Қазақстан Ресейге әлі де тәуелді

4691

Жаздың соңына таман қарындасым екеуміз Украинаға барып қайттық. Шынын айту керек, соғыс жүріп жатқан елдің астанасында аса бір айырмашылық байқалмайды, тура осыдан бір жыл бұрын көрген Киев тәрізді. Тек кешкі он бірден таңғы алтыға дейін болатын коменданттық сағат қана бейбіт өмір емес екенін аңғартады. Басқа жағынан қала тұрғындары күнделікті тұрмысын жалғастырып жатыр.

Киевтен бөлек соғыстан қатты зардап шеккен Буча, Ирпень, Гостомель деген өңірлерге бардық. Ресейлік оккупанттар екінші әлемдік соғыста фашистер жасамаған зор-лықты жасап отыр деуге болады. Оған көзіміз жетті. Тек телеарнадан көру бір басқа, оккупацияда болған, аумақтық қорғанысқа қатысқан жергілікті тұрғындардың шынайы әңгімесін тыңдау мүлде бөлек. Айтқандарынан жүрегің ауырады. Бізде көп нәрсе телеарналардан көрсетіле бермейді ғой. Себебі Ресей пропагандасы елімізде өте қатты жүріп жатыр, «Первый канал», «Звезда» тәрізді арналар әлі де еркін көрсетіледі. Украина арналары, әлемдік БАҚ ондай кең таралымда көрсетілмейді. Тіпті Ресей саясатын қолдайтын жергілікті БАҚ өкілдері де жетерлік. Шынайы ақпаратты тек инстаграм, фейсбук, телеграм тәрізді әлеуметтік желідегі жазбалар арқылы көруге болады.

Бірақ украиндардың рухы өте жоғары, азаматтары белсенді, қандай қиын күндерді бастан кешірсе де жеңіске жететініне сенеді. Ондай халықты ешбір жау ала алмайтынына көзім жетті.

Украинаға қарап өз елімізбен еріксіз салыстырдық. Біз шамамен 2013–2014 жылдардағы Украина сияқтыыз. Ол кезде Киевте жаппай жемқорлық, билікте неше түрлі сепаратистер отырған еді. Қазір біз сондаймыз. Билікте Владимир Божко сияқты сепаратистер, коллаборанттар, тіпті ресейлік агенттер жүр. Әскеріміздің түрі белгілі, қоғамдағы жемқорлыққа әбден батқан саланың бірі. Биліктегі бар ауру Қорғаныс министрлігінен де табылады. Ресейді, орыс әлемін аңсап жүрген полковник пен генералдардың бар екені рас. Өйткені олар кезінде орыстың әскери училищелерін, академияларын бітіріп, кеңестік идеологиямен өскен. Украинада да осындай дерт бар еді, 2014 жылғы толқудан кейін олар есін жиды. Қазірдің өзінде «сепаратист, шетелдік агент, коллаборант» деген айыппен депутаттары мен генералдарын тұтқындап, қатарларын тазартып жатыр. Ал бізде ондай тазарту жоқ, егер Украина сценариі қайталанса, оңай олжа боларымыз анық. Өзге елдің әскері кірсе, өз әскеріміз бізге қорған бола алмайды.

Қаңтар қырғыны кезінде оған куә болдық. Сырты қазақ болғанмен, ішкі ойы өзге елдің сойылын соғуға дайын әскерилер, қоғам қайраткерлері де көп. Өз тілін, тарихын менсінбейтін азаматтар бізде де бар. Олар әлі де орыс әлемін армандайды, орыс мүддесін жақтайды әрі ондай топтың болуы елдің біртұтастығы, қауіпсіздігі үшін ең бірінші қауіп.

Осыларды ескере отырып, біз Украинанан қандай сабақ алуымыз керек? Ең алдымен ұлттық қауіпсіздікті нығайту қажет. Осыдан екі ай бұрын президент Тоқаев әскери салаға бөлінетін бюджетті екі есе көбейту керек деген тапсырма берді. Бұл өте дұрыс шешім, біз қорғаныс жағын ретке келтіріп, НАТО-ның жаңа форматтарына өтуіміз керек. Ол әскерилерге, оқу-жаттығу әдістері мен қару-жараққа да қатысты. Ресей училищелерінде жүрген курсанттарды елге қайтарып, осында оқыту керек. Ары қарай Түркия, Әзербайжан, Түркия елдерінде тәжірибе алмасуға, солардың әскери оқу орындарына жіберу керек деп ойлаймын.

Бірақ, меніңше, біздің билікке әлі де қайсарлық жетіспейді, Ресейден жасқанады, қорқады. Президенттің өзі де Мәскеуде білім алып, көп жылдар сол жерде жұмыс істеген. Сол кезеңнің тарихымен, идеологиясымен өскен адам. Қазір серіктес ретінде Ресейді бірінші қатарға қоюға мәжбүр әрі оны мәжбүрлейді де. Санкт-Петербургте Тоқаевтың сөйлеген сөзінен кейін КҚК құбырлары түрлі себеппен жұмыс істемей, мұнай тасымалы тоқтап қалғанын білеміз. Мұнай саласы, транспорт, логистика сияқты ең маңызды салалар Ресеймен тығыз байланыста әрі тәуелді. Біз әлі Ресейге тәуелдіміз. Украина сценариі қайталанбас үшін алдымен осы тәуелділіктен құтылу керек.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить