Қазақтың каскадер қыздары әлемдік киноиндустрияны бағындыруда

9463

Nomad Stunds тобындағы қыздар қалай іріктеледі,оларға қойылатын талап қандай

Жібек Жаппасбаева
Фото: Архив пресс-службы

Forbes.kz тілшісі Nomad Stunds каскадерлары, қазіргі күні Болливуд жобасындағы Жібек Жаппасбаева мен «Томирис» фильмінің қойылымдарына қатысушы Жұлдыз Ерболаттан сұхбат алды.  

Жібек Жаппасбаева - Nomad Stunds каскадерлар тобының мүшесі. «Алдар көсе», «Тайнственный лес», «Жаужүрек мың бала», «Ограбление по- казахский», «Дневник безумной женщины», «Неделимое», «Қазақ хандығы», «Томирис» (Қазақстан), «Весь мир у наших ног» (Қазақстан, АҚШ), «Моникарника»(Үндістан) фильмдеріндегі трюктарды орындаушы, дублер. Дағдылары: ат өнері,семсерлесу, гимнастика.

F: Жібек, сенің көптеген фильмдерге қатысқаныңды білеміз, қазір қандай жобадасын?

-Мен қазір Үністандамын. Дәл қазір Болливудтағы түсіру алаңында жұмыс істеудемін. Болгариялық қоюшы-каскадер Тодор Лазаровпен бірге үлкен жобаға қатысудамын. Мені Nomad атынан шақырды, фильмдегі басты кейіпкердің дублеры болып табыламын. Мен негізінен дала жағдайында аттармен өнер көрсетіп үйренгенмін, бірақ бұл жолы жануарларсыз жұмыс істеуге тура келуде, себебі жоба жабық жағдайдағы павильондарда түсіріліп жатыр. Кино фантастика жанрында, ғарыш туралы, аспан әлемі жайында, үлкен әуе кемесінің бортында түсірілуде, онда сымдармен сырғанап, тростармен ұшудамыз. Өте қызықты, трюктар өзгеше, мен үшін бұл үлкен мектеп болайын деп тұр. Қазақстанға үлкен тәжірибемен ораламын деген үміттемін.   

F: Болливудқа қалай алындың?

- Жалпы, бұл Үндістандағы екінші жобам. Жуырда ғана бір фильм аяқталды. Туынды «Моникарника» деп аталады, қазір монтаждалып жатыр, тамыз айында премьера. Мен онда басты кейіпкердің дублері болдым. Мені осы жобадан кейін ұнатып қалды. Ұнамауым мүмкін емес еді. Себебі, біз Nomad тобымыз ғой. Әзіл. Қазір «Томирис» жобасында қатар жұмыс істеудемін. Қазақстан мен Үндістан арасында қатынап жүрмін деуге болады, Болливудтағы жоба аяқталған соң 2018 жылдың 5-ші шілдесінде Қазақстанға оралып, «Томирис» тарихи туындысына қайта ораламын.

Жібек Жаппасбаева
Фото: Архив пресс-службы
Жібек Жаппасбаева

F: «Nomad» тобына қалай және қашан келдің?

- Мен негізі әнші болуды армандаған болатынмын. Үш қыз болып ән салып жүрдік. Студия Алматыдағы цирктің қонақ үйінде болған еді. Сонда барып вокалмен айналысып жүріп, аттармен серуендейтін, дайындық жасайтын алаңды көретінмін. Мені бұл қатты қызықтырды және кейін сол жерге барып атқа мінуді үйрене бастадым. Каскадер жігіттермен таныстым,олар «Конан- варвар» деген фильмге дайындалып жатыр екен, Болгарияға аттанып бара жатты. Мен олармен тез достасып кеттім, кейін топ жетекшісі Жайдарбек Күнгужиновпен таныстым, топ басшысы мені бірден байқады,тиісті талаптарға сай екенімді айтты. Араға уақыт салып маған ұсыныс жасады, мен бұл кезде хореографияда оқып жүрген едім, «Виват» шоу-балет тобында билейтінмін. Осында алғашқы трюктарды жасап үйрене бастадым, бұл кезде небары 19 жаста болатынмын, жалпы бұл топта жүргеніме 11 жыл болды. Оның үстіне сол кездері Любовь Волкова деген каскадер, қазіргі құрбым бала күтіміне қатысты демалысқа кетіп бара жатты. Ол маған өте көп көмек берді және соның орнына жұмысқа алды. Любовь мені дайындап орнына қалдырып кетті. Қазір бірге жұмыс істейміз.

F: Қыз бала үшін бұл жұмыс қиын емес пе?

- Әрине, өте қиын. Басқа каскадерлар басқаша айтатын шығар. Бірақ, маған басында қиын болды. Себебі, ең алдымен қорқынышты жеңу керек болды, атпен жұмыс істеу оңай емес, жануарлардың мінезі бар, жылдамдыққа үйрену керек болды. Жылқы айтқанды орындай салатын жануар емес, бәрі оның көңіл күйіне байланысты. Әр елде әртүрлі аттар болады. Мәселен, маған алғаш Үндістанда ұсынған тұлпар өте әдемі болды, бірақ мінезі қиын, қожайынына ғана үйренген, мені тыңдағысы келмейді, өте қиын болды. Бәрі қоюшыға байланысты, қоюшы мен режиссер не айтады, соны жасауға тура келеді. Негізінен аттармен өнер көрсетемін,бірақ бұл салада бәрін істеуге тура келеді, құлау, секіру, ұрыс қимылдары бар, төбелес, айқас, семсерлесу,садақ ату, бір сөзбен айтқанда әмбебап болу керек. Әрбір жобада жаңа қойылым болады, әрбір трюктың өз ерекшелігі бар және осылай тәжірибе жинаймыз.

F: Қазақстандық каскадерлардың өнерін қалай бағалайды? Кәсіп табысты ма?

- Қазақстанда біз киноның патриоты ретінде жұмыс істейміз. Әрине, шет елде жоғары бағалайды, жоғары төлейді,өнерге деген көзқарас басқаша. Бірақ, маған қазақ кинолары өте ұнайды. Қазір Үндістанда отырып Қазақстанды аңсап отырмын. Көз алдыма режиссер Ахан Сатаев, Жайдарбек Күнгужинов, командам, таулы қырат, аттар, алаңдағы ыстық,суық кезеңдер, жауын мен жел, дала жағдайында түсіру барысы елестеп, елді қатты сағынып отырмын. Кейде өз елімде отырмай, өзге елге неге келдім деп ойлап қоямын. Бірақ, бұның бәрі үлкен тәжірибе екенін ескеру керек. Қалай болғанда маған қазақстандық туындыларда жұмыс істеген ұнайды, әрине аз төлейді, бірақ бастысы бұл емес. Бәлкім бюджтеке байланысты болар, себебі бізде қаржысы көп фильмдер аз түсіріледі, бірақ біз бәрібір олардан бас тартпаймыз, ақшасы төмен екен демейміз, әрдайым қолдаймыз, келісеміз.

Фото: Архив пресс-службы

Жұлдыз Ерболат - актриса, жүргізуші, режиссер, Nomad каскадері. «Анаға апарар жол», «Қазақ хандығы», «Рэкетир», «Районы», «Томерис» (Қазақстан) «Көкбөрі ұрпағы» (Моңғолия) туындыларындағы қойылымдарға қатысқан. Дағдылары: ат өнері, акробатика, күрес,семсерлесу, садақ ату.

F: Жұлдыз, сен Nomad құрамына жуырда келген каскадерсың. Бұл кәсіпті неге таңдадың, топ құрамына қалай алды?

- Мен алғаш каскадерлардың өнерін 2011 жылы Астанада көрген болатынмын. Сол кезде актер-режиссер мамандығына оқып жүрген едім. Жігіттердің, қыздарды өнеріне қатты қызығып, жақын барып, мені қатарларына алуды өтіндім. Бірақ, олар бізде қыздар жеткілікті,сондықтан аламаймыз деген жауап берді. Келесі жылы тағы келді. Бұл жолы да менен бас тартты. Оқу бітірген соң Алматыға барып, жыланмен билеп, өнер көрсетіп жүрдім, сол кездері Жайдарбек ағаға Facebook арқылы жазып мазасын алатынмын, кейін ақыры кездесуге шақырып сөйлесті, атқа міне алатынымды, бәрін жасауға әзір екенімді айттым. Ол бағымды сынап көруге мүмкіндік берді.

F: Алғаш қандай туындыға түстің?

- 2015 жылы Nomad тобының құрамында алғаш Ахан Сатаевтың «Анаға апарар жол» туындысында өнер көрсетге мүмкіндік туды. Кинодағы аналардың, қыздардың дублеры болдым, атқа мініп, сәйгүлікпен бірге суға құлайтын жерлері болды. Басында қатты толқыдым, қобалжыған сайын қателіктер болды, уайымдадым,себебі дұрыс болмаса каскадерлар құрамына қосыла алмайтынымды білдім. Бірақ, бір айдан соң басшымыз өнерің бар екен, ауыда өскен қыз екенсің, ендеше кіріс деп қатарларына қосты. Осылайша қазір Nomad тобында жұмыс істеп келемін. Негізі кішкентайымнан жігіттер сияқты спортқа жақын болдым, атқа әуес едім, Джеки Чан, Джет Ли, Вандамға еліктеп өстім, ақыры арманым орындалды,армандар орындалады.

Фото: Жұлдыз Ерболат

F: Табыс қалай белгіленеді?

- Табыстың белгілі бір мөлшері жоқ. Әртүрлі. Бұл негізінен жасаған трюктарға байланысты. Әр елде әртүрлі, жасаған еңбегіңе, қойылымның қиындығына байланысты. Егер трюк күрделі болса, табысың жоғары болады. Саған деген сұранысқа байланысты болып жатады.

F: Трюктың сәтті шығуы неге байланысты? Кәсіп қаншалықты қауіпті?

- Өте қауіпті кәсіп. Қателік жіберген жағдайда өміріңе, денсаулығыңа орасан зақым келуі мүмкін. Дайындық мықты болу керек. Бастысы рухың мықты болуы шарт. Егер қорқыныш болса, онда қателік көп болады. Сондықтан оның бәрін жеңу керек. Бізде ең алдымен атқа мінуді үйретпейді, аттан құлауды үйретеді. Басшымыз былай деп айтады: «Атқа міну оңай, құлау қиын»-деп. Оның үстіне әрбір аттың мінезі болады, соған үйрену керек.

F: Қанша жобаға қатыстың, алда қандай жобалар күтіп тұр?

- Жалпы 25 жобаға қатыстым, шетелде 2 рет жұмыс істедім, Қытайда «Намыс дода» жобасында, Моңғолияда «Көкбөрі ұрпағы» фильмінде басты кейіпкердің трюгін жасадым. Қазір «Томирис» фильміне түсіп жатырмыз. «Районы», «Рэкетир» жобасында істедім. Жалпы, Ахан Сатаевтың жобаларында жұмыс істеу мен үшін қызық. Осылайша актерлық, режиссерлық, жүргізушілік мамандықпен бірге каскадерлық өнерді бірге алып жүрмін. Алда әлі жобалар көп. 

F: Жалпы Nomad қыздарына сұраныс қандай?

- Иә, бізде қыздар көп, 10 каскадер бар. Шет елден шақырту көп болады. Қыздар негізінен Ресей, Үндістан, Малайзия, Голливуд, Индонезия, Қытай, Украина,Канадада жұмыс істейді. Қазір біразі «Томирис» жобасында.

Жұлдыз Ерболат
Фото: Архив пресс-службы
Жұлдыз Ерболат
Фото: Архив пресс-службы

 

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить