhmar) мен Альпер Акдениз (Alper Akdeniz) арнайы тапсырыспен жаздырған. Осы 12 монументалды көркем туындыда көне дәуірден бастап қазақ хандығының Ресей және Қытаймен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына дейін суреттелген- деді Айдар Қазыбаев.

 

Енді топтаманың мәні мен мазмұнына үңілсек. Суретші ең бірінші, «Қазақ рухы» аталатын туынды қазақтың кең даласын суреттейді. Ежелгі Тамғалы петроглифтерін профиль стилінде бейнелеген картинадан Орталық Азия әйелдерінің аңызға айналған рухы мен сұлулығын, сонымен қатар оның көшпелі халқының еркін рухы көрсетілген. Бұл жерде суретші әйгілі Томирис бейнесін Орталық Азия стилінде көрсетпекші болған. Бізге осы бір серияға тапсырыс берген британиялық инвесторлардың бірі Гэйвин Критчмармен сұхбаттасудың сәті түсті.

- Сериядағы № 1 сурет «Қазақ рухы» деп аталады. Бүкіл серия тамаша қалықтаған қазақ рухының құрметіне орай аталған. Алегориялық тұрғыда бейнеленген бұл жұмыста қазақтың әдемі аруы дала қыраны ретінде суреттелген. Қазақстанның тәуелсіз рухын бейнелейтін ұлттық тудың символы істеттес. Әрине, бірінші суреттегі әйел бейнесі сөзсіз, шедевр болып табылады. Оны Батыста кез келген туындымен қатар қоюға болады-дейді инвестор.

Ал «Қазақтың аңшы әйелі» атты кезекті картинадан қазақ әйелінің батыл да қайсар болмысын байқаймыз. Ал үшінші суретте Алтын Орда батырының бейнесін көрсек, төртінші картинада Қазақ хандығының негізін қалаушы Керей хан мен Жәнібек ханның бейнесі суреттелген. «Хандықтың ағайындары» тақырыбы болса олардың жауға қарсы қалай күрескенін, олардың ауызбіршілігін, сол кездегі қазақ даласының мәдениетін паш етеді, еркіндікке деген ұмтылысы қыран бүркіт арқылы жеткізілген. Осылайша топтамадағы еңбектер өзара сюжеттік бірізділікпен байланыса келе, Қазақстанның алыс-жақын елдермен дипломатиялық қарым-қатынасын көрсететін «Мәңгі көршілер» атты туындымен түйінделеді.

- Біз Ұлыбритания, Франция және Италия графтықтары сияқты, осы бір бірегей тарих өнер арқылы баяндалуы керек деп шештік және оны терең сезіндік, сондықтан біз шебердің «голландтық» техникасы пайдаланылған осы бір керемет 12 туындыға демеушілік жасадық. Біз үшін бұған классикалық тұрғыда дайын болған қазақтың шебер-суретшісімен жұмыс істеу маңызды болды. Мен мұнда 7 жыл керемет өмір сүрдім, мен және менің «Қазақ рухы» сериясы бойынша серіктесім Қазақстанды жақсы көреміз. Менің әйелім-қазақ, ұлым-қазақ. Мен Лондон экономика мектебінің және Қазақстандағы лондондық университетің қос диплом бағдарламасының профессоры және деканы болып табыламын. Альпер Акдениз «Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, Тәуелсіз директор болып істейді. Сондықтан да, біз екеуміз мемлекетке өз үлесімізді қосқымыз келді. Бір күні кешкі аста біз ұзақ әңгімелестік, менің ойымша, біз үшін Қазақстан тарихына өнер арқылы жетекшілік ететін суретші табылды-дейді Критчмар.

«Дала дипоматиясы-Қасым хан». Бұл картинаның мазмұны мен мәнінде ерекшелік бар. Себебі, қылқалам шебері бұл көркем туындыны сол кезеңдегі куәгерлердің жазбаша дереккөздеріне сүйене отырып салған.

- Ал, № 6 сурет Қасым хан патшалығы кезінде әйгілі болған дипломатияның тамаша бейнесі болып табылады. Ол тұрақтылық үшін астындағы сәйгүлігін сыйға тартып, дипоматия арқылы оны аймақтағы бейбітшілікке айырбастады. Алғаш кенеп бетіне түскен дипломатия болғандықтан, ол өзінің жеке кескіндемесіне лайық деуге толық негіз бар-дейді Гэйвин Критчмар.

Ал «Жібек Жолындағы Жазира» картинасындағы атты күзетшілер мен ондағы биік қорған сауда жолына ерекше мән берілгенін және оның жақсы қорғалғанынан хабар береді. Қазіргі кезде Қазақстан мен Қытай осы бір тарихи бағытты қайта жандандырып, арадағы сауданы заман талабына сай қайта жаңғыртуда.

- Өнер, оның ішінде кескіндеу өнері, майлы бояумен кенепке бейнелеу ұлттар үшін өз тарихын баяндап, оны әлемге көркем түрде жеткізудің классикалық және ертеден қалыптасқан ең әдемі түрі болып табылады. «Қазақ рухы» сериясы -қазақтың таңғажайып тарихын бейнелейді. Әр халықтың кескіндеу өнерін айқындайтын өз дәуірі бар. Ренессанс стиліндегі Франция үшін бұл Мона Лиза, қазіргі Испания үшін-Пикассо. «Қазақ рухы» сериясы қазақ елі тәуелсіздігінің эволюциясы туралы әңгімелейді. Жобаны жүзеге асыруға 4 жыл уақыт кетті. Туындылар қазақ суретшісі және екі британдық демеуші, доктор Гэйвин Критчмар мен Альпер Акдениздің Қазақстанға деген ерекше махаббаты арқылы орындалған- деді колекционерлердің бірі Гэйвин Критчмар.

«Көкпар-қазақтың жауынгерлік рухы» атты еңбектен ертедегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың нышанын аңғаруға болады. Яғни, Қасым хан бейбітшілікті орнатқаннан кейін сауда-саттық пен елдің дамуын қамтамасыз ету мақсатында дала мен сауда жолдарын қорғау үшін қазақ жауынгерлерін оқыту және жаттықтыру керек болды. Қазақ халқы осы мақсатқа қол жеткізу үшін «Көкпар» ойынын дамытты және осы кезде ойын шарттары енгізілген. Көкпар ойыны қазірге дейін шоқтығы биік ұлттық спорт түрінің бірі саналады. Жалпы алғанда, бұл жұмыстан өжет елдің ұрпағын, қазақ халқының берілмес рухын, ұлы далаға қорған болған жігіттердің сан ғасыр бойы қалай шыңдалғанын байқай аламыз.

- Қазақстанның таңғажайып тарихы бар, бірақ ел көшпелі мәдениетке байланысты көптеген құнды жәдігерлерден айырылып қалды, біз оны коллекционер ретінде сезіндік. Майлы бояумен салынған көптеген картиналар, құжаттар, қолжазбалар және басқа да құнды өнер туындылары ғасырлар бойы құрдымға кетті. Біз тек тәуелсіз Қазақстан өз мәдениетін, өз тарихын әлемге паш еткенін қаладық-деді инвестор.

Қазақ даласы тұнып тұрған тарих. Ал қылқалам шебері осының бәрін шебер суреттей білген. Мысалы, «Сарайшық. Жібек саудагерлері» атты еңбекте базар көрінісі бейнеленгенін көреміз және оның үштен бір бөлігін жібек матаның кереметін паш етуге арнаған. Ал ежелгі Жібек жолындағы түрік сатып алушысы мен қазақ сатушысының осы бір тамаша материалға қуана үңіліп тұрғаны қазақ жеріндегі сауда қатынасының қандай болғанынан хабар берсе керек.

- Көркем мәдениеттің бұл түрі елге деген сүйіспеншілікті көркем түрде жеткізеді. Бұл еуропалық және британдық мәдениет терең бағалайтын құнды дүниелер. Өнер деңгейінің жоғары болуы ұлттық тұрғыдан маңызды, британдық ұлттық галереялардың негізінен қаланың орталық бөліктерінде көптеп шоғырлануы осыдан. Лондондағы Трафальгар алаңы, Шотландиядағы Princess Street Gardens қамалдары, Нью-Йорктегі Метрополитен. Аталған галереяларға күн сайын мыңдаған адам барады-деді коллекционер.

Қазақ-тойшыл халық. «Дала тойы» картинасындағы думанға толы салтанат, үйлену тойындағы жас жұбайлар, тойдың сәнін кіргізген бишілер осының айғағы. Түнгі аспан арқылы бейнеленген туынды ертедегі үйлену тойының түн ортасына дейін жалғасын тапқанын көрсетеді. Суретші ошақтағы отты ұтымды суреттей отырып, отбасының көңіл күйін жеткізе білген. Үйлену тойы екі жақтың ата-аналарын жақындастырып, олардың байланыстарын бекіте түскен.

- Жалпы, серия үшін 5 жыл уақытымыз кетті. Оның ішіне эскиз және Тимур Дайырбаев үшін бояу жұмыстары кірді. Суретшінің жұқа қабатты классикалық кескіндемедегі сезімі оған көптеген марапаттар сыйлады. Оның ішінде Қазақстанның ең үздік жас суретшілерінің бірі атанғанын айта кету керек. Біз бұл серияны майлы бояумен салудың классикалық бағытына және қылқалам арқылы көпқабаттық туындыларды салудың голландтық техникасына бейім қазақ суретшісі салғанын қалайтынымызды бірден түсіндік-дейді коллекционер.

Суретші өзінің «Тұсаукесер-алғашқы қадам» атты еңбегінде отбасылық мерекені керемет бейнелеген. Қаз басып, алғашқы қадамын жасаған кішкентай бала, асық ойындарын тоқтатып, кішкентай інілеріне қуанған бозбалалар, баланы демеген әже, ерекше марқайған ата, қуанған халық. Бұл сурет отбасылық мереке кезінде орнаған жылылық пен бақытты сәтті тамаша бейнелейді. Ал инвесторлар бұл серияға қанша қаражат салды, олар қазір қалай бағаланады?

- Біз үшін және Қазақстан үшін бұл баға жетпес картиналар деп ойлаймын. Әрине, олар серия ретінде өте құнды. Алайда, Австрия Климтінің «Алтын ханым» атты еңбегінің құнын ешқашан қоя алмады, Париж үшін «Мона Лиза» каритнасы баға жетпес дүние, Голландиядағы «Маржан сырғалы қыз» туындысының бағасы жоқ. Сондай-ақ бізде «Қазақ рухы» аталатын 12 суретті бағалаудың ешқандай реті жоқ деп санаймыз. Біздің ойымызша, олар да жоғарыда аталған картиналар сияқты баға жетпес туындылар-деді тапсырыс беруші.

Ал топтаманы жоғарыда айтып кеткеніміздей «Мәңгі көршілер» туындысы түйіндейді. Онда суретші Орталық Азияның жетекші үш елі: Қазақстан, Ресей және Қытайдың серіктестігі мен қуатын көрсеткен. Бұл картинадан Іле Алатауының етегінде отырған Абылай хан, оның сол жағында отырған Қытай елшісімен, оң жағына жайғасқан орыс генералымен дипломатиялық, саяси және сауда мәселелерін талқылауда.

- Соңғы 12-ші сурет - Қазақстанның әлемдегі орнын бейнелеген нағыз көркем туынды. Біз ортада, Қытай және Ресей дипломаттарының арасында отырған Абылай ханды көреміз. Онда Қазақстанның Азиядағы басты әрі мәңгі орнын аңғарамыз. Әрине, отбасы ретінде, бізде отбасылық тарихты бейнелейтін портреттік коллекциялар бар, сондай-ақ арт-деко стиліндегі модернистік жұмыстардың жинағы бар. Бірақ, осы бір тамаша елге мәдени тұрғыдан үлес қосу мәселесіне келсек, сөз жоқ, біз ең алдымен «Қазақ рухы» сериясымен мақтанамыз-деді Гэйвин Мырза.

Суретші бұл туындыны тараптар арасындағы болған кездесулерге қатысты материалдар мен суреттерді негізге ала отырып салған. Жалпы, деректерге сүйенсек аймақтағы үш көршінің арасындағы қатынас Абылай ханның кезінен бері қатты өзгере қоймаған. Үш державаның арасындағы өзара құрмет пен серіктестік суреттегідей дәл қазірге дейін сақталып келеді.

- «Астана» Халықаралық Қаржы Орталығының алаңында біз бұған дейін бірнеше көрме өткізген болатынбыз. Мәселен, биыл шілде айында AIFC Art Week аясында коллекционер-суретшілердің көрмесі болды. Онда отандық суретші Лейла Махат пен Бақытнұр Бүрдесбековтың, сондай-ақ ресейлік суретшілердің туындылары қойлыған еді. Ұйымдастырылған көрмелердің бірінде шетелдік қонағымыз картина сатып алған жайт болған. Себебі олар біздің өнерімізге, мәдениетімізге тамсана, таңдана қарады. Тәнті болды-деді қаржы орталығының өкілі Айдар Қазыбаев.

 

Қаржы орталығы өкілінің айтуынша қазір АХҚО жүзден астам экспат қызмет етеді. Олар бос уақыттарында еліміздің, халқымыздың салт-дәстүрімен, өнерімен, мәдениетімен, тарихымен танысқысы келеді. Бұған қоса шетелден келетін делегациялар бар.

- Сондай-ақ, Тұңғыш Президент Н. Назарбаев және Қ. Келімбетов зор алғысқа ие. Екеуі де қазақ мәдениетін қолдап, біздің туындыларымыздың АХҚО-да ілінгенін қалады. Біз үшін «Қазақ рухы» көрмесін Тұңғыш Президенттің өзі келіп ашуы үлкен мәртебе болды. Қазақстан біртектес әлемдегі бірегей мемлекет, ең бастысы біз осы серия арқылы қазақ мәдениеті мен дәстүрін көрсете аламыз. Қаржы орталығындағы көрме сессиясы аяқталғаннан кейін, 2020 жылы Қазақстан «Қазақ рухы» сериясын әлемге көрсету мүмкіндігіне ие болады деп үміттенемін. Себебі, бірегей мәдениеттің тереңдігімен және бай мұрасымен ерекшеленетін ел оны күллі әлеммен бөлісуге лайық, – деді Гэйвин Критчмар.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить