Қазипа Мұхаметқали: Өмір ағысы сіздің жоспарыңызға бағынбайды, керісінше сізді өз арнасына тартады

11684

«Нazifa» брендінің негізін қалаған кәсіпкер ұлттық өнерді қалайша табысқа айналдырды, танымал етті?

Бұл туралы көпке танымал этнодизайнер Қазипа Мұхаметқали Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында айтады.

F: 2020 жылдың көктемінде сіз басқаратын сән үйі, тігін цехы уақытша жұмысын тоқтатқан еді. Қазір жағдай қалай, жұмысшылар толығымен орындарына оралды ма?

- Әрине, көктемегі карантин басталған кезде біздің жұмысымыз толық тоқтады. Қызметкерлеріміздің бәрі үйлерінде отырды. Қазіргі кезде жұмысшыларымыздың үштен бірі орындарына қайта оралып, ісімізді  жалғастырудамыз. Бүгінгі күні тігін цехында  6-7 адам істейді.

F: Сіздер пандемияға дейін қандай бұйымдарды тігумен айналыстыңыздар? Карантин қаншалықты кері әсерін тигізді? Сұраныс төмендеді ме, әлде онлайн саудаға көштіңіздер ме?

Пандемияға дейін біз үй бұйымдарын, оған қоса қыз жасауын дайындаумен айналыстық. Жалпы, менің негізгі бағытым ұлттық нақыштағы үй бұйымдары, бізге тапсырыс берушілер негізінен жаңа қонысқа көшкендер, үйін ауыстырғандар немесе бір бөлмесін ұлттық бұйымдармен безендіргісі келетін отбасылар. Осыған байланысты біз, мысалыға  қонақ бөлмесін безендіру керек болса, ондағы перделерді, үстел үстіндегі дастарханды және жұмсақ жиһаздың  жастық қаптарын, жиһаздың сыртқы қаптарын ұқсас түстерге ауыстырып, үйлестіріп береміз. Егер жатын бөлме болса, кереуеттің жабуларын,  жерге төсейтін төсеніштерін жасап береміз және тағы сол сияқты жекелеген тапсырыстарды орындаймыз. Қыз жасауына келсек, қазір  ұлттық құндылықтар қайта жаңғыруда, соған байланысты бізде ұлттық нақыштағы қыз жасауына тапсырыстар көп болатын. Яғни, қыздың көрпелері, жастықтары, қазіргі кезде қосымша жаңа атаулармен қалыптасқан махаббат көрпелері, келін көрпе, күйеу көрпе, құда көрпе, құдағи көрпе деген сияқты бұйымдарға тапсырыс көп болды. Сонымен қатар қыз жасауының дастархандарымен, сандықтармен айналыстық. Әрине, карантин кері әсерін тигізді. Жаппай жұмыс тоқтады, тойлар тоқтады, соған сәйкес тапсырыс азайды. Әрине, көппен бірге біз де онлайнға көштік және көп ұзамай сол бойынша тапсырыстарды орындай бастадық.

F: Енді сіздің кәсібіңіз туралы кеңірек айтсақ. Кезінде Қытайдан Қазақстанға бір ғана чемоданмен келгеніңізді білеміз. Ал араға уақыт салып тапқан табысыңызды сол чемоданға әрең сыйғызатын күнге жеткен екенсіз. Бұл қалай мүмкін болды?

- Әрине, Қытайдан келген кезде дайын тұрған жұмыс, дайын кәсіп болған жоқ. Сондықтан алғашқы жылы Алматыда аспирантураға оқуға түсу үшін ағылшын тіліне дайындалдым, орыс тілін оқыдым, содан оқуға түсіп, сонымен бірге  шағын  тігін цехын ашуды қолға алдым. Бұл бір сәтте пайда болған идея немесе жоспар емес, ол 1994 жылы Қытайдың Алтай қаласынан бастау алған «Әз-Сән» ұлттық үлгідегі ою-өрнектер атты шеберханамның жалғасы деуге болады. Яғни, мен Қазақстанға 1997 жылы келдім, содан 1999 жылы Алматыда «Әз-Сән» деген тігін ательем ашылды. Сонымен қатар, өнер жарым-жарты болмауы тиіс деген оймен «Сымбат» сән академиясына қосымша киімді модельдеу және конструкциялау мамандығы бойынша оқуға түстім. Осылай жұмыс пен оқуларымды бастап кеттім. Бұл жерде тамаша бір әдісті қолдандым десем болады, бұл қазіргі желілік маркетинг сияқты. Мысалы, алғаш келген клиенттің кең болып қалған пальтосы мен юбкасын жасап бердім, бірақ оған ақы алмадым, тек маған өзінің тігін машинасын қалдыруды өтіндім, яғни әлгі бұйымдарды сол кісінің машинасымен тігіп берген едім, ол кісі өтінішімді қабыл алды, сол машинамен жұмыс басталды. Содан алғашқы тапсырыс берушілерге, «егер маған 5 клиент алып келсеңіз, мен сізге 1 пальтоны тегін тігіп беремін» деген ұсыныс жасадым. Себебі, бұл кезде жағдай қиын, қарапайым халықтың табысы төмен,  қосымша жұмыс жоқ. Осылай тапсырыс күннен күнге арта түсті, осылай ұжым қалыптасты, олардың саны көбейді, ателье кеңейді. Біздің жұмысымыз күзде басталғандықтан, тапсырыстарымыз күздік киімнен, қысқы киімге ауысты. Әрине, күзгі, қысқы және жазғы киімдердің бағасында айырмашылық үлкен болды. Сондықтан тек тапсырысқа қарап отырмай, оның үстіне ұжымды жыл бойы жұмыспен қамту үшін сол кезде барахолканы аралап, сатушылармен келісім жасап, бір жылға жетпей 14 сауда дүкенін 4 мезгілдік киіммен қамтамасыз етіп отырдық, осылайша   ұжым 40 адамға жақындады. «Сымбат» сән академиясында оқып жүргенде «Азия дауысы» халықаралық байқауы аясында өткен жас модельерлер байқауына қатысып, «Самая элегантная модель» деген бас жүлдені жеңіп алдым, сол жылы «Азия дауысы» конкурсының ашылуында менің топтамаларып көрсетілді. Бұл бізге жүлде ретінде жасалған тарту болды. Сонымен  бірге әкімнің марапатын алдық, сол сәттен бастап әншілер, университеттер маған тапсырыс бере бастады, танымалдылығым артып, газет, журналдар сұхбатқа шақыруды көбейтті. Осылай жұлдызды күндерім басталды деуге болады. Сонымен қатар үлкен ұжымды  сақтап қалу үшін, жұмыс көлемін арттыру үшін тапсырыс берушілерді өзім қатар іздедім. Әрине, біз тек киім тігумен шектеліп қалмай, Алматыда үлкен бір компания болды, олар Италиядан жиһаздар әкелетін, біз олармен келісімге отырып, матрац жасауды қолға алдық. Оның жұмысы нәзік әрі күрделі болғанымен, табысы қомақты болды. Осылай біз екі бағытта істедік. Алғашында өзіңіз айтқандай, бір чемоданмен келсек, кейін сол чемоданға ақшамызды әрең сыйғызатын деңгейге жеттік. Әрине, ол ақша бір жағынан келіп, екінші жағынан көп ұзамай шикізатқа кетіп жататын. Бұл үнемі емес, анда-санда болып тұратын жағдай еді.

F: Сізге бұл өнер, тіігіншілік кімнен дарыды деп ойлайсыз, оны алғаш қай кезде меңгере бастадыңыз?  Арнайы білім алдыңыз ба, әлде бұл табиғат берген талант па?

- Әрине, өнер деген  жәйдан-жай пайда болмайды. Қазақта «Әке көрген оқ жанар, шеше көрген тон пішер» деген сөз бар ғой. Әкеміздің мамандығы геолог болғанымен, ол ән салғанды сүйетін, музыкалық аспапта ойнайтын, менде ән айтып, би билеп өстім, студенттік шақта жүргізуші болып, үлкен сахналарда ән айттым. Алғашында сахналық киімдерімді анам тігіп берсе, кейін өзім тігіп, әрлеп алатын болдым. Демек, сән өнеріндегі жолым, қызығушылығым бала кезден басталды, оның қыр-сырын сол кезден меңгере бастадым деуге болады. Сонымен қатар, мен колледж бітірген соң Шыңжаң университетінің аударма мамандығын оқыдым, Жоғарғы дәрежелі партия мектебінде арнайы білім алдым,  сол үшінші оқуда жүргенде,  яғни біздің жанымыздағы кабинетте  Шанхай текстиль  университетінің сыртқы оқу бөлімінің курсанттары сабақ оқитын, мен соларға қызығып, онда сырттай екі жыл оқып алдым.  Сондықтан бұл ең алдымен табиғат берген талант, екіншіден сол кездегі теориялық, тәжірибелік білімнің арқасы деуіміз керек.

F: Жалпы өзіңіз басқаратын «Нazifa» брендінің, сән үйінің  негізі қалай қаланды? Алғаш кімдер тапсырыс берді, оның көлемі қалай артты, бүгінгі нәтиже қандай?

Жоғарыда айтып өткендей, мен түрлі басылымдар мен  теледидар арқылы танылдым, осылай жұлдызым жанды деуге болады. Сән саласындағы жұмысым өркендеп,  кәсіби біліміміз тереңдеп, шағын кәсіпорнымыз кеңейе бастады. Бірақ, бұл күндер көпке созылмады. Мен күтпеген жерден жол апатына түсіп, өкінішке орай 4 жыл бойы төсекте жатып қалдым, күрделі операциялар жасалды. Сондықтан, «Әз-Сән» ательесінің жұмысы тоқтады. Күрделі операциялардың салдарынан есту қабілетім нашарлады, көп жағдайды ұмытып қалатын болдым, оқуларымды жалғастыра алмадым. Бірақ, үйде жатсам да қарап отырмай, ою-өрнектерді зерттеумен болдым.  Оны үй бұйымдарымен қалай байланыстыруға болады деген  бағытта көп іздендім, киімдерді кесіп-пішудің оңай әдісі атты шағын кітабымды жазып шықтым.   Әрине, бұл Шанхай университетіндегі теориялық білімім және «Сымбат» сән академиясындағы теориялық білімімді салыстыра отырып жасаған алғашқы еңбегім.

F: Кезінде Бішкекке барып жұмыс істеген кезіңіз болған екен. Қырғызстандағы кәсіп қалай ашылды, ондағы тігін цехының жұмысы қалай болды?

- 2003 жылы мен ақырындап аяғымнан тұра бастадым, тоқтап қалған жұмысымды қайта жалғастырғым келді, сол кезде  Алматыда бірыңғай мектеп  формалары қалыптаса бастаған болатын. «Әз-Сән» ательесінің танымалдылығының арқасында бірнеше мектептен тапсырыстар ала бастадық, жаңадан ұжым құрдым, кейін 150 ш.м ғимаратты жалға алып,  ресми түрде тігін цехын қайта аштық. Бірақ, араға уақыт салып біз  істеген  нысан сатылатын болды, бұл туралы бізге оның қожайыны алдын ала  ескертті. Ал бізге тапсырысты орындау керек, уақыт болса тығыз, бастаған істі абыроймен аяқтау керек, басқа жерден ашу ыңғайлы болмады, тігіншілерге алыс болды. Сондықтан, мен әкемнің көмегімен Бішкек қаласына барып, сонда шағын ғимаратты жалға алып, тігіншілерді ұйымдастырып, сол жақта тапсырысымызды орындап шықтық. Сол кезде біздің негізгі тапсырыстарымыз мектеп формалары болғандықтан, жұмыс көлемі үлкен болғандықтан және оны уақытында орындау үшін ондағы цехты, ұжымды үш жыл сақтап отырдық.

F: Киім үлгілерін жабалау және конструкциялау жөнінде кітап жаздым дедіңіз. Бұл еңбекке қандай дүниелер енді, төл туындыңыз кімдерге арналған?

- Бұл әдістемелік оқу құралы әуесқой тігіншілерге немесе жоғары оқу орындарындағы студенттерге қосымша пайдалануға арналған. Ерлерге және әйелдерге арналған киімдерді кесіп-пішудің оңай әдістемесі.

F: Назарбаев университетінде бизнес -жоспар құру бойынша  білім алып шыққан екенсіз. Бұл сіздің кәсібіңізді дамытуға  қаншалықты ықпал етті? Ұлттық   өнермен бірге ұлттық тағамдардың жаңа түрін әзірлеуге  бет бұрып, асхана бизнесін бастаған едіңіз. Оның нәтижесі қалай болды?

- Қарап отырсаңыз, өмір ағысы сіздің жоспарыңызға бағынбайды, керісінше сізді өз арнасына тартады. Сондықтан, мен кәсіпкерліктің басқа да салаларына ауытқып барып, өз бағытымды таптым десем болады. Мен үнемі кәсіби деңгейімді  арттыру, кәсіпорынды дамыту, басқару бойынша, кәсіпкерлікке қатысты  түрлі курстарға қатысып келдім, сертификаттар алдым. Нұр-Сұлтандағы «Тұран-профи» халықаралық академиясынан да  кәсіпорын директорларының курстарынан өттім, ең соңында Назарбаев университеті жанынан ашылған бизнес мектебінен халықаралық менеджмент, кәсіпорындарды ұйымдастыру,  инновациялық бизнес жоспарды дайындау бойынша білім алып шықтым. Соның нәтижесінде, сол жерде жазған жоспарларымның бірі-  ұлттық тағамға арналған инновациялық жоба болды, бұл бесбармақтан кейінгі қазақтың дәмді тамағы қуырдақ болатын, мен шет елдің және өз жеріміздегі ұлттық тағамды  дайындаудың түрлі әдістерін зерттеу арқылы, бұл астың 20 жуық түрін, рецептін жасадым. Бұл бизнес жоспарды  үлкен комиссияның алдында қорғап шықтым. Бұл жоба маған өте ұнады, осылай күтпеген жерден менің «Қуардақ» атты дәмханам ашылды. 100 кісіге арналған, тәулік бойы істеді, дәмханада дайындалған қуырдақ түрлері  жаңашылдығымен, өзінше бір керемет дәмімен өз тұтынушыларын тарта білді. Алайда дәмханамыз енді дамып, абыройымыз көтеріліп, қонақтарымыздың алғысына бөленіп жүрген кезде менде тағы да  тоқырау болды. Өйткені, біз отырған ғимараттың иесі оны өзіне қайтарып алды. Бұл сала уақыт өте басқа форматта екі дәмханаға ұласұанымен, бәрібір менің жүрегімнің түкпірінде қазақтың ою-өрнегі, тігін өндірісіндегі еңбектерім менің негізгі мақсаттарымның бірі болып тұрды. Сонықтан бұл дәмханалар менің қосымша табыс көзім болды деуге болады.

F: «Нazifa» бренді қалай танымал болды?   Өз елімізде және халықаралық көрмелерге шақырылдыңыз ба?

- Алдыңызға мақсат қойсаңыз, жоспар құрсаңыз, ізденіс жасасаңыз, міндетті түрде оның пісіп- жетілетін уақыты болады екен. Сонау тоқсаныншы  жылдары Алтай қаласында басталған «Әз-Сән» ұлттық үлгідегі өрнектері атты шағын шеберханам 1999 жылы Алматыда жалғасын тапса, 2015 жылы Нұр-Сұлтан қаласында «Hazifa» сән үйі болып, үшінші рет өз шаңырағын көтерді. Бұл мен науқастанып, жұмыстан қол үзген кезімде жасаған ізденістерімнің нәтижесінде дүниеге келген, ұлттық нақышпен өрілген, қазақтың байырғы кесте өнерімен өріліп шыққан,  жоғары сапалы үй бұйымдары, яғни,  нақтылап айтсақ, перделер, дастаранхандар, көрпешелер, жастықтар. Бұл   менің алғашқы және қазақ тарихында өз туындым ретінде қалыптастырған  «ұлттық нақыштағы үй бұйымдары» атты брендім еді. Сондықтан, шығармашылық ізденістерімнен туындаған еңбектерім алғаш 2016 жылы Нұр-Сұлтан қаласында, Орталық  мұражайда, тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 25 түрлі қайталанбас ою-өрнектермен өрнектелген, байырғы түскиізіміздің жаңа түрі, түскиіз картинасы ретінде  менің көрмеме қойылды. Сондай- ақ, 25 жылдық датаға байланысты сый ретінде 25 метрлік қызыл жол кілемшесі қойылды, 2017 жылы «Экспо» аясында      «Ұлы Дала мұрасы» атты көрмемнің екінші бөлімі қойылды. Онда әртүрлі композициядан құралған перделер, жастықтар, көрпешелер, төсекжапшықтардың түр-түрі ұсынылды, сонымен бірге 2017 жылғы көрме құрметіне 17 метрлік кестелі жол кілемшесі қойылды. Осылайша «Қазақстан», «Хабар» телеарнасының  әртүрлі мерекелік концерттерінде, «Таңшолпан», «Әйел бақыты» атты тележобалар, «Балапан» телеарнасының жобаларына, түрлі мекемелердің наурыз мерекесіне арналған  сахналық безендіру, ұлттық бұрыштарды, мектептердегі ұлтттық бұрыштарды, бөлмелерді жасау менің негізгі бағытыма айналды.  Осылайша менің туындыларым Мәскеуде, Беларусияда өткен Қазақстан күндерінде және Түркияда, Дубайдағы көрмелерге қатысып, біздің ұлттық нақыштағы үй бұйымдары топтамасы еліміздің салт-дәстүрін насихаттаудың тамаша бір үлгісіне айналды десем болады. Әрине, менің бұл шығармашылығым кәсіпкерлік негіздерін қалыптастырды. Бүгінде олар сұранысқа ие, кәсіпорынның негізгі табыс көзі.

F: Қазір тігетін бұйымдардың материалдарын қайдан аласыздар. Бәрі отандық өнім бе, әлде сырттан жеткізіле ме?

- Қазіргі күні біздің қолданатын шикізаттарымыз, яғни  материалдарымыз өкінішке орай шет елден келетіндіктен, олардың өзіндік құны да біршама жоғары. Сондықтан да, бұл үлкен сұранысқа ие емес. Бұл арнайы тапсырыспен жасалатын бұйымдар. Елімізде  18 млн халықтың жартысынан астамы қазақ бола тұра, бұл өнер, бұл сала өте жоғары сұранысқа ие деп айта алмаймын.  Дегенмен, кез келген тойларымыз, мерекелеріміз, оларды осы ұлттық бұйымдармен өткізу тамаша бір салт-дәстүр болып қалыптасып келе жатқандықтан, олар тек осы тұрғыда ғана  сұранысқа ие.

F: Сіз үшін бұл сала табысты ма? Ұлттық өнер қаншалықты жоғары бағаланады?

- Бұл бұйымдарды жаппай қолданысқа енгізу үшін оның өзіндік құны міндетті түрде төмен болуы керек. Сонда ғана ол бренд болып қалыптаса алады. Ал біз оны тек отандық өнім ретінде танымал болған соң ғана бренд деп есептейміз. Әрине, ол брендіміздің  бағасы жоғары, сатылымы өкінішке орай аз. Сондықтан бұл бізге керемет табыс алып келетін сала деп айта алмаймыз.  Оның себептері бар, жоғарыда  айтып кеттім, ең алдымен шикізат, одан кейін доллар құнының қымбаттауы, оған қоса кедендік төлемдерің өзгеріп отыруына байланысты бізге келетін тауар бағасы ауытқып отырады, тұрақтылығын сақтай алмайды және бұл өз кезегінде тұтынушылардың көңілінен шыға бермейді.

F: Әлем елдерінде ашылған «Абай» мәдени-іскерлік  үйлерімен байланыстарыңыз бар ма? Бұл бағытта қандай жоспарларыңыз бар?

- Иә, әр елде ашылып жатқан «Абай» іскерлік үйлерінде біздің де жұмыстарымыз қойылған. Алда оған қатысты үлкен жоспарларымыз бар, ол әрине, алдағы  уақыттың еншісінде. Шыны керек, қазіргі мынау карантин бізге ғана емес, жер бетіндегі барлық адамзатқа үлкен бір үрей  туғызды. Дегенмен, бұл кәсіпкерлік саласына, жаңа бағытқа жол ашты десек болады. Осының нәтижесінде біз онлайн жұмыс істеуді үйрендік. Міне, көктемгі карантин кезінен бастап менің онлайн форматтағы шеберлік сабақтарым қалыптасты. Оған еліміздің ішіндегі және сыртындағы, яғни оны әлем қазақтары тыңдап отыр, қатысып отыр және ол өзінің жемісін беруде. Қазіргі күні мен «Нazifa» сән үйі,  «Нazifa»  шебер мектебі, «Нazifa Art studiasy»  бойынша қатар жұмыс істеудемін.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить