Қазақ бизнесі немесе үздік сервис мәдениеті

Бизнестегі тиімді нәтиже пайда ғана емес, тұтынушы қажеттілігін қанағаттандыру деп санайтын компаниялар бізде көп пе?

ФОТО: pixabay.com

Екі жыл бұрын Алматы маңындағы бір ауылға көшіп, қалаға қатынап жұмыс істейтін кеңсе қызметкерлері қатарын құрадым. Әрине, ауылдың да өзіндік береке-қызығы жетіп асады, әсіресе, таза ауада тыныстап, бау-бақшаға көмілген жер үйдің рақатына бөлену деген сияқты. Дегенмен саналы өмірімді қалада өткізген мен үшін ауылдағы коммуналдық қызметтің барлық «құпиясы» енді ашылып жатыр. Оңтүстік астанадан бір шақырым ғана жердегі коммуналдық қызмет стандарттарына бүгінгі күні таң қалмайтын болдым, бірақ бұл тұрғыда ойландырар мәселе өте көп.

Былтыр жазда жол түсіп, жергілікті газ компаниясына бардым. Компания туралы ақпаратты да алдын ала интернеттен оқып алдым. Даму барысында бұл компанияның құрылымы күрделеніп, басқарушы компания мен он шақты серіктес компаниядан тұратын газ компанияларының қауымдастығы ретінде қайта жасақталған. Бизнес тұрғысынан алғанда дұрыс шешім, себебі негізгі қызмет көрсету бағыттары бойынша бірнеше дербес серіктестіктер құрылған, яғни газды тұтынушыға жеткізу, техникалық қызмет көрсету, жобалық-сметалық құжаттама, құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша қызмет бөлек-бөлек көрсетіледі деген сөз.

Бизнес кездесулерге жиі баратын мен үшін, компанияның әл-ауқаты мен менеджмент деңгейіне көз жүгіртіп баға беру үйреншікті нәрсе. Компанияның ғимараты, ауладағы бау-бақшасы, тұрақтағы көлік түрі, қызметкерлердің жұмыс орындары – бәрі де компанияның жағдайы тұрақты, табысы мол екенін байқатып тұр. Бірінші сигнал күзетшіден түсті: «ғимарат алдындағы автотұрақ тек қызметкерлер үшін, ал клиенттер өз көліктерін сыртта қояды» деп, ол мені аулаға кіргізбеді. Сырттағы тұрақты тұрақ деуге де келмейді, әншейін, тас араласқан балшықты жер. Бұл нені меңзейді? Дұрыс айтасыз, компания үшін клиенттердің мәртебесі енді белгілі болды. 

Содан бері бұл компанияға клиент ретінде мен бірнеше рет бардым. Құжаттарды өз атыма аударудан бастап, газ есептеуішін экспертизаға апару (әйтпесе тексеру мерзімі жетті деп, өзге қызметтер көрсетілмейді), қосымша орын үшін есептеуіш құралын ауыстыру сынды бір қарағанда оңай, ал бастап көрсең бейнеті мол тұтынушылық тірлікпен біраз жүгіруге тура келді. Қазақстандық сервистің бар орамынан «сүрінбей» өтіп, бір жарым ай дегенде құжаттарымды тапсырдым. Артынша компания көрсетуі тиіс қызметтерге алдын ала толық төлем жасап, «екі ай көлемінде қызмет көрсетіледі» дегенге сеніп, кете бардым. Дегенмен екі айдың жыры бес айға созылды. Заңға бағынатын адам ретінде бар шаруаны тәртіп-ережеге сай тындыруды әдет еткен жайым бар, бірақ енді... сервис көрсетуші компанияның қызметіне қол жеткізу үшін көршіме қоңырау шалуға тура келді. Көршім газ компанясында басшылық позицияның бірінде жұмыс істейді. Қалай ойлайсыз, мәселе шешілді ме? Әлбетте! Бар шаруа бір аптада бірден шешілді.

Бұдан қандай түйін жасаймыз? Газ компаниясы – бұл ауылда табиғи монополист, оған тұтынушыға таласып өзгелермен бәсекелесу қажеті жоқ. Өкініштісі сол, алдын ала және толық төленген қызметке қол жеткізу үшін компания ішінен таныс іздеп, оған «қоңырау шалу құқығын» іздеу керек. Жалпы, бұл үрдіс Қазақстанда барынша кең тараған құбылыс. Бұған әбден бой беріп, мәселені заңға сәйкес шешу жөнінде ойланбаймыз да: өйткені мұндай сенім біртіндеп өшіп барады. Кәсіби менеджерлер дайындау саласының маманы болсам да, тұрмыс тауқыметіне шыдамай, мен де сол «жеңілдің астымен» жүргенді жөн көрдім. Осы мақаланы жазуға да сол өкініш себеп болды.

Бизнестегі тиімді нәтиже пайда ғана емес, тұтынушы қажеттілігін қанағаттандыру деп санайтын компаниялар бізде көп пе? Әрине, бизнесте нәтижелі де тиімді компания құру оңай емес. Бірақ, меніңше, Қазақстан компаниялары үшін тұтынушыға үздік сервис көрсету мәдениетін енгізу қажеттілігі келіп жетті. Нарықтың осынау бұлжытпас қағидасы қанымызға сіңу үшін компания менеджменті түбегейлі өзгерістен өту керек. Оның бірден бір жолы – басшылар менеджменттің қыр-сырын игеріп, кәсіби білікті компания қалыптастыруы тиіс. Қоңырау шалу құқығына дем беруді қою керек. Және де бұл тұрғыда шетелдік тәжірибені қайталаудың қажеті жоқ, өзімізге тән отандық менеджмент жүйесін қалыптастыруды ойлаған дұрыс.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
3985 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
30 июля родились
Именинников сегодня нет
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
Цифровизация государственных сервисов и история Ashyq Смотреть на Youtube