Қазақстанның аймақтарын қамтыған «Ұлы Дала Еліне саяхат» экспедициясы қорытындыланды

8618

Қандай жаңа туристік бағыттар ашылады, саяхатшыларды не күтеді

Қазақстан туризмінің тарихындағы ең ауқыдмы экспедицияны қорытындылаған «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Рашид Күзембаевтың айтуынша «Ұлы Дала Еліне саяхат» экспедициясына түрлі саладағы 150 адам қатысты және олар Қазақстанның ең маңызды табиғи нысандарын аралады.
Сапар жоспарына сай, экспедиция 2018 жылғы 18 шілде мен 29 қыркүйек аралығында 6 туристік кластерді қамти отырып, маңызды табиғи нысандарға апаратын 6 бағыт бойынша өтті. 3 айда экспедиция қатысушылары Қазақстанның 11 облысында 17 000 шақырымнан астам жол жүріп, ондаған табиғи орынға, саябақтар мен қорықтарға барып қайтты.

-Таулардың, өзендер мен көлдердің, шатқалдардың, тарихи кешендер мен ұлы даланың керемет сұлулығын көріп, саяхатшыларымыз, жүріп өткен қиындығы мол жолдар үшін марапат алғандай сезімде болды.
Ең ауқымды «Ұлы Дала Еліне саяхат» экспедициясы 18 шілдеде Алматыда басталды, сол жерден
«Тянь-Шань маржандары» бағытының қатысушылары жолға аттанған болатын. Жалпы сапардың мақсаты жаңа бағыттарды ашу, онда инвесторлар тарту, инфрақұрылымды қалыптастыру. Қазір «Туристік Қазақстан» деген мемлекеттік бағдарлама дайындалып жатыр, 2023 жылға дейін жалғасады. Бұл ішкі туризмді дамытуға бағытталған бірегей жоба болмақ -дейді төраға.

«Kazakh Tourism» компаниясының бас менеджері Даниель Сержанұлының мәліметі бойынша Алматы облысында өткен 12 күнде саяхатшылар Баянкөл аңғарында болып, Хан-Тәңірі сұлулығын тамашалады, одан кейін бір литр суының құрамындағы тұздың мөлшері 300 граммға дейін жететін Тұзкөл тау өзенінде болды. Бұл көлдің емдік қасиеті Өлі теңізбен бірдей. Шәлкөде алқабына жаз мезгілінде осы маңдағы елді мекен тұрғындары жайлауға шығады, бұл жер, сұлулығынан бөлек, экспедиция тобы келген кезде өтіп жатқан «Жетісу жүйрігі» фестивалімен қуантты.

-Фестивальда саяхатшыларымыз аударыспақ, қыз қуу, қазақ күресі тәрізді ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыстарға және іс-шараның басты сайысы – бәйгеге куә болды, бәйге 4 санатта өтті. Маусым айынан қыркүйек айына дейін Шәлкөдеде жүзге жуық киіз үй тігіледі, қойшылар туристерді кез келген уақытта қуана қабылдайтынын жеткізді. Ары қарай қатысушылар атпен Дардамты турбазасына барып, сол жерде құсбегі Қуаныш Исабековпен танысты. Бүркітпен аңға шығу Франция, Ұлыбритания, Германия және Араб елдерінен келген туристер арасында аса танымал. Экспедиция Жіңішке, Шілік өзендерін, Ассы үстіртін, Шарын шатқалын, Түрген аңғары мен Батан шатақалын аралап, 29 шілдеде Алматыда аяқталды-дейді бас менеджер.

Оның айтуынша Шығыс Қазақстан облысы 5 тамызда Бұқтырма су қоймасынан басталған «Алтай – өркениет бесігі» деп аталатын бағытымен 12 күн бойы экспедиция мүшелеріне естен кетпес қуаныш сыйлады. Бұқтырмадан кейін саяхатшылар Катон-Қарағай ұлттық саябағына, Қаракөлге, шипалы родон суы бар Рахман қайнарларына, Қазақстанда баламасы жоқ III-IV ғасырлардағы археологиялық ескерткіш-мазар – Берел қорғанына барды. Сондай-ақ топ бағыт бойынша маңайының табиғаты жанды баурап алатын Марқакөлге соқты. Көл маңы қалың орман, жағасы құлама жартас, кей жерлері көгалды болып келеді. Сол жерден экспедиция қатысушылары кейде «жалынды жартас», «Рухтар қаласы» немесе Жердегі Марс бөлшегі деп аталатын Қиын Керіш шатқалына бет алды. Бұл жердің аптап ыстығы мен бір тамшы судың болмауы аса көркем және тылсым атмосфера қалыптастырады. Зайсан көлі (Шекелмес мүйісі), Тарбағатай таулары және Алакөл арқылы өткен естен кетпес бағыт 16 тамызда аяқталды.
Басқарма төрағасының айтуынша Алматы облысы «Жоңғар Алатауы» бағытымен экспедиция қатысушыларын тағы да тәнті етті, бағыт 13 тамызда «Алтынемел» ұлттық саябағынан басталды.

-Саяхатшылар 12 күн ішінде керемет нысандарда болды, олар: құпиясы әлі толық ашылмаған Бесшатыр қорымы, орган музыкасына ұқсас дыбыс шығаратын ерекше қасиеті бар Айғайқұм. Баянжүрек тауында экспедиция мүшелері ежелгі темір дәуірінде тасқа салынған суреттерді көрді. Жетісу жерінің алуан түрлілігі, сұлулығы, флорасы мен фаунасының байлығы экспедиция қатысушыларына керемет әсер сыйлады. Оған қоса, 24 тамызда аяқталған бастапқы бағытқа қатысушылардың ұсынысымен өзгерістер енгізілді. Осы ұсыныстар негізінде қазір туристік компаниялар Жоңғар Алатауының айналасы бойынша ең оңтайлы турларды жасауда-дейді Күзембаев.

«Kazakh Tourism» басшысының айтуынша «Сарыарқа» бағыты - бұл Ақмола, Павлодар, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының сұлулығына сұқтандырған 16 күндік жол болды. Бағыт бойынша қатысушылар 5 ұлттық табиғи саябақта болды, олар: «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы, мұнда қатысушылар әртүрлі құстар мекен ететін Әжібай көлін көрсе, Баянауыл ұлттық табиғи саябағында суы тұнық Торайғыр көлінің көркін тамашалады; Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи саябағында аңызға айналған Шайтанкөлді көзімен көріп қайтты; содан соң «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы мен «Бурабай» ұлттық табиғи саябағында болды. Одан бөлек, қатысушылар Балқаш көлінде, Шұнақ метеорит кратерінде, Теректі шатқалында және ЮНЕСКО дүниежүзілік мұрасының тізіміне кіретін Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығында болды. Шараға қатысқан журналист, экспедиция жөнінде арнайы хабар әзірлеумен айналысып жатқан Жұлдыз Рахметованың айтуынша бағыт 4 қыркүйекте аяқталды, қатысушылардың пікірінше бұл ең қызық бағыттардың бірі болды.  

-Өз кезегінде Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстары да «Теңізден теңізге дейін» бағытының қатысушыларын құшақ жая қарсы алды. 14 күнде Қызылорда облысындағы Қамбаш көлі, бір күндері әлемдегі ең үлкен теңіз болып, қазір тартылып бара жатқан Арал теңізінің жағалауы қатысушылардың жадысында жатталып қалды, ал Маңғыстау облысымен танысу Бейнеу ауылындағы ХVІ ғасырдың ескерткіші Бейнеу діни-жерлеу кешенінен басталды. Саяхатшылар арасында аса танымал нысандардың бірі - Бозжыра алқабындағы Үстірт қыраты. Қылтиып шыққан көгі жоқ, аппақ борлы таулар мен сүмбілер басқа ғаламшарда жүргендей әсер береді. Маңғыстауды шын мәнінде «ашық аспан астындағы мұражай» деп атауға болады, мұнда жүзден астам табиғи және археологиялық ескерткіш бар-дейді Жұлдыз.

Ұлттық компания өкілдері экспедицияның соңғы бағыты болған «Жаңа Жібек жолы» Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстары арқылы өткенін айтты. Қатысушылар аз уақытта көп жерге барғандықтан, бұл бағытты қызыққа толы бағыт деуге болады. Олардың қатарында Жаркент қаласы, Қорғас ауылы, Саты ауылы, Көлсай және Қайыңды тау көлдері, Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы, Темірлік шатқалы, Сарайлар алқабы, Айғайқұм, Талхиз қалашығы, Тамғалы шатқалы, Ақыртас археологиялық кешені, Қарахан мен Айша бибі кесенелері, Түркістан қаласы және бағыттың соңғы нүктесі – Отырар қалашығы бар. Экспедицияның сапалы құрамының арқасында жаңа турбағыттар жасалып, еліміздің табиғи нысандары туралы фото- және видеобанк дайындалды, сол нысандар туралы кеңінен ақпарат беріледі.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить