Қазақстандық құрғатылған саумалға АҚШ тарапынан сұраныс артуда

10255

«Saumal» сауда белгісі AMAZON платформасына қалай шықты, нәтижесі қандай?

Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне  «Евразия Инвест Ltd» компаниясының директоры Ғалымжан Мейрамбеков айтып береді.

- Қазақстан президентінің 2018 жылы Қытайға жасаған  сапары кезінде сіздердің компаниямен саумал эккпортына қатысты келісім жасалған еді. Арадағы  іскерлік байланыс жолға қойылды ма?

- Біз ойлаған негізгі әрі жоспарлаған нарығымыз Қытай болатын. Бірақ бұл елде көптеген шектеулер бар екені көпке мәлім. Біз өз өнімімізді экспортқа шығару үшін  рұқсат алуымыз керек. Бұл проблема баршаға белгілі,  біз бұл мәселеге қатысты  үкімет басшысына дейін жеттік, арнайы жұмыс тобы құрылды. Қазір алға жылжу бар, Қытай тарапы бізден бірнеше хат алды, олар ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму және Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан жолданды. Бұйыртса,  бір жыл ішінде рұқсат аламыз деген үміттеміз. Екінші мәселе, бұл Ресей нарығына қатысты. Қазіргі кезде Мәскеудегі  «Глобус Гурмэ», дүкендер желісіне шыға бастадық, жуырда біздің өнім «Мираторг» дүкендерінің сөрелерінде пайда болады, жалпы біз Мәскеуден бастадық. Бізді Ресей телеарналарындағы бірқатар медициналық хабарларға, ток-шоуларға шақыра бастады. Жуырда «Евровидение» жобасының  жүргізушілері  біздің бренд белгіленген майкалармен  шығады. Бұл бізге сенім білдірген және сауда белгісін ілгерлетуге күш салып жатқан ресейлік серіктестеріміздің арқасы. Сонымен қатар, Гонконг нарығының болашағы зор үміт күттіреді. Себебі, барша Қытай Гонконг нарығына көз тігіп отыр және онда жаңа өнім пайда болған кезде  Қытай тарапынан сатып алу көрсеткіші артады. Естеріңізде болса, 2008 жылы сапасыз балалар тағамынан Қытайда улану жағдайлары тіркеліп, балалар өлімі болған кезде  Қытай тарапынан Гонконгтағы балалар тауарларына деген сұраныс артқан болатын. Қазір біз онда алғашқы партияны дайындап отырмыз және  2019 жылдың мамырында арнайы ұшақпен жөнелтеміз  деген жоспарымыз бар.  Гонконгта  біздің серіктесіміз бар, «Салауатты өнім одағы» деп аталады және олар таза табиғи өнім шығаратын біз үшін маңызды әрі қолайлы.

- Америкада өткен халықаралық көрмеге қатысып қайттыңыздар. Қатысушылар тарапынан сұраныс, қызығушылық болды ма?

- Иә, бұл бір ерекше атап өтетін жәйт, біздің компания және жеке мен өзім 2019 жылдың басында  Калифорнияның Анахайн қаласындағы халықаралық көрмеге қатысып қайттым. Бұл әлемдегі органикалық және табиғи өнімдер жөніндегі ең ірі көрме болып табылады.  Бір айта кетері бұл тек бірегей бизнес қауымдастығына арналған көрме, онда қарапайым қатысушылар кіре бермейді, себебі бір адамға арналған билет құнының өзі  $995 болды. Онда 300 астам компанияның 500 астам өкіліне дәм татқыздық. Қазір олар күн сайын хат жолдап, клиникалық зерттеулердің нәтижесін, құндылығы  мен пайдасы туралы бірқатар құжаттарды сұрауда және өз штаттарында саумал саудасымен  айналысқысы келетіндерін жеткізуде. Олардың ішінде екі компания алдын ала тапсырыс беріп үлгерді, қазір біз өнімнің этикеткасын ауыстырудамыз, себебі АҚШ үшін ағылшын тілінде жазылған бөлек таңба болады және бұл өнімнің тез сатылуына мүмкіндік береді. Ал, қазіргі қытай жазбаларынан олар керісінше, барынша аулақ болуға тырысады.  Сондықтан,  2019 жылдың үшінші тоқсанында біздің саумал американдық дүкендердің сөрелерінде пайда болады деген сенімдеміз. Қазір біз тиісті құжаттарды дайындаудамыз және арадағы мәселелер Қытайдан қарағанда жылдам шешілуде.

- Қытайдағы көрмеге қатысқандарыңызды білеміз. Олар саумалды қалай қабылдады?

- Қызығушылық, сұраныс өте жоғары. Онда көрме қатысушылары мен қонақтары бірінен кейін бірі кезекке тұрып, саумалдың дәмін татумен болды. Қазір біздің өнім «Қорғас» кеден бекетіндегі халықаралық іскерлік ынтамақастық орталығында саудаға шығарылуда. 

- Жыл басында Германияда өткен «Жасыл апта-2019» көрмесіне қатыстыңыздар? Ал, немістер тарапынан қызығушылық қандай?   

Иә, 2019 жылдың қаңтарда Берлинде «Жасыл апта- 2019» өтті. Қазіргі кезде неміс компаниялары да берлесіп жұмыс істеуге әзір. Арадағы байланысты нығайту бойынша Қазақстанның Германиядағы елшісі Болат Нүсіпов қатар айналысуда.  Оның үстіне Германияда біздің серіктесіміз бар, фермасында  400 астам жылқысы бар, көпке танымал Ганс Цольман және косметикамен айналысатын өзге компаниялар. Жалпы Еуропада бие сүтінің өндірісімен 30 астам компания айналысады. Жуырда олардың алғашқы легі бізге келетін болады, себебі кейінгі кездері оларда сүт тапшылығы сезілуде.

- Американдық  Amazon  сауда алыңына қашан шықтыңыздар. Нәтижесі қандай?    

- Біздің Amazon алаңында істеп жатқанымызға жарты жылдай болды. Бірақ, бұл жайында тек қазір ғана хабарлап отырмыз. Себебі, ең алдымен жаңа сауда белгісін американдықтар қалай қабылдайтынын, жаңа өнім оларға қалай әсер ететінін айқындап алғымыз келді. Алайда, қазір нәтижесі өте жақсы, күн  сайын сауда көлемі ұлғайып келеді, олар үшін   жылқы сүті үйреншікті тауар болмағандықтан, сонымен қатар діни сенімдеріне сай келмегенімен ешқандай қайшылықтар байқалмайды. Мысалы, Таяу Шығыс елдерінде міндетті түрде «халал» сертификаты талап етіледі. Ал, американдықтар үшін бұл тұрғыда бәрібір, себебі олар үшін бастысы табиғи әрі таза өнім болса болды. Оның үстіне олар өз ағзаларын әртүрлі биологиялық белсенді қоспалармен қамтамасыз етуге әуес. Сондықтан, бізге Amazon өте қолайлы алаң болып отыр. Себебі, болашақ онлайн сауданың еншісінде және біз онда сәтті әрі уақытында еніп отырмыз, оның үстіне біз онда қарқынды сауда болады деп ойлаған жоқпыз. Ал, жыл соңында нақты деректер келтіреміз деген ойдамыз.

- ҚР  Ғылым қорының грантын жеңіп алған едіңіздер. Бұл қандай  жоба, оның нәтижесі қандай?

- Иә, біз Ғылым қорының жобаны коммерцияландыру жөніндегі грантын жеңіп алған болатынбыз.  Біз жоғарыдағы университет ғалымдарымен бірге саумалдың капсуладағы түрін жасап, оны алғаш Америкаға алып бардық. Яғни, бұл саумал  қосылған «Саумет» аталатын метобиотик болып табылады. Ал, бұл өнімге қызығушылық өте жоғары болды, себебі оны қазіргі құрғақ саумал сияқты ерітіп, стаканға құйып ішудің қажеті жоқ, тек таңертең екі капсула қабылдаса болғаны.  Бұл дәмге сезімтал, сүтке кішкентайынан әуес еместер үшін өте қолайлы. Қазір біз бұл өнімді Қазақстан нарығына әзірлеп жатырмыз және алда америкалық нарықты тез жаулайды деген сенімдеміз.

- Қазіргі өндіріс көлемі қандай? Қаншалықты өсті?

- Біз бие сүтімен бірге, сублимация әдісі бойынша құрғатылған түйе сүтінің өндірісін жолға қойдық. Қазіргі кезде әлемде түйе сүтінің танымалдылығы жоғары, шет елдіктер тарапынан оған деген сұраныс бар. Қазақстанда, әсіресе Маңғыстау, Қызылорда, Атырау өңірлерінде түйе өте көп және олар бізге жеткізіп беруге дайын. Сондықтан, біз «Saubota» брендін қатар шығаруды бастадық. Мысалы, саумалдың құрамын және оның тарихын көп түсіндіру керек болса, түйе сүті Таяу Шығыста, Еуропада жақсы танылып үлгерген және АҚШ нарығында бірқатар өндірушілер бар.  Сондықтан, екі бірдей брендпен экспортқа шығу жоспарланып отыр.  Ал оның әлеуметтік пайдасы орасан болады, мысалы  әрбір өңірдегі шаруалар бізге бие немесе түйе сүтін тұрақты түрде өткізіп, өнім экспортқа шығып жатса, одан тек баршаға кіріс келетіні анық. Қазірде біз Алматы облысындағы «Дәулет-Бекет» түйе шаруашылығымен жұмыс істеп келеміз, алда өзге аймақтарды қамтимыз. Айта кетері, біз шикі сүтті өзіміз алып кетеміз, ең бастысы бұның бәрі шаруалар үшін тиімді болады.

- Демек, алда «Саумал» мен «Саубота» өнімдеріне сұраныс артатыны белгілі. Ал осыған сәйкеес өндіріс көлемі арта ма?

- Қазір 1000 бастан астам бие сауып отырмыз және 1000 биенің сүтін сырттан қабылдаудамыз. Біз жылқы басын арттырмаймыз. Себебі, қазіргі технологиямыздың мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан, оның көлемін арттыру үшін қосымша қаржыландыру мәселесін шешуіміз керек.  Қазір мемлекеттен, «ҚазАгроҚаржы» және «Аграрлық несие  корпорациясы» тарапынан қолдау күтудеміз. Жалпы қазір жылына 30 тонна құрғатылған  саумал экспортталды, алда 20 тонна  құрғатылған түйе сүтін және 500 мың капсула экспорттау жоспарда тұр. Алда АҚШ, Еуропамен бірге БАӘ, Оман, Бахрейн, Сауд Арабиясына және Қытайға шығу жоспарда тұр.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить