Қазақстан мен Жапония арасындағы бизнесті қалай дамытуға болады

9607

«Отандастар қоры» қоры мен Жапония қазақтары қауымдастығы арасындағы ынтымақтастықтан не күтеміз?

2021 жылдың сәуір айында «Отандастар қоры» қоры мен Жапония қазақтары қауымдастығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған еді. Қазақстанның Жапониядағы Елшілігі, ондағы этникалық қазақтардың онлайн қатысуымен өткен шараға және тараптар қол қойған құжатқа сай арадағы мәдени-гуманитарлық жобаларды іске асыру, кәсіпкерлер арасында өзара байланысты жолға қою және ақпараттық қолдау жұмыстары жоспарланған болатын. Қауымдастық қалай құрылды, бұл ұйым арадағы бизнеске қалай ықпал етпек, одан қандай нәтиже күтеміз? Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне Жапониядағы Қазақтар қауымдастығының төрағасы, «Juntendo» университеті клиникасының хирургі, Токиодағы «Marby Trading Inc» компаниясының негізін қалаушы кәсіпкер Әбдібек Қалыбек айтып береді.

F: Әбдібек мырза, Сіз қайда дүниеге келдіңіз, қайда білім алдыңыз, Жапонияда қай кезден бастап тұрасыз?

- Мен Қытайда дүниеге келдім. Үрімшіде бастауыш мектепке бардым, орта білім алдым, медициналық университетті тәмамдадым. Содан 2005 жылы Жапонияға қоныс аударып, қазірге дейін осында тұрып келемін, Токиода тұрамын. Осында қосымша магистратура бітірдім, PHD қорғадым. Уақыт өте ассистент, профессордың ассистенті, медициналық университетте, ауруханада балалар хирургы, педиатор болып жұмыс істеймін. Одан бөлек тағы жеке кәсібім бар, 2014 жылы «Marby Trading Inc» деген компаниямды аштым. Медициналық туризм, медициналық аппараттар, дәрі-дәрмекпен айналысамыз. Ал 2021 жылдың 14 сәуірінен бастап Жапониядағы Қазақ қауымдастығының төрағасымын, жергілікті қазақтар бұл ұйымға мені жетекші етіп сайлады. Ал бұл ұйымның мақсаты өте көп, осындағы этникалық қазақтар, одан басқа Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан қазақтарының басын біріктіреді. Елшіліктің ресми мәліметі бойынша қазіргі күні Жапонияда 200 астам қазақ тұрады, бірақ мен одан көп деп ойлаймын. Себебі осында жұмысқа келгендер, оқып жатқандар, үйленген қазақтар бар. Токио төңірегінде 200 астам қазақ болса, одан бөлек, Окинава, Осакада, Хоккайдода тұратын қазақтарды білемін, оның ішінде Қытайдан келген, осы жердің азаматтығын алған қандастар баршылық. Әрине, қазақтар басқа елдердің азаматтарынан аз, бірақ шамамен сол 400-500 болады. Ал қазақ қоғамының мақсаты-Қазақстан мен Жапония арасындағы достық қарым-қатынасты жақсарту, бизнесті дамыту, сосын осында жаңадан келіп жатқан қазақтарға ақпараттық қолдау көрсету. Өйткен көбі Жапонияға келгенде көптеген қиындықтармен бет-бет келеді. Қазақтардың жартысынан астамы білім алуға келген, ал шамамен 30% осындағы компанияларда істейді, ал бізден басқа жеке бизнес ашқандар туралы мәлімет жоқ. Өйткені бұл елде визалық жүйе өте қатал, Кореядағы сияқты жалданып жұмыс істеу өте қиын, сондықтан көбі осында оқу бітіріп, осында жұмыс істеу үшін қалған азаматтар. Дегенмен, болашақта қазақтар қатары артатын шығар деген ойдамын.

F: Қазақ қоғамы қалай құрылды? Бұл бастаманы алғаш кімдер көтерді?

- Қазақ қоғамын алғаш Қазақстанның сыртқы істер министрлігі, «Отандастар» қорының, сосын осындағы Қазақстан елшілігінің, оның ішінде әсіресе 2016 жылдан бастап Жапонияда елші болған Ерлан Кеңесұлы Баударбектің тікелей қолдауымен құрылды, сол кісі көп үлесін қосты. Қазір қауымдастықтың кеңсесі ашылуда, елшілікке жақын жерде жұмыс істейміз. Миссиямызды жоғарыда айттым, ең алдымен қазақтарды қолдау, бизнеске жағдай жасау, Жапонияға Қазақстан туралы, Қазақстанға Жапония туралы кеңінен таныстыру.

F: Енді компания қызметі туралы айта кетсеңіз. Кәсіп қалай жолға қойылды, қандай нарыққа жұмыс істейсіз?

- Менің компаниям медициналық туризм, медициналық жабдықтармен айналысатынын айттым. Біз зерттеліп жатқан дәрі-дәрмектерді техникалық қамтамасыз етумен, оларға жаңа патент алу жағынан ақпаратты қолдау көрсетеміз, Жапонияның ішінде дәрі-дәрмек сатумен және олардың экспортымен айналысмыз. Осылай жұмыс істеп келе жатқанымызға 8 жыл болады. Жапония ауруханаларымен, клиникаларымен тығыз жұмыс істейміз, Қытай мен Жапония арасында медициналық туризммен айналысамыз, Қазақстаннан, Ресейден, Араб Әмірліктерінен емделуге және анализ жасауға, кешенді Check-up жасаушыларға қызмет көрсетеміз. Менің компаниямның 5-6 қызмет түріне лайсенсі бар, яғни медициналық аппарттарды сатуға, экспорттауға, импорттауға, жабдықтарды жасауға, өндіруге, техникалық тұрғыдан патенттеуге, биоқоспаларды жасауға, адам денесіне арналған медициналық заттардың өндірісіне қажетті арнайы рұқсаты бар. Сонымен қатар, бізге медициналық туризмге виза рәсімдеуге құқық берілгенін айта кету керек, бұл Жапонияның сыртқы істер министрлігі, ауруханалар берген ресми рұқсат. Яғни, Жапон Үкіметі таныған, мойындайтын 70 астам компания болса, сол компаниялардың ішінде біз де бармыз. Қазіргі күні компаниямыздың 60-70% Жапонияның ішіндегі клиника, аурухана, емхана, ветеринария, ғылыми зерттеу орындары, зертханаларды, университеттерді қамтиды. Осы мекемелермен жұмыс жолға қойылған. Енді біз болашақта Қазақстанға, Орталық Азияға экспортқа шығуды көздеп отырмыз.

F: Компанияңызда қанша адам жұмыс істейді? Ұжым кімдерден құралған?

- Менде негізі 6-7 адам тұрақты түрде істейді. Көмекшім жапондық, осы жердегі барлық жұмысты сол атқарады. Заңгер бар, ол құқықтық мәселелермен айналысады, бухгалтер есепке жауапты, сосын жергілікті клиникалармен істейтін жауапты қызметкеріміз бар, медицналық аппараттарды құрастыру, дәрі-дәрмекпен, олардың қауіпсіздігі мен сапасын бақылаумен жеке адам айналысады. Сонымен қатар қауіпсіздік, сапа мәселесін тек біздің маман ғана емес, үкімет, денсаулық сақтау министрлігі қатаң бақылап отырады. Бұл жағы енді өте қатал. Бұдан бөлек, бізбен істейтін 20 шақты серіктес компания және келісіммен жұмыс істейтін тағы 20 адам бар. Кеңесші ретінде тіркелген 20 шақты профессор бар, олар әр саладан, медицина саласының білікті мамандары. Сонымен бірге, арнайы лицензиясы бар, жапон-ағылшын, жапон-қытай, жапон-орыс және моңғол, въетнам, малай тілдерін жетік меңгерген аудармашыларымыз бар. Бізбен ресми істейтін, келісімшарт жасаған аудармашылардың саны да 20 асады.

 

F: Жапонияның медицина бизнесіндегі бәсеке қандай? Оған төтеп беру қаншалықты қиын?

- Біз үшін ішкі бәсеке өте қиын. Себебі бұл салада жұмыс істейтін компаниялар өте көп. Оның ішінде орта, шағын және ірі компаниялар бар. Оның үстіне бұл нарыққа кіру, жаңадан іс бастау өте қиын. Біріншіден, бизнес байланысты жолға қою керек, ең алдымен сенім қажет, тек содан кейін ғана келісім және тұрақты жұмыс болады. Бізде бастапқы 4-5 жылда үлкен табыс болған жоқ, біраз шығын болды, тек соңғы жылдары ғана ақырындап тұрақталып, сенімге ие болып, танылып келеміз, ал қазіргі табысымыз тұрақты және ішкі нарық үшін жақсы деуге болады.

F: Қазақстаннан Жапонияға келіп емделетіндер бар ма?

- Әрине, Қазақстаннан емделу үшін келетіндердің қатары ақырындап өсіп келе жатыр еді. Бірақ 1 жарым жыл болды, мынау коронавирусқа байланысты Жапония сырттан емделуге келетіндерге, туристерге шектеу қойды, визалық бақылауды күшейтті, елге келу қиындады, сондықтан жұмыс тоқтап қалды. Ал сыртқы табысымыз, яғни медициналық туризмнен түсетін кіріс пандемияға байланысты тоқтады. Оған дейін тұрақты болатын.

F: Неліктен Жапония? Өзге елдердің медицинасымен салыстығанда қандай айырмашылық бар?

- Жапония медицина сапасы мен технология жағынан бірінші орында тұр. Емнің бағасы да соған лайықты. Германия, Америка сияқты шарықтап тұрған жоқ. Орталық Азиядан, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстаннан келетіндердің көбі негізінен тек тіл жағынан қиналады. Сосын Ресей мен Қытайдан көп келеді. Себебі Жапонияның медицинасы үлкен сенімге ие, қызмет көрсету жағы өте жақсы.

F: Сіз жетекшілік ететін Қазақ қауымдастығы арадағы бизнеске қаншалықты ықпал етеді деп ойлайсыз? Бұл бағытта қандай өзгерістер болуы мүмкін?

- Қазіргі күні Жапония мен Қазақстан, жалпы Орта Азия елдері арасындағы бизнестің мүмкіндіктері толық пайдаланылып жатқан жоқ. Әрине, байланыс бар, бірақ оның деңгейі анау айтқандай көп емес. Дегенмен мен іскерлік қатынастың одан сайын артатынына көзім толық жетіп отыр. Қазіргі күні Қазақстан кәсіпкерлері негізінен Еуропа, Ресей, Қытаймен тығыз жұмыс істейді. Ал олармен салыстырғанда Қазақстан мен Жапония арасындағы бизнестің деңгейі әлдеқайда төмен. Бірақ бұл тек әзірге ғана деген дұрыс болар. Алда ауыл шаруашылығы, оның ішінде егістік, өсімдік шаруашылығына қатысты қатынас жаңаша сипат салады деген сенім бар. Сонымен қатар жуық арада Жапонияның техникасы, медициналық технологиялары, тұрмыстық тұтыну бұйымдары, дәрі-дәрмектер, косметика жабдықтары қазақ нарығына енеді деген ойдамын.

F: Қазақстан тарапынан қызығушылық танытып отырғандар бар ма? Кәсіпкерлер қаншалықты белсенді?

- Иә, Қазақ қауымдастығы құрылған сәттен бастап бізге Қазақстан жағынан байланысқа шығып жатқандар, қызығушылық танытып жатқандар көп. Олардың ішінде бірқатар компаниялар, жеке тұлғалар бар. Әр саладан бар. Олардың ішінде әсіресе денсаулық сақтау, биоқоспалар, памперс, дәрі-дәрмек өндірісінің өкілдері шығуда. Әзірге компаниялардың атын жариялау ерте шығар. Себебі, жұмыс енді ғана басталды, келісімшарттарға әлі қол қойылған жоқ, дегенмен, алдағы уақытта бұл бағытта оң нәтижесі күтеміз, елдер арасында импорт пен экспорт көлемі едәуір артады деген сенімдеміз. Осы тұста тағы бір маңызды мәселені айта кеткім келіп тұр. Қазір Жапония мен Қазақстан арасындағы бизнес байланыс негізінен Ресей арқылы жүзеге асуда. Қазақстан мен Жапония арасында тікелей қатынас аз. Мысалы, мынау химия өнімдері, дәрі-дәрмектер, аппараттар, көлік жабдықтары, сол сияқты әрбір саланың өнімдері Қазақстанға Жапонияның Ресейдегі филалдары арқылы жөнелтіледі. Менің ойымша қазір сол бизнес байланысты тікелей іске асыруға, екі ел арасында дистрибьютор болуға мүмкіндік туып отыр. Сондықтан кәсіпкерлердің бизнес-жоспары болса, бұл жұмысты бастауға зор мүмкіндік туып отыр, елшілік бар, Қазақ қауымдастығы бар, бірлесіп ақпараттық қолдау көрсетуге әзірміз.

F: Мысалы, дәл қазір қандай кәсіпті бастауға болады? Қандай салалар қамтылмаған?

- Мысалы, Toyota компаниясының Alphard деген көліктері бар. Ол Қазақстанға тікелей кіре алмайды. Ал дистрибьюторлар мен филалдары тағы да Ресейде. Сондықтар қазақтар сол жақтан алуға мәжбүр. Ал Жапониядағы $50 мыңның көлігі, Ресей арқылы Қазақстанға жеткенде $100 мыңға айналады, баға өседі. Әрине, Жапонияның ірі көлік компаниялары Ресейді қойып, Қазақстаннан бір сәтте филиал аша салмайтыны белгілі, себебі нарық зерттелуі керек, көп ақпарат керек, келісім жасау үшін сұраныс деңгейін анықтау керек. Бұл әрине үлкен жұмыс. Сондықтан елдер арасындағы тікелей байланыстың болғаны маңызды деп ойлаймын.

F: Қазіргі күні тауар айналымы қандай? Қазақстан мен Жапония арасында тағы қандай мүмкіндіктер бар?

- Иә, мен жаңа көлікті мысалыға келтірдім. Ал бұдан бөлек, кішкентай балалардың памперсін айтсақ болады, косметика бар, бірақ сол әйгілі маркаларды тікелей жеткізуге мүмкіндік болмай отыр. Айналып келгенде олар тағы да Ресей арқылы тасыламланады, шамамен өнімдердің 80% осылай жеткізілетін шығар. Осылай қалыптасып кетті, жапондар да соған үйренген. Сондықтан біз осының бәрі тікелей, қазақстандық кәсіпкерлер арқылы жасалу үшін қолдан келгенше үлес қосамыз деген ойдамын. Әрине, тек Жапония емес, Қазақстан тарапынан кері байланыс болғанын қалаймыз. Одан тек Қазақстан компанияларына пайда келеді. Бұл үшін әрине, осындағы ірі компаниялармен тікелей келісім шарттар жасалуы тиіс.

F: Қазір Жапониядағы жағдай қандай? Токио жазғы олимпиадаға қалай дайындалуда?

- Қазір өте қиын болып тұр. Әлі нақты шешім қабылданған жоқ, парламентте әлі де тартыс болып жатыр. Себебі Жапония үшін халықтың қауіпсіздігі бірінші орында тұр. Бірақ 90% дайын деуге болады. Қазіргі індетке байланысты спортшыларды, журналистерді, көрермендерді қалай қабылдаймыз деген мәселелер жан-жақты қаралуда. Келушілерге тегін вакцина егу, ПТР жасау, шектеулер енгізу туралы жұмыс қызу жүруде. Әлем елдері дайындалып жатыр, бірақ Жапония үкіметі олимпиаданы қалай өткізетіні туралы нақты шешім шығарған жоқ. Әр мемлекет үшін адам санына байланысты шектеулер жасалуда, бұған дейінгі олимпиадалар сияқты өтпейтіні белгілі, олай жасау мүмкін емес. Меніңше тек көрерменсіз, тек спортшылардың қатысуымен өтетін сияқты, тіпті Жапония көрермендерінің өзіне шектеу қойылуда. Бұл жағы жуық арада белгілі болады. Оның үстіне жапон халқы бұл ойындарды өткізуге наразылық білдіруде, ал ресми Токио, Үкімет қауіпсіздікті барынша арттыруға күш салуда.

F: Қазақстанмен қандай байланысыңыз бар? Елдің жағдайы мен жаңалықтарынан хабардар болып отырасыз ба?

- Әрине, таңғы аста отырғанда, жұмысқа бара жатқан сәтте Қазақстанның жаңалықтарын қарап отырамын, қалт жібермеуге тырысамын. Жалпы пандемияның алдында, 2019 жылы Қазақстанға үш рет барып қайттым. Нұр-Сұлтан, Павлодар, Алматы қаласында болдым, мен ғана емес жапондық ірі компанияларының өкілдерімен бірге бардым. Мақсатымыз-ауыл шаруашылығына қажетті дәрі-дәрмектердің өндірісімен танысу, оның жағдайын білу еді. Бірақ коронавирусқа байланысты бұл жұмыс тоқтап қалды, бірақ біздің алға қойған мақсатымыз бен жоспарымыз белгілі. Келешекте Қақстанға Жапония инвесторларын, Жапонияға қазақ инвесторларын тарту туралы ойымыз бар. Қазіргі күні қауымдастық осымен айналысуда.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить