Қазақстандық суретші Гүлназым Өмірзақ Индонезияда жеке көрмесін өткізді

9620

Қазақ қызының туындылары шет елде қалай бағаланды

Осы және өзге де сауалдарға қатысты Forbes.kz тілшісіне сұхбат берген суретші Гүлназым Өмірзақ айтып береді.

F: Гүлназым, Джакартада қандай көрмеге қатыстың? Қазақ қызына бұндай мәртебе қалай бұйырды? Арнайы шақырту болды ма?

-Иә, мен негізі бұл сапарда екі бірдей маңызды шараға қатыстым. Біріншісі-бұл Индонезияның астанасында, яғни, Қазақстан Республикасының Елшілігінде менің шығармашылығымның тұсаукесер рәсімі болып өтті. Шараға аталған мемлекетте жұмыс істеп жатқан дипломатиялық өкілдіктер, елшілік қызметкерлері қатысты. Негізгі мақсат-дәстүрлі өнерімізді бізкесте әдісімен жетілдіре отырып, заманауи деңгейде шығармашыл туындыларды жасап, бейнелеу өнерінде ұлттық мектеп қалыптастырып, этномодерн деп атауға болатын бағытын ұстану арқылы қазақ өнерін әлемге паш ету болды. Осы шараны ұйымдастыруға себеп болған Қазақстан Республикасының Елшілігіне және Жанар Сухан ханымға ерекше алғысымды білдіргім келеді. Себебі, олар менің өнерімді қолдап, Индонезияда екі мәрте көрме өткізуіме қолдау жасады.

F: Ал, екінші шара қайда өтті? Оны ұйымдастырғандар кімдер?

-Бұл Индонезияның Бірінші ханымының ұйымдастыруымен өткен халықаралық қайырымдылық көрмесі болды. Мен бұл шараға сол ханымның арнайы шақыртуымен қатыстым. Жылына бір мәрте дәстүрлі түрде өткізілетін көрмеде шет мемлекеттердің елшіліктері өз елдерінің қолөнер туындыларын, жетістіктерін көрсетеді. Бірінші ханым менімен жеке тілдесіп, қолымды алып, өнерімді жоғары бағалап, жылы лебізін білдірді. Көрме қатысушылары да еңбектеріме лайықты бағасын беріп, ерекше қызығушылық танытып жатты. Бір айта кетері, аталған шарада Испания елшілігі тарапынан өз елдерінде көрме өткізуге және Индонезияда тұрып жатқан малайзиялық ханымның жеке өнер мектебінде дәріс беру туралы ұсыныс алдым. Бұл енді болашақтың жоспары. Осы жетістіктерімнің барлығы қазақ халқына деген өзімнің сүйіспеншілігімнің арқасы деп білемін. Сонымен қатар, Индонезияның «Registry» аталатын танымал журналына өзімнің шығармашылығым туралы кең көлемде сұхбат беріп үлгердім және біздің дәстүрлі өнерімізді кеңінен қамтыған материал көп ұзамай жарық көрді.

F: Сен туралы, сенің шығармашылығың жайында дипломаттар, Индонезияның ханымы қайдан білді?

-Осыдан екі жыл бұрын Алматыдағы орталық мұражайда үлкен халықаралық көрмеге қатысқан болатынмын. Сол жерде Қазақстанның Индонезиядағы Елшісінің жары Жанар Сухан ханымен таныстым және ол менің шығармашылығыма, кестелеу өнеріне қатты қызығып, алғаш Джакартаға шақырту жасаған болатын. Жалпы осымен үшінші рет шақырды. Бірақ, мен 2017 жылы бара алмадым. Себебі, бұл кезде ЭКСПО халықаралық көрмесіне қатысып жатқан болатынмын. Бір сөзбен айтқанда мен үшін Индонезияны ашуға себеп болған Жанар ханым болатын және бұл жолы ерекше әсер алып қайттым, себебі ерекше қарсы алды, қазақ өнеріне деген құрмет өзгеше болды. Олар менің алғашқы сапарымда жасаған көрмемді ұмытпапты және қазақ өнерін, мені бірден танып жатты. Бұл да үлкен мәртебе деп білемін.

F: Сурет өнерімен қай кезден бастап айналысып келесің? Осы күнге дейін қанша көрме өткіздің, олар негізінен қай жерлерде өтті?

- Сурет өнеріне деген қызығушылық бала кезден басталды. Ата-анам маған барынша қолдау жасады, жан-жақты қалыптасуыма барынша мүмкіндіктер туғызды. Бойжеткен кезімде Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түсіп, бұл саламен кәсіби тұрғыда айналыстым. Кейін магистратураға түстім, сурет өнерін ғылыми тұрғыда меңгеріп, картина қорғадым. Шығармашылығым жоғары бағаланып, 2010 жылы мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығын алдым. Қазақстанда көптеген көрмелер ұйымдастырып, кейін «Шабыт» халықаралық жастар фестивалінің бірінші орын иегері атандым. Жалпы, Қазақстанда және шет мемлекеттерде отбасылық көрмелер өткіземіз, себебі біздің отбасымыз шетерінен өнерлі, сурет өнерін кәсіби деңгейде меңгерген жандар. Әсіресе, шет елдерде жоғары бағалап жатады, мысалы соңғы отбасылық көрмеміз Люксембургта, графтар мекен еткен Вианден қамалында бір айға жалғасты және көрме өте керемет деңгейде өтті. Бір сөзбен айтқанда бізге, қазақ өнеріне деген баға әрдайым жоғары және бұл біздің қуантады.

F: Еңбектерің қалай бағаланады, бұндай бағыттағы туындылар қанша тұрады?

-Енді бағасына келсек, бұл жағы құпия болып қалсын. Бірақ, жоғары бағаланып, жақсы сатылып жатады және жалпы бұл табысты кәсіп деп айтуға негіз бар. Кейде мынадай жағдайлар болып жатады, мысалы кейбір галеристер суреттерді менің айтқан бағама сатып алып, кейін оларды үлкен аукциондарда сатып жататынын білемін. Мәселен, кейде кейбір картиналардың $20 000-$30 000 сатылған кездері болған. Бірақ, бұл тек шет мемлекеттерде болды. Ал, Қазақстанда, әрине, менің жұмыстарым көпке қолжетімді деп толық айта аламын.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить