Қазақстан мен Оңтүстік Корея арадағы туризмді бірге дамытпақ

17210

KOICA бағдарламасының түлектері оған қандай үлес қоспақ, екі елдің арасындағы бизнес жобалардың бет алысы қандай

Бұл туралы Forbes.kz  тілшісіне сұхбат берген Оңтүстік Корея Республикасының  Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ким Дэ Сик айтып береді. 

F: Құрметті Елші мырза, 2019 жылдың  22 қарашасында Нұр-Сұлтанда  Корея Елшілігі мен KOICA(ынтымақтастық бағдарламасы)  яғни Түлектер Қауымдастығының кездесуі өткен болатын. Жыл сайын өтетін басқосу Қазақстан мен Корея арасындағы туризм мүмкіндіктеріне  арналды.  Екі ел бұл саланы қалай дамытуды көздеп отыр, мақсат қалай жүзеге аспақ?

- Иә, бізде KOICA  бағдарламасы бойынша Оңтүстік Кореяның жоғарғы оқу орындарында оқу бітіріп келген түлектердің отырысы өтті. Жалпы ынтымақтастық бағдарламасы бойынша Кореяда оқып келген қазақстандықтар өте көп.  Өйткені,  KOICA қолдау көрсететін мемлекеттердің ішінде Қазақстан да бар. Сондықтан, Қазақстандағы сан түрлі саланың өкілдері осы бағдарлама бойынша Кореяда экономика, саясат және тағы басқа бағыттар бойынша  білім алды, оқып келді.  Олар Кореяның даму барысын, экономикалық процесін өз көздерімен көрді, терең зерттеді, жан-жақты танысты. Бір сөзбен айтқанда олардың бәрі Кореяны жақсы біледі,  олар біздің жақын достарымыз, олар біздің мемлекетіміз үшін үлкен күш болып саналады, жалпы KOICA  бағдарламасының түлектері екі мемлекет арасындағы маңызды көпірге айналды деп айтсақ болады. Сондықтан, біз осы бағдарлама бойынша оқып келген түлектермен әрдайым байланыстамыз, олар Қазақстанда сан түрлі салада жемісті қызмет етіп келеді және біз олармен жыл сайын әртүрлі тақыраптар бойынша басқосулар, семинарлар өткізіп тұрамыз. Яғни, биылғы дәстүрлі кездесуімізді біз туризм саласының дамуына арнаған болатынбыз. Өйткені, Қазақстан мен Кореяның алға қойған мақсаттарының бірі-екі елдің арасындағы туризмді дамыту болып табылады. Мен Қазақстанға келген сәттен бастап Қазақстан үкіметінің туризм саласына өте көп көңіл бөліп жатқанын, ерекше мән беріп келе жатқанын көрудемін. Біз тілге тиек етіп отырған мәселе де туризм төңірегінде болды, біз өзара бірлесіп, бұл саланы қалай дамыта аламыз деген сауалдарға жауап іздедік, қатысушылар өз ойларын ортаға салды, пікірталас болды.

F: Қазақстанның туризмі туралы ойыңызды білсек. Мемлекеттің бұл бағыттағы мүмкіндігі қандай? Оның болашағына қатысты пікіріңіз қандай?  

- Қазақстанға келген сәттен бастап көп нәрсені байқадым. Ең алдымен елде туризмді дамыту үшін  көптеген мүмкіндіктер бар. Мысалы, демалушылар үшін туристік бағыттардың өте көп екенін көрдім, тек аталған  бағыттарды барынша жетілдіру керек шығар. Әрине, дамымай жатқан тұстары да бар, бірақ оларды ілгерлету үшін әлі де күш салу керек деп ойлаймын. Біздің басқосуымыздың негізгі тақырыбы осы болды және біз аталған саланы дамытудың сан түрлі жолдарын қарастырдық.

F: Қазіргі күні  Қазақстан мен Корея арасындағы туризмге қатысты қандай да бір көрстеткіштер бар ма? Сандар қаншалықты өзгеруде?  

- Қазақстан мен Корея арасындағы туристерге қатысты нақты мәлеметтер жоқ. Бірақ, дегенмен, 2018 жылдың статистикасына сүйенер болсақ, Қазақстанға бір жылда 50 000 астам Корея азаматы келіп кеткен. Ал Кореяға барып қайтқан  қазақстандықтардың саны 35 000 болған.  Жалпы,  бізде  Корея туризм ұйымы (KTO) бар, оның өкілі осында сөз сөйледі, деректер келтірді, оның  мәліметінше өткен жылы 13 000 қазақстандық Оңтүстік Кореяға барып емделіп қайтқан. Олардың ішінде диагноз жасауға барғандар, емделгендер, операция жасатқандар бар. Яғни, олар тек медицина үшін ғана емес,  емделу барысында Кореяның көрікті жерлерін аралап, туристік нысандарында болып қайтады. Бір сөзбен айтқанда, бір оқпен екі қоянды атады деген сөз. Емделу арқылы Кореяны да көріп қайтады. Менің ойымша бұл өте ыңғайлы деп ойлаймын, оның үстіне біздің елімізде емделушілер артуда, олар ең бастысы Кореяның медицинасына сеніп барады, себебі бізде бұл сала жоғарғы деңгейде дамыған. Сонымен қатар, мен жоғарыда айтып кеткен Кореяның туризм ұйымы мемлекеттік болып табылады, оның мақсаты-Корея мемлекетіне келетін туристер санын арттыру, сонымен қатар кәрістердің сыртқа шығуын қадағалап, қысқасы саланы дамыту үшін промоушен жасайтын үлкен орган. Соған сәйкес, болашақта туристік мақсатпен барған адамдармен, емделуге барғандары өзара біріктіріп, синергия жасау басты мақсаттардың бірі болып табылады. Сондықтан, олар Кореяның туризмі мен медицинасын қатар жарнамалап отырады.  

F: Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында туризмді дамытуға бағытталған нақты жобалар бар ма? Қазақстан Кореяның тәжірибесін қаншалықты қолдануда? 

- 2017 жылы Алматыда жаңағы Корея туристік ұйымының филиалы ашылған болатын. Қазіргі күні Қазақстан туризмінің өкілдері           аталған орталықпен ынтымақтастық жасап, Кореяның  тәжірибесін зерттеп, саланы дамыту үшін жан-жақты жұмыс істеп келеді. Себебі, Кореяда өзіңіз білесіз, туристер өте көп. Ал бұл қалай мүмкін болды?  Қазақстанда бұндай көрсеткіштерге қалай қол жеткізуге болады? Міне, екі ұйым  қазірге кезде осы сауалдар бойынша  бірлесіп жұмыс істеп жатыр.   

F: Енді Қазақстан мен Корея арасындағы бизнес байланыс туралы айтып өтсеңіз. Бұл бағыттағы жобаларда қандай жетістіктер бар?

- Сіздер білесіздер, 2019 жылдың сәуір айында Қазақстанға Оңтүстік Кореяның прездиенті Мун Чже Ин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген  болатын. Сол кезде екі тарап қол қойған құжаттардың бірі- «Самал жел» жаңартылған экономикалық ынтымақтастық туралы бағдарламасы  болатын.  Дәлірек айтсақ, сол жалпы жазылған құжатты нақтылау үшін, 2019 жылдың қыркүйек айында Корея Республикасынан әртүрлі министрлік өкілдері келіп,  Нұр-Сұлтан қаласында бірлескен жұмыс тобының отырысы өткен болатын Сонымен қатар, одан бөлек медицина саласы бойынша Кореядан келген делегация мен қазақстандық денсаулық сақтау саласының өкілдері өзара кездесулер өткізді. Бұл тек 2019 жылы болған кездесулер, 2020 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Кореяға мемлекеттік сапармен баратын болса, ол кезде де бизнес-форумдар өткізетін боламыз. Бұл шамамен алдағы жылдың алғашқы тоқсанына жоспарланып отыр. Жалпы, «Самал жел» бойынша 10 жетекші бағыт  қамтылды, оның ішінде сауда, қаржы, энергетика, өндіріс, мәдениет салалары бар.    

F: Қазақстан мен Корея осы кездесуде автоөндірісті дамыту туралы келісімге келген еді. Бұл бағытта қандай жобалар  қолға алынды?

- Иә, мен жақын күндері ғана Алматыға іс-сапармен барып келген едім. Екі мемлекеттің президенттері қол қол қойған келісімдердің ішінде Қазақстан аумағында машина жасау және құрастыру туралы жоба болатын.  Бірлескен зауытты  қазақстандық     «Astana Motors» компаниясы мен Кореяның «Hyundai»  компаниясы бірге құруі тиіс. Мен күні кеше ғана кәсіпорын құрылысына барып қайттып, бәрін көзбен көріп қайттым. Қазіргі таңда оның құрылысы қарқынды жүріп жатыр, негізгі ғимаратты салып бітіргенін көрдім. Ал оның ауқымы өте үлкен екенін байқадым. Егер, бұл жоба аяғына дейін жетіп, Қазақстанда көлік құрастырылатын болса, онда бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, Орталық Азияның автомобиль саласына көптеген өзгерістеп алып келеді деп ойлаймын. Сонымен қатар, Корея Қазақстандағы индустриалды әртараптандыруға  үлкен үлес қосады деп ойлаймын. Яғни, бұл автомобиль саласына үлкен жаңалық алып келетін жоба деп айтуға толық негіз бар. Егер, Алматыға барсаңыз  көріп қайтыңыз, мен оның көруген тұрарлық жоба екеніне сендіргім келеді, себебі расында да бұл өте үлкен және болашағынан зор үміт күттіретін маңызды зауыт болмақ.

F: Қазақстан мен Корея жүзеге асырып жатқан бизнес түрлері өте көп. Солардың ішінде ең ірі инвестициялық жобалар туралы айтып өтсеңіз. Олар негізінен қай салаларды қамтып отыр?

- Кореяның қатысуымен жүзеге асып жатқан жобалардың ішінде «SK» компаниясы  қолға алған БАКАД Алматы айналмалы жолы бағдарламасы бар. Сонымен қатар,  жоғарыда айтып кеткен  «Astana Motors» компаниясы мен Кореяның «Hyundai»  компаниясы бірге құрып жатқан зауыт құрылысын айрықша атап өткім келеді. Қазіргі күні «Daewoo» компаниясы  Қазақстанның батысындағы «Теңіз» кен орнындағы барлау бағдарламаларына қатысады.    Сіздер білесіздер, бұған дейін «Lotte» компаниясы қазақстандық «Рахат» компаниясын сатып алған болатын. Қазір оның жұмысы нәтижелі жүріп жатыр. Сонымен қатар, компания Шымкентте қосымша зауыт ашып, оның жұмысы жолға қойылды. Ал қаржы саласына тоқталатын болсақ, Қазақстанда бірқатар Корея банктері бар. Ең үлкендерінің бірі-Алматыдағы «Shinhan bank». Кеңсесі Алматы қаласында орналасқан. Жалпы,  орта есеппен алғанда осы күнге дейін Қазақстанда сан түрлі салада қызмет ететін 300 тарта корпорациялар негізін қалаған.   

F: Сауда айналымы қаншалықты өсті? Инвестиция көлемі қандай?

- Екі мемлекет арасында димломатиялық байланыс орнаған сәттен бастап Қазақстанға салынған инвестиция көлемі  $4 млрд болды.  Бұл Орталық Азиядағы жалпы инвестицияның 70%  құрайды. Ал сауда айналымына келетін болсақ, бұл көрсеткіш жыл санап артып келеді, мысалы 2016 жылы $6,5 млн болса, 2018 жылы ең үлкен көрсеткішке жетіп, $2,2 млрдты құрады. Ал 2019 жылдың 9 айында елдер арасындағы сауда айналымы 3,1 млрд-қа жетіп үлгерді. Оның ішінде $1,8 млрд экспорт, $1,3 млрд импорт болып табылады.     Қазақстан экономикасы артқан  сайын, оның үстіне    Мемлекет басшыларының 2019 жылғы кездесуінен кейін, арадағы ынтымақтастық одан сайын жоғарылап, сәйкесінше сауда көлемі болашақта арта бермек.    Корея тек өз тауарын экпорта шығарып қана қомай, Қазақстаннан импорт көлемін арттырып отырғанын айта кету керек. Статистика бойынша, 2017 жылы қазақстандық  шикі мұнай импортының көлемі едәуір  артты, мәселен, 2018 жылы Қазақстан импортының көлемі $900 млн болса, Корея Қазақстаннан $4 млрд  мұнай импорттаған.    Болашақта Қазақстан Үкіметі инфрақұрылымды дамытуға және денсаулық сақтау саласына бағытталған инвестиция көлемін арттыруда белсенділік танытпақ.   

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить