Айсаным Қастеева: Бейнелеу өнері де бизнестің бір түрі, оны дамыту үшін қолдау керек

15049

Әйгілі суретші Ә. Қастеевтың шөбересі қандай кәсіпті қолға алды

Бұл туралы Айсаным Қастеева Forbes.kz  тілшісіне берген сұхбатында айтады.

F: Айсаным, қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаған қылқалам шеберінің жолын ұрпақтарынан кімдер жалғастырды. Жалпы өзің  сурет өнеріне қаншалықты жақынсың, бұл саламен байланысың қандай?

- Иә, мен Әбілхан Қастеев атамның шөбересімін. Менің нағашыларым да Қазақстанға белгілі азаматтар.  Тарихи тақырыптарды жарыққа шығарған, Қазақстанға еңбегі сіңген, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, профессор Репин академиясын бітірген  Мұхит Қалимов.  Әбілхан Кастеевтың баласы Нұртілеу атам гипстен неше түрлі бұйымдар жасаған, кызы Гүлназия тәте  Т. Жүргенов атындағы оқу орнында сурет мұғалімі болып істейді. Әбілхан  атамнын немерелері Даурен мен Сауран Кастеевтер де шет елге белгілі суретшілер. Әкем дизайнер. Ал нағашы әжем Лиза Қалимова  Ә.Қастеев мұражайында  40 жыл бойы еңбек еткен алғашқы  суретші-рестовратор. Ол 13-14 ғасырға жататын экспонаттарды қалпына келтірген, «Құрмет» орденінің иегері. Анам да бірнеше еңбектерімен танылған суретші, Суретшілер одағының мүшесі,    жақында Кипрдегі көрмеге қатысып қайтты. Менің айналам шығармашылық адамдарына толы, жақындарымның бәрі өнерлі адамдар, өнер қанмен беріледі дегенге сенемін және оған толық көзім жетті.  Өзім де сурет өнерінен алыстаған жоқпын.  

F: Демек, бәрі Әбілхан Қастевтың жолын жалғастырды ғой?

- Менің әкем интерьер дизайнері. Өзінің студиясы болған. Бірақ, қазір бұл саладағы жұмысын тоқтатты. Менің 18 жастағы туған інім бар, ол да  басында қанмен берілген өнер жолын жалғастырғысы келіп, сурет мектебінде оқуды қолға алған болатын.  Алайда,  уакыт өте келе өнер адамдарының  жолы қандай болатынын түсініп, өнер мектебін тастап, Алматыдағы колледжде аспазшы-технолог мамандығына түсті. Қазір Аллаға шүкір, өз мамандығы бойынша жұмыс істеп, табыс тауып жатыр. Мен інімнің өнер саласын тастап,  өзге саланы таңдағанына өте қуаныштымын және  болашақта өзін толық қамтамасыз ете алатынына сенімдімін.

F: Сенің кішкентай кезіңде  салған суреттерің Нидерланды көрмесіне қойылған екен. Бұл қай кезде болды, қандай туындылар және қандай көрмеге қойылды?

- Мен негізі 2 жасыман бастап сурет сала бастадым. Себебі, үйде түрлі бояулардың ортасында өстім. Осылайша менің суреттерім ЮНЕСКО көрмесі әзірлеген кітаптарға шықты.  Ал 5 жасымда Нидерланды Королдігінің Ә. Қастеев атындағы мұражайда өткізген «Қызғалдақ және адам» көрмесіне қатыстым. Сол кезде  менің суреттерім жақсы бағаланып, оларды Нидерландыдағы  көрмеге алып кеттті.  Кейін олар сол мемлекеттің көрмесінде сатылып кетті. Сол кезде Нидерланды Королдігінің елшісі бірінші дәрежелі диплом мен бірнеше сыйлықты өз қолымен табыс еткені қазірге дейін есімде.     «Бала би» журналынан тілшілер келіп, «Адам болар бала алысқа қарайды» деген мақала жазған болатын. Онда өзім туралы және өнерлі отбасым туралы жазған болатын.

F: Алғашында шет мемлекетте білім алуды ойлаған екенсің. Жоспарың  іске асты ма?

Иә, әрбір баланың өз арманы болатыны белгілі. Менің кішкентай кезімдегі арманым шет мемлекетте білім алу еді. Бірақ, оған қол жетпеді. Әртүрлі жағдайларға байланысты  оқуға  бара алмадым.

F: Өнер университетінде «Театр және костюмдер бойынша суретші» мамандығын меңгеруде екенсің. Тек білім алып қоймай, сурет өнерін киім үлгілерімен байланыстырудасың. Оның өзге өнер түрлерінен ерекшелігі неде?

Қазір өнер университетін бітірудемін. «Театр және костюмдер бойынша суретші» мамандығын меңгердім. Басқа өнерден ерекшелігі туралы айтатын болсам, ең алдымен бұл іс өзіме өте ұнайды.  Сонымен қатар, мақсатым- халқымның, ата-бабамның  салт-дәстүрін жоғалтпай, оларды халық арасында жаңаша түрде көрсету. Оюлы камзол,үкілі бөрік, сылдырлаған шашбау.  Бір сөзбен айтқанда осындай керемет бұйымдармен сызылып, сұлуланып шыға келген  қыздар кімге ұнамасын.   Мен олардың эскиздерін өз ойыммен, қиялға беріле отырып жасаймын. Әрине, бұның бәрі оңай шаруа емес. Мысалы, бір костюмге үш айдай уақыт кетеді. Себебі, бәрі қолдан жасалады.  Оның үстіне  материалдарын іздеу, тігу, бояу, бұның бәрі  өз қолымнан шығатын дүниелер. 

F: Әрбір қылқалам шеберінің өз қолтаңбасы бар. Ал жалпы сурет саласында жаныңа қандай жанр, қандай бағыт жақын болды?

Суретшілердің өз қолтаңбасы болатыны рас. Мен көбіне қазақ киімдерін қазіргі заман талабына сәйкестендіріп шығарғанды ұнатамын. Көптеген киім үлгілерін, өз коллекциямды жасап шығардым. Менің жасаған еңбектерім көпшілікке ұнаған сияқты. Себебі, тапсырыстар болып тұрады.

F: Тапсырыс  кімдердің тарапынан болды?   

Соңғы тапсырыстардың ішінде президент оркестрі болды, ондағы он бишіге көйлек әзірлеп бердік. Жолдасым Нұрлан да көп көмектесті, ол да өнер адамы. Архитектор.

F: Сенің қолыңнан шыққан киім үлгілері негізінен кімдерге арналған.  Өтімділігі қандай? Қалай бағалануда? Құны неге байланысты?

- Менің қолымнан шыққан киімдер әсіресе әншілерге, бишілерге өте ұнайды. Ұнатқандар бірден алып кетеді. Ал олардың бағасы жасау уақытына, құндылығына тікелей байланысты. Кесіп айта алмаймын. Жұмысы қиын болған сайын, олардың бағасы жоғары болады. Ең жоғары бағаланған киімдерім президент оркестрі бишілерінің костюмдері болды. Ал нақты бағаларына келсек, киімдердің құны 250 000 теңгеден басталады. 

F: Қазір сенің танымалдылығың артып келеді. Сенің Кастеевтың шөбересі екеніңді өнер саласында, шоу-бизнесте көпшілік біле бастады. Бұл сенің шығармашылығыңа қаншалықты әсер етуде, ықпалы бар ма?

Киім үлгілеріне  тапсырыс бергенде Қастеевтың шөбересі екен деп бермейді. Оларды негізінен менің жұмыстарым қызықтырады, ерекше ұнатады.  Оның үстіне мен өз еңбектерімді шыққан тегімді таныту үшін  көрсетпеймін. Өзімнің дарынымды  одан әрі дамытып, еңбектеніп, өз кәсібімнің болғанын қалаймын. Өзімшілдікті, атақты онша ұнатпаймын. Бір сөзбен айтқанда танымал болу үшін емес, табысты болу үшін еңбек еткім келеді.

F: Астананың 20 жылдығында халықаралық этникалық сән марафонында жүлдені жеңіп алған екенсің. Қандай үлгілерді ұсындың, қандай ерекшеліктеріне қарай бағаланды?

- Иә, Елорданың 20 жылдығында  халықаралық этникалық сән марафонында бас жүлдені жеңіп алдым. Киім үлгілерінің өз ерекшелігі болды, бұл жас қыздарға арналған жаңаша түрдегі сән үлгілері, оның ішінде қазақтың әртүрлі ою-өрнектері, «наурыз» бейнесі және  сурет бейнелері де болды.  

F: «Я люблю тебя, Ақерке!» атты киноға түскеніңді білеміз. Саған онда түсу туралы ұсынысты кім жасады, фильмге қалай өттің? Алғашқы рөль қиынға соққан жоқ па?

- Ұсынысты ешкім жасаған жоқ. Мен киноға түсемін деп ойлаған жоқпын.  Бірінші курсты оқып жүргенде «Шабыт» университетінде кастинг болып жатқаны туралы хабарландыруды көрдік. Сосын құрбым екеуміз барып көруді шештік және талап еткен қойылымдарын жасап, басты рөлге өтіп кеттім. Фильмге сол кездегі жігітім, қазіргі жолдасым екеуміз бірге өттік және бірге түстік. Киноға түсу барысында  мені Ақеркенің ата-анасы қалай қабылдайды деген сұрақ мазалады. Сонымен қатар, қатерлі ісік аруына шалдыққан Ақеркенің бейнесін  алып шығуға барынша талпындым. Сол үшін шашымды да алғыздым, ал жолдасым маған көп көмектесті.

F: Ал сенің кинодағы  еңбегің қалай бағаланды? Туындыға түсудегі мақсат танылу, табыс табу болды ма, әлде махабат пен шынайы достықты, ізгілікті дәріптейтін картинаға үлес қосу болды ма?

- Бұл шынайы оқиға желісі бойынша түсірілген фильм. Жас кеткен Ақеркенің өмірі өте аянышты болды.  Менің мақсатым-кинодағы жастардың бір-біріне деген қамқорлығын, махаббатты, адамгершілікті, достықты, қайырымдылықты көрсету болды. Ал табыс табуды ойламадым.

F: Бұл фильмнен кейін ұсыныстар болды ма? Тағы түсу  ойда бар ма?

- Иә, мені бұл фильмінен кейін киноға түсуге бірнеше рет шақырды, бірақ өкінішке орай менде  уақыт болмады.  Әрине, алдағы уақытта өзіме жақын, маңызы зор, жағымды фильмдерге шақырып жатса түсуге болады. 

F: Қазір табыстың көбі әлеуметтік желіде. Сен онда қаншалықты белсендісің?  Өнеріңді ғаламторда ілгерлетуге қалай қарайсың?

- Әрине, әлеуметтік желі деген ол да бір жұмыс. Ақша салып, кейбір жұлдыздарға ақысыз киім тігіп, жарнама жасатпасаң ешкім де білмейді. Сондықтан, әлеуметтік желіде қаражат жұмсап, жұмыс істеудемін.

F: Еуропада сурет өнерінің қалай бағаланатыны белгілі. Бәрі жолға қойылған. Ал біздің   салаға  менеджмент, жарнама, қолдау қаншалықты қажет?     

- Әрине, Еуропада сурет өнері өте жоғары бағаланады. Ал бізде ондай дәрежеге жету үшін көп уақыт керек. Тіпті, көбісі суретшілерді түсіне де білмейді, шығармашылық жұмыстың қиындығын ұғына бермейді. Арманым-өнерді көтере білсе.  Кейде болашақта осы киім саласында қаламын ба, жоқ па  деген ойлар келеді. Себебі, қолөнерді терең түсінетін, қолдайтындар аз. Әрине, менің айтайын дегенім: нағыз шебер адамдарға қолдау көрсетсе,  көмек болса екен деген ой. Олай болмаса қандай да бір грантпен немесе  грин картамен шетелге жіберсе екен. Меніңше осының бәрін жүйелейтін, сурет өнеріне қолдау көрсететін арнайы кешенді бағдарлама қажет.  Бейнелеу өнері де бизнестің бір түрі, оны дамыту үшін қолдау керек. Бірақ, әзірге олай емес. Мен өз басым бұның бәрін  ішінен көріп жүрмін.  Сондыктан, енді өнер жолында бала кезімнен келе жатқандықтан  танымсыз жұмыс істеу керек, қалай болса да  қаржы тауып, баламды асырап, жарыма көмектесуім керек.

F: Ал шет ел қалай бағалайды? Еңбектеріңе сұраныс бар ма? 

- Бір ғана мысал келтірейін. Мен 2017 жылы Экспода Катар павильонында жұмыс істеген болатынмын. Сурет салдым, балалармен жұмыс істедім.  Сол кезде менің еңбектерім павильон басшылығы тарапынан жоғары бағаланып, олар менің әдемі салатынымды айтып,  маған арнайы  тапсырыстар берді. Ал мен оларға Катардың, ел астанасы Доха қаласының суретін бейнеледім және олар еңбектерімді өздерімен қуана алып кетті.

F: Сенің қолдаушыларың бар ма? Кімдермен жұмыс істейсің?

- Иә, қолдау көрсеткен кейбір жұлдыздарга мың алгыс! Әсіресе,  Жазира Байырбекова ханымга, Балжан Бидашқа, Дана Кентай деген әншілерге рахмет айтқым келеді.  Аттары аталған жұлдыздар менің киімдерімді көрсетіп, халық алдына шыққан соң,  мені ел кішкене болса да тани бастады. Осы көмектерінің өзі үлкен қолдау.   Жалпы, мен өнер жолымның басында маған көмек бере алатын медиа саласының адамдарынан қолдау сұрап көрген едім.  Бірақ, уакыт өте келе мен бір манызды нәрсені түсіндім: қазір бәрі бір- біріне шын жүрекпен, адал оймен көмектесіп жүретін заман емес.    Қазір бәрі өз алдына, әркім өз қамын ғана  ойлайды. Біреу екінші беруге көмектесе бермейді, көмектескісі келмейді. Әсіресе, бұл  осы сурет, өнер, дизайн саласында көп байқалады. Себебі,  бәрі бір-біріне бәсеке ғой. Сондықтан, ешкімен көмек сұраумауды  шештім. Өзіммен өзім болып, өзімнің жан жарыма арқа сүйеген дұрыс деп ойлаймын.

F: Ал бұл саланы таңдағысы келетіндерге не айтасың?

- Әлеуметтік желіде маған өте көп сауал қойып жатады. Қыздар мен келіншектер мен сияқты дизайнер болғысы келетіндерін  айтады, армандайды, мені үлгі тұтатындарын жеткізеді. Қайда оқу керектігін, не істеу керектігін сұрайды. Бірақ, кейде не айтарымды білмей қаламын. Себебі, өнер жолы қазіргі күні  өте қиын. Егер бұл саланы тандасаңыз күні-түні еңбек етуге дайын болыңыз. Иә, бұл  өнер өте әдемі, таңқалдырады, көздің жауын алады,  бірақ оның жүгі тым ауыр, ал оны көтере аламын десеңіз, мархаббат!

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить