Ақтаулық Дина Сырғабаева бастапқы капиталсыз қалайша бірнеше бизнес түрін жолға қойды

Кешегі педагог, бүгінгі іскер ханым неліктен өз кәсібін өзгелермен бөлісуде

Бұл туралы Дина Сырғабаева  Forbes. кz тілшісіне берген сұхбатында айтып береді. 

F: Дина ханым, Сіз бизнеске қай кезде келдіңіз? Алғаш неден бастадыңыз?

- Мен бизнес саласына осыдан 20 жыл бұрын, тоқсаныншы жылдары елімізде экономикалық дағдарыс болып жатқан кезде, жұмыссыздық белең алып тұрған уақытта  келдім. Киім, тамақ, тауар тапшы болып тұрған қиын заман еді. Осындай жағдайда кәсіп бастауға тура келді, жан бағу үшін амалсыздан тәуекелге баруға мәжбүр болдық. Бұл 1998 жылы, Ақтау қаласында болатын. Біз кеңес заманының психологиясымен тәрбиелендік, ал бизнес дегеннің не екенін білмедік, ондай түсінік, ондай білім де болмады.  Сол кезде менде киім тігетін цех ашу туралы идея болды. Себебі сол кездері адамдарға ең алдымен керегі осы болатын. Осылай алғаш «Әсем» деген фирма пайда болды. Ал кейін жиһаз шығаратын өндірісті іске қостым. Бір сөзбен айтқанда не тапшы, адамдарға ең алдымен не керек, соны шығаруға тырыстым. Сосын кафе, ресторан деген өте аз болды. Адамдар той, банкет жасасығы келеді. Бірақ, ондай арнайы орындар болмады, тым аз еді. Осыны ескеріп ресторан аштым. Айналама қабілеті бар, іскер, еңбекқор адамдарды жинадым. Бизнесте бұл өте маңызды.

F: Ал Сіздің алғашқы мамандығыңыз педагог екен. Бұл саладан неліктен кеттіңіз? Сол кездері бизнес бастау үшін қолыңызда  белгілі көлемде қаражат болды ма?

- Мен өзім филологпын, 5 жыл оқыдым, педагог болып істедім. Бірақ ұстаз мамандығы бойынша ұзақ қызмет еткен жоқпын. Бес жыл білім алғаныммен  диплом бойынша тек жарты жыл ғана еңбек еттім.  Осылай таңдаған мамандығыммен қош айтысып, бір жола бизнеске қарай бет бұрдым. Ал қолымда ешқандай қаражат болған жоқ. Тігін цехы туралы айтатын болсам, о баста 4-5 тігін машинаны біреуден қарызға алып, оның ақшасын кейінірек, ісіміз алға басқан кезде беруге келістік. Уақыт өте шығарған тауарларымызды сатып, олармен толық есептестік, әлгі машиналардың қарызынан құтылдық.  Жиһаз цехын ашқан кезде де көп ақшамыз, несиеміз болған жоқ. Біз жұмсақ дивандарды жасаумен айналыстық, олардың үлгісін өзге дүкендерден көріп алып, артынан соған ұқсатып жасайтынбыз, себебі бізде тәжірибе болған жоқ. Ағаштарын басқа цехтарға апарып кестіріп, кейін оған поролон салып, сыртқы бөлігін қажетті маталармен қаптап, еш қиындықсыз құрастыра беретінбіз. Сырт көзге жиһаз жасау күрделі шаруа болып көрінеді, бірақ шын мәнінде олай емес. Бізде ең алдымен идея және талпыныс, іске деген ерекше ынта мен ықылас болды. Сондықтан болса керек, біз бастаған бизнес өзін ақтады, уақыт өткен сайын табыс әкеле бастады. Ресторанның тарихы да қызық. Бірде таксиге отырып, танысымды кездестіріп қалдым. Сол кезде әлгі азамат құрылыс компаниясында істейтін шет елдіктерді тамақтандыратын кафе, ресторан  іздеп жүргенін айтты. Шамамен 100 адамға ас дайындау керек екен және олардың саны өсетінін жеткізді. Мен бірден солар тамақтанған кафелердің біріндегі шеф-аспазшыны өзіме жұмысқа шақырдым, менде ресторан болған жоқ, бірақ оны ашатын зал болды. Шұғыл түрде асхана құралдарын сатып алып, өзімнің қарамағымдағы тігін цехы онда перделерін тігіп, жиһаз цехы онда қажетті орындықтар мен дивандардың бәрін тез арада жасап берді. Бір аптаның ішінде ресторан дайын болды, әлгі компанияның өкілін шақырып көрсеттік, өзара келісімге келіп, бізден түс кезінде тұрақты түрде 100 адам тамақтанатын болды. Біз оларға асты құрылыс алаңына жеткізіп беріп отырдық.

F: Ал табысыңызды  өзге салаларға салып көрдіңіз бе? Әлде осы жұмыстармен шектелдіңіз бе?

- Жоқ, мұнымен тоқтаған жоқпын. Мен уақыт өте кілем тігу ісін қолға алдым. Мен үнемі жүрген жерімде, танысқан адамдарымнан ең алдымен қолынан не келетінін сұрап жүремін. Бір күні Түркіменстаннан көшіп келген бір әйелмен әңгіме құрып отырып, оның кілем тоқумен айналысатынын білдім. Әдетте, кілем дегенде үлкен фабрика, үлкен өндірістік механизм көз алдымызға елестейді және оған үлкен қаражат қажет деп ойлаймыз. Бірақ, олай емес екен. Кілемді арнайы құралдармен бір немесе екі адам тоқи береді екен. Мен инженер-құрылысшы болып істейтін ініммен, өзіміз ашқан дәнекерлеу орталығында тоқуға қажетті құралды жасап бердік. Әлгі танысқан адамым бір екі аптаның ішінде қолдан алғашқы кілем тоқып шығарды. Осылай біз кілем шығаруды қолға алдық. Ал осыдан кейін сұранысқа сай шаштараз ашуды ойластырдық және олардың бәрі қазірге дейін жұмыс істеп келе жатқанына қуанамын.

F: Сіз өз кәсібіңізді ашып қана қомай, өзгелердің бизнес бастауына қолдау көрсетеді екенсіз. Тіпті кәсібіңізді  бере салған кездер де болған екен. Бұның себебі неде?

-Иә, мен өзім ашқан кәсіптің бәрін қолынан іс келетін, кезінде бірге істеген, жанымда болған азаматтарға тапсырдым. Олар орналасқан жылжымайтын мүлік менікі, ал бизнесті  толығымен өздері дамытып, жүргізіп, отбасыларын асырап келеді. Мен үшін басты нәтиже осы деп ойлаймын. Мен үшін әрбір адамның табысты, бақытты болғаны маңызды. Бізде қолынан іс келетін адамдар көп, тек оларға жол көрсетіп, аздап демеу жасап жіберу керек.

F: Қанша адамға қолдау жасадыңыз? Олар қандай салаларды қолға алды?

- Бір ғана мысал келтірейін.  Мен қазір астаналықпын, біраз уақытан бері бас қалада тұрамын. Біз тұрып жатқан жерде 4-5 үйге қызмет көрсететін бір бағбан болатын. Ерболат есімді жігіт ауламызда бос жатқан жерлердің бәрін абаттандырып, онда алма, шие, алмұрт, қияр, қызанақ, баклажан сынды турлi жемістерді егіп, жайқалтып тастады.  Бір мың теңгеге дәнді дақылдарды, көшеттерді алдыртып, климаты қолайсыз өңірдің үш айында керемет жеміс алатын. Мен сол кезде одан неліктен өз шаруаңды ашпайсың деп сұрайтынмын. Ал ол өз кезегінде жер жоқ, қаржы қажет дегенді айтумен болды. Мен оған қала сыртынан жер алуға көмек беріп, қажетті қаражатын қолына ұстаттым. Осылайша Ерболат әкімшілік арқылы қала маңынан екі гектар жерді жалға  алып, онда қарбыз, капуста, картошка егіп, күзде керемет пайдасын көрді. Келесi жылы Торғай жаққа барып, оншақты гектар жерге егін екті. Қазір мен оған Маңығыстау немесе Шымкенттен үлкен жер алып беріп, жылыжай салып, дүкен ашып, одан үйренгісі келетін адамдарды жанына жинағым келеді. Бір нәрсені айта кету керек, мен оған тек себепкер ғана болдым, ал ол осылайша үлкен шаруаның иесі атанды. Ал қолдау көрсеткен адамдарды санамаймын, шамамен 15-20 адам болатын шығар.

F: Ақтауда «Маңғыстау кәсіпкерлерінің лигасы» ұйымына жетекшілік еттіңіз. Оның миссиясы қандай болды? Нәтижесі қандай?

- Лиганың ашылғанына да 20 жыл уақыт болды. Ол не үшін қажет болды? Ол кезде бизнесті қорғайтын, бизнесті қолдайтын көп заңдар болмады. Біз күнделікті бизнесте кездесетін қиындықтарды шешу үшін, оған қандай заңдар қажет екенін, бизнесті дамыту үшін қандай өзгерістер енгізу керектігін көтеру үшін осы ұйымға біріктік. Сол себепті қоғамдық бірлестікті аштым және оның нәтижесі өте жақсы болды. Себебі, ойларымыздың көбі қабылданды. Ал ол кезде кәсіпкерлердің жағдайы өте қиын болатын, кафе ашқан жағдайда ең алдымен клиенттер емес, кұзырлы органдар  тексеруге келеді. Бұл кезде тексеруші мемлекеттік органдардың саны болса 20 жуық болатын. Ал олар қай кезде келгісі келеді, өздері біледі, қалаған уақытында тексереді, бірде кафені жауып, енді бірде айыппұл салып кете беретін. Осындай қоғамдық бірлестіктердің арқасында, мемлекет қолға алған шаралардың нәтижеінде қазір олардың бәрі барынша қысқарды.

F: «Говорим делами» атты жобаңыз бар екен. Оның мақсаты қандай?  

- Мен бір күні әлеуметтік желіден «Говорим делами» деген байқаудың  жарияланғанын байқап қалдым. Кейін оның «Сорос -Қазақстан» қоры мен үкіметтік емес ұйымның бірі бірлесіп ұйымдастырғанын  білдім. Мен 20 жыл бойы атқарған ісімді, жасаған қолдауымды, қоғамдық жұмыстарымның бәрін тізіп жазып, сонда жолдадым және нәтижесінде жеңімпаз атандық. Бізді халықаралық сарапшылар жақсы бағалады, қолдады және біз оған өте қуандық.  Біз бұл жұмысты лига аясында жүргізіп отырмыз.

F: «Қарекет» деген бастаманы қолға алып жатыр екенсіз. Бұл жоба қалай жұмыс істейді?

-Иә, біз қазір «Қарекет», «Жақсылық жаса» деген қоғамдық қор аштық. Айнұр деген көмекшім бар.   Мақсатымыз-Қазақстандағы мұқтаж жандарға көмек беру, жұмыс табуына ықпал ету, өз ісін ашуға қолдау жасау. Мен қазір тігін бойынша 1 млнға жуық тапсырыс алып отырмын, алдына ала жасалған келісіміміз бар. Осы жұмысқа аймақтардан адамдарды жұмылдыру ойымда бар, логистиканы ұйымдастырып, бәрін есептеп, бізбен бірге істеуге ниеттенген азаматтармен жұмыс бастап жатырмыз. Бұл үшін Үкіметтің, Президенттің қолдауы маңызды. Ал біз ондаған, жүздеген, мындаған  жұмыс орындарын ашуға әзірміз. Бір айдың ішінде осы шаруаларды қолға аламыз, бұйырса.

F: Астанада немен айналысасыз? Жаңа кәсіп түрін қолға алған жоқсыз ба?

- Иә, мен көптен бері осында тұрамын. Қазір жылжымайтын мүлікпен айналысудамын.  Елордада, еліміздің басқа қалалары және Ақтау өңірі қамтылған. Қазіргі бизнесім осы саламен тығыз байланысты.

F: Әлеуметтік желіде белсендісіз. Ғаламторда қандай жаңалығыңыз бар?

- «Kazbugin», «Здесь и сейчас» деген екі жаңалықтар арнасы бар. Қазақшасы өз аудиториямызға бағытталған, ал орысшасын Ресей, ТМД азаматтары көптеп оқиды. Мен оны қазір қаржылай қолдап отырмын.  Алғашында онымен менің қызым айналысты, ол Англияда оқыды, журналистика факультетін бітірді. Қазір қызым басқа шаруаларды қолға алды. Ал жоба жалғасып жатыр.

F: Филолог мамандығын кәсіпкерлікке ауыстырғаныңызға өкінбейсіз бе?

-Өкініш жоқ. Бірақ, менің бойымда ұстаздық қасиет бар деп ойлаймын. Өйткені, білгенімді үнемі үйреткім келіп тұрады. Кәсіптегі өз тәжірибеммен бөліскім келіп тұрады және қолымнан келгенше солай жасап келемін.

F: Сіз кезінде бәрін жоқтан бастадыңыз. Ал қазір табысты кәсіпкермін деп айта аласыз ба?

-Иә, шүкір! Табыстымын деп айта аламын. Менің табысым бар, өзгерді. Әрине, миллиондаған, миллардтаған табыс емес. Жиырма адамға бизнес ашып беру үшін міндетті түрде миллионер болудың қажеті жоқ. Мысалы, мен үшін дүкен аралап, 1 млн теңгенің бұйымын алуыма мүмкіндігім бар. Бірақ, мен оданда бұл қаржыны  кәсіп ашамын деген адамға қолдау ретінде бергенді жақсы көремін. Бастысы материалдық емес, рухани байлық. Мысалы, қазір Қазақстандағы 1,5 млн кәсіпкердің әрқайсы бір адамға бизнес ашуға көмек берсе елімізде 1,5 млн кәсіпкер пайда болар еді.

F: Қазіргі күні қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?

- Қазіргі күні командамда 50 жуық адам жұмыс істейді. Олардың бәрі еліміздің әр аймағында, әртүрлі салада. Өндірістен бастап сатуға дейінгі процесті толық үйретіп бердім, ал іске қосылған кәсіптің  90% қазірде солардың иелігінде. Мен бұл жұмысты жалғастыра беремін.

F: Табысты болу үшін ең алдымен не қажет?

-Табысты болу үшін, мақсатыңа жету үшін табанды болу керек, шыдамдылық қажет және көп ізденген маңызды. Бизнес ашу үшін айлап, жылдап ойланудың қажеті жоқ, кейінге қалдырмаңыз.  Егер, жоспарладыңыз ба, онда үш күн ішінде белсене кірісіп кету керек.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
4658 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Загрузка...
26 февраля родились
Дмитрий Жеребятьев
финансист, экс-председатель правления СК «Коммеск-Омир»
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить