Қазақстан мен әлем елдеріндегі қандастарды қолдау бизнеске қалай әсер етеді

Шет мемлекеттерде ашыла бастаған «Абай» мәдени-іскерлік үйлері қалай жұмыс істейді

2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында «Отандастар қоры» коммерциялық емес АҚ құру туралы шешім қабылданған еді. Оның негізгі бағыты шетелдегі және Қазақстанға оралған қандастарға көмек көрсету болатын. Қор өз жұмысын бастаған сәттен бастап қандай бастамаларды қолға алды, олардың нәтижесі қандай? Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне «Отандастар қоры» КеАҚ ресми өкілі Еркін Байғабылұлы және Қандастарды қолдау департаментінің консультанты Жандос Қонысбек айтып берді.

Қандастарды қолдау

«Отандастар қоры» әлем елдеріндегі қазақтардың тарихи отанына деген қызығушылығын арттырып, олардың іскерлік белсенділігіне қолдау көрсетуге бағытталған бірқатар бастамаларды қолға алған болатын. Бұл негізінен шет елдерде тұратын және Қазақстанға оралған немесе оралғысы келетін қандастарды демеуге қатысты жобалар. Мақсат – әлем қазақтарының байланысын нығайту, арадағы іскерлік қатынасты дамыту, олардың бизнесін дамыту, сонымен қатар, сырттан келгендердің білім алуына, жұмысқа тұруына жағдай жасау.

- Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы әлемнің 40-қа жуық елінде қандастарымыз тұрақты тұрып жатқанын атап өткен болатын. Яғни, онда этникалық қазақтарды тек көшіріп алу мәселесін ғана емес, олардың әлеуетін тұрғылықты жерінде қалдыра отырып пайдалану мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына шетелде тұратын этникалық қазақтармен байланысты күшейту бағытында мәдени орталықтар құруға ықпал жасауды, шетелдегі білікті мамандар мен жетістікке жеткен азаматтарды елге тарту және электронды дерекқор жасау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, жоғары білікті этникалық қазақтарға уақытша жұмысқа келу мүмкіндігін оңтайландыруды ұсынды, - дейді Ж. Қонысбек.

Жандос Қонысбек
Жандос Қонысбек

Жандос Қонысбектің айтуынша «Отандастар қоры» әлемдегі және елдегі қандастарға Қазақстандағы кәсіпкерлік тетіктерін пайдалану бойынша белсенді түрде көмек көрсетіп келеді. Онлайн кеңесшілер оларды елде жүзеге асырылып жатқан бизнес, кәсіпкерлік, өзін-өзі қамту бағытында қабылданған түрлі мемлекеттік бағдарламалармен кеңінен таныстыруда. Қор өкілдерінің пікірінше сырттағы және елге оралған қазақтардың бизнес-бастамаларын қолдау арқылы көптеген нәтижеге қол жеткізуге болады.

-Біріншіден, мемлекет ұсынған бағдарламалармен танысқан, мүмкіндіктерді көрген қандастардың Қазақстанға деген қызығушылығы артады, бұл өз кезегінде көші-қон мен қоныс аударуға жаңа серпіліс болар еді.

Екіншіден, қоныс аударған қандастарымыздың қазақстандық ортаға еркін әрі тез кірігуіне септігін тигізеді.

Үшіншіден, мекендеген елдерінің азаматтары ретінде қандастарымыз Қазақстанның шет елдерде инвестициялық әлеуетін арттырады.

Төртіншіден, қазақстандық өнімдерді сыртқа шығаруға және тиімді бағалармен өткізуге ықпал етеді.

Бесіншіден, қандастардың кәсіпкерліктегі белсенділігін қолдау арқылы шетелден көшіп келген қазақтардың әлеуметтік жағдайы жақсарады, - дейді департамент кеңесшісі.

Кәсіпкерлерге қаржылай көмек

«Отандастар қорының» мәліметі бойынша, шетелден Қазақстанға қоныс аударған қандастардың басым көпшілігі кәсіпкерлікке бейім келеді. Бүгінде олар негізгінен ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, қызмет көрсету салаларында табысты еңбек етуде. Жалпы, елге оралған қандастарға кәсіпкерлік негіздерін үйрету, жұмыс істеп тұрған кәсібін кеңейту мен дамыту үшін мемлекет тарапынан қарастырылған бағдарламаларға қатысу мүмкіндігі толықтай қарастырылған.

- Атап айтсақ, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында келесідей жеңілдіктер ұсынылады: «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 1 ай көлемінде Қазақстандағы бизнес климат және кәсіпкерлік негіздерін меңгеру бойынша оқыту жүргізіледі. Бұл бағдарламаға қатысу үшін қандастарымыз «Атамекен» ҰКП-ның өңірлік мекемесіне немесе веб-сайттары арқылы өтінім қалдыруы қажет. Осы жобаға қатысушы қандастарымызға ай сайын 15906 теңге көлемінде стипендия тағайындалып, оқу курсын аяқтаған қатысушыларға сертификат беріледі, - дейді Жандос.

Қазақстандағы қандастар әр өңірінде орналасқан кәсіпкерлікті қолдау орталықтары арқылы «бизнес-жоспар» дайындау қызметін тегін пайдалана алады. Ол үшін сол орталықта өтініммен қатар, тиісті сауалнаманы толтыруы қажет. Екі немесе үш апта көлемінде олар қалдырған электронды мекен-жайға бизнес-жоспарды жіберетін болады. Осы бизнес-жоспар арқылы олар «Еңбек» бағдарламасы ұсынатын қайтарымсыз гранттарға және жеңілдетілген несие алу үшін екінші деңгейлі банктерге өтінім бере алады.

- Кәсіп бастауға ынталандыру үшін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 530 мың теңге көлеміндегі қаражат қайтарымсыз грант ретінде беріледі. Ол үшін қандастарымыздың кәсіпкерлік негіздерін оқығаны туралы сертификаты, бизнес-жоспары, сондай-ақ презентациялық материалдары болуы шарт. Ал конкурсттық комиссия осы талаптарға қарай гранттың берілуі немесе берілмеуі бойынша шешім шығарады, - дейді қор өкілі.

Сонымен қатар, қандастар үшін кәсіп ашуына немесе өз ісін одан әрі дамыту үшін жеңілдетілген несиелендіру мүмкіндігі де қарастырылған. Мысалы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 21 млн. 208 мың теңгеге дейін, жылдық үстемесі 6%-дық несие беріледі. Бұл бағдарламаның басты ерекшелігі несиенің 85% дейінгі мөлшерін «Даму» КДҚ кепілдендіреді. Жеңілдікпен берілетін қаражатты 5 жыл ішінде бөліп төлеуге болады.

- Осылайша еліміздегі кәсіпкерлікті қолдау шараларына қандастарымыз да қатыса алады. Бүгінгі таңда «Отандастар қоры» Қазақстандағы бизнесті қолдау бағытында жұмыс атқаратын барлық операторлармен («Атамекен», «Даму», «Казагро» және т.б.) байланыс орнатып, елімізге келіп кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін қандастарға бизнесті қолдау тетіктерін ұйымдастыру үшін әрдайым дәнекер болуға дайын. Осы тұста қандастарымыз «Байланыс орталығының» 1404 нөміріне хабарласып кез келген ақпаратты ала алады.

 

Қандастардың қатысуымен инновациялық жобаларды жүзеге асыру, IT саласын дамыту, бизнес инкубаторлар құру қолға алынған. 2019 жылы «Отандастар қорының» қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет франциялық «Ecole 42» инновациялық әдістеме жүйесі негізінде, әлем елдерінен келген қазақ балаларына инновация мен IT-технологияларды тегін оқытатын «Alem» мектебі құрылды. Қор қолдауымен ашылған орталықты Украинадан шақырылған қандасымыз, инвестор-меценат Нұртай Кенжебеков қаржыландыруда. Сонымен қатар осындай жаңа жобаларға инвестиция тарту үшін жуырда Түркия, Өзбекстан және Ресей Федерациясында тұратын қазақ кәсіпкерлерімен онлайн-кездесулер ұйымдастырылды. Жыл соңына дейін Иран, Моңғолия, АҚШ және Еуропада тұратын іскер қандастармен онлайн-кездесулер өткізу жоспарланған.

Әлемдегі «Абай» үйлері

«Отандастар қоры» бастамасымен қазақтар тұратын елдерде мәдени-іскерлік орталықтарды ашу қолға алынған еді. Бұл бастама өз нәтижесін бере бастады және 2020 жылдың 22 қыркүйегінде Ресейдің Омбы қаласында, 1-ші қазанда Ташкент қаласында «Абай» мәдени-іскерлік үйі ашылды. Мәдени-іскерлік үйі 4 бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар: мәдени-гуманитарлық және қазақ тілін үйрету жобаларын іске асыру, «Атамекен» іскерлік бағыты бойынша қандастардың екі жақты тиімді бизнес жобаларына қолдау көрсету, «Жас қазақ» бағыты арқылы әлемдегі жас қандастарды елге тарту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сонымен қатар «Атажұрт» бағыты арқылы шетелдегі қазақ тілді БАҚ-тың қауымдастығын құрып, өзара ақпараттық ынтымақтастықты арттыру бағыттары аясын қамтиды. Жыл соңына дейін «Абай» мәдени-іскерлік үйлері Түркияның Стамбул, Қырғызстанның Бішкек, Германияның Берлин қалаларында да ашылады. Шетелдегі қандастар үшін «Абай» мәдени-іскерлік үйлерін ашу Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар қорының» бірлескен жобасы негізінде жүзеге асуда.

- Отандастар қоры» әлемнің әр түкпіріндегі қандастарымызбен және қазақ мәдени орталықтарымен тығыз байланыс орнатқан. Коронавирус тараған қазіргі уақытта Францияның Париж қаласындағы «Қорқыт», Ресейдің Омбы қаласындағы «Омбы қазақтары» және Орынбор қаласындағы «Бәйтерек» қоғамдық ұйымы, Испания, Корея, АҚШ, Даниядағы қазақ қоғамдық ұйымы мен Еуропа Қазақ дәрігерлерінің ассоциациясы, Моңғолиядағы «Ел Бірлігі» Қазақ қоғамдық ұйымы және Кипрдегі «More way» Қазақ қоғамдық ұйымындағы қандастарымызбен онлайн кездесулер өткізілді. Кездесу барысында қандастардың басын біріктіріп, таныстық аясын кеңейту бойынша ұсыныстар айтылып, оларды жан-жақты қолдау мәселесі де көтерілді. Өз кезегінде қандастарымыз білім, мәдениет және тағы басқада салалар аясында жобалар жасау туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Аталған ұсыныстарды шешу жолдары пысықталуда, - дейді қордың ресми өкілі Еркін Байғабылұлы.

Тіл, білім, ұлттық дәстүр

2020 жылдан бастап Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, «Отандастар қоры» мен «Зерделі» ақыл-ойды дамыту орталығы бірлескен қазақ тілін қашықтан оқыту жобасын қолға алды. Әр елдегі уақыт айырмасына қарай қазақ тілі курсы аптасына үш рет, бір күнде төрт мәрте өткізілді. Курсты өткізіп алған талапкерлер сабақты сақталған бейнежазбадан қайталап көріп, оқуына болады. Жалпы, тіл курсына әлемнің 12 елінің 23 қаласынан ашылған 31 қазақ сыныбының оқушылары қатысты.

- Алыстағы ағайындар арасында жасы үлкен аға-әпкелеріміз, ата-апаларымыз қазақ тілін біледі. Десе де, заман талабына сай кейінгі жастар тілді ұмытып барады. Осы мәселелерді ескере отырып шетелде қазақ сыныптарын ашып, қазақ тілін онлайн оқыту жобасын бастадық. Ана тілін ұмытпауға ұмтылған қандастарымыз курс жұмысын жоғары бағалап, зор алғысын білдірді, - деді Байғабылұлы.

Еркін Байғабылұлы
Еркін Байғабылұлы

Еркін Байғабылұлының айтуынша пандемия салдарынан «Отандастар қорының» жұмысы да онлайн режимде жүргізілді. Карантин кезінде үйде отырған қандастарымыздың уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау мақсатында «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы», «Отандастар қоры» мен «HAZIFA» шеберлік мектебімен бірлескен онлайн тігін шеберлік курсы ұйымдастырылды. «Айкүне» қазақ гимнастикасы орталығының жетекшісі әрі орталықтың негізін қалаушы Абай Ахатұлы «Денге саулық, дертке шипа - «Айкүне» атты онлайн гимнастика курсын қазақ, орыс, ағылшын тілінде өткізді. «Қазақтың ұлттық тағамдары - Ұлы дала бренді» онлайн ас даярлау курсын да қандастарымыз ерекше жылы ықыласпен қабылдады.

- Атажұртта білім нәрімен сусындап, Қазақстанның ең үздік ЖОО-да оқу үшін келген қандас бауырларымыздың саны жылдан-жылға артуда. Жастардың біразы Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқиды. Карантин режимі басталғалы унверситеттің № 3 жатақханасында Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Ресей мемлекеттерінен келген 50 студент тұрады. Жалпы, шетелде қазақ тілі мен Қазақстан тарихын оқытпайды. Сол үшін елімізде Білім және ғылым министрлігі тарапынан талапкерлерді ұлттық біріңғай тестілеуге даярлайтын дайындық бөлімі ашылған. 2018-2019 жылдары 992, 2019-2020 жылдары 1300 қандасымыз дайындық бөліміне қабылданды. 2020-2021 оқу жылына республикалық бюджеттен қаржыландыратын білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдеріне 1300 орын бөлінді, - деді ресми өкіл.

Ресми өкіл Еркін Байғабылұлының айтуынша «Отандастар қоры» атажұртқа ат басын бұрған кез келген қандасымызға қол ұшын созады. Қордың негізгі кеңсесі Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Өңірлердегі қандастар мәселесін шешу мақсатында Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Жамбыл, Алматы облыстарының орталықтарында фронт-офистер жұмыс істейді. Мысалы, 2019 жылы 1404 нөмірлі ақпарат орталығына 2640 қандасымыз қоңырау шалып хабарласса, фронт-офистердің қабылдауына 1587 қандасымыз келген. Бұл жұмыс 2020 жылы да жалғасуда.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
4176 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
24 ноября родились
Куанткан Алимов
экс-заместитель акима города Актобе
Ирина Любарская
заместитель акима города Караганды
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить