Алматыдан американың қылмыс әлеміне дейін

Банктегі транзакциялар арқылы алаяқтарды қалай анықтауға болады?

Элисар Нұрмағамбетов
ФОТО: © Benjamin Colon
Элисар Нұрмағамбетов

Элисар Нұрмағамбетов – Ғorbes-тің Next 1000 рейтингіне енген қазақстандық кәсіпкер. Оның танзаниялық серіктесі Амир Сундерджимен бірге құрған Consilienz атты компаниясы бар. Қызметі – Big Data арқылы қаржы әлеміндегі адам саудасы, есірткі қылмысымен айналысатын криминалдық топтарды, алаяқтарды анықтау. Құрылғанына екі жыл болған компания АҚШ-тың арнайы қызметімен бірлесе жұмыс істейді. Forbes 27-жасар кәсіпкермен сұхбаттасып, оның компаниясы, Америкадағы бизнес, шетелдіктерге қарым-қатынас туралы әңгімелесті.

Мен өзімді табу үшін көп іздендім

Шыны керек, ұзақ уақыт өзімді табуға тырыстым. Университет оқығанда 15-тен аса мамандықты көрген шығармын. Бизнес, экономикадан бастап маркетинг, кино, психология, әлеуметтану, фото түсіру – барлық саланы оқыдым. Тіпті, соңында ЖОО-ны Францияда аяқтадым.

Америкаға келген алғашқы жылдары менде үлкен амбиция, мегасупер жоба дайындау деген ой болмады. Қайта өзімнің кішкентай армандарымды орындауға тырыстым. Студенттік күндерді қызықты өткіздім, ойыңа келсе достарыңмен жинала салып Лас-Вегасқа бара салу дегендей өмір салты болды. Оның өзі маған екі түрлі нәрсені үйретті. Біріншісі – нетворкинг, байланыс орната білу керек. Басқа елден келген адамдардың Америкада қалай жұмыс істейтінін, Американың қалай өмір сүретінін көрдім. Екінішісі – шексіздік. Кез келген идеяны орындауға, кез келген ойды жүзеге асыруға болатынын білдім.

Кремний алқабындағы Plug and Play техникалық орталығында істеп жүріп, финтехтің (қаржылай технология) жұмысын көрдім. Финтехтер өз кезегінде RegTech-пен (реттеуші технологиялар) тікелей байланысты. Сол жердегі жұмыс кезінде банктердегі транзакцияға қарап көп нәрсені білуге болатынын түсіндік. Үлкен банктермен көптеген зерттеулер жүргізілді. Кейінірек осындай жоба дүниеге келді.

Жобаның қандай ерекшелігі бар?

Серіктесім Амир Сундерджи танзаниялық, бірақ Америкада тұрғанына 40 жылдан асқан. Ұзақ жылдар Канададағы Royal Canadian Mint-те жұмыс істеді. Ол біздің Ұлттық банктің бір нұсқасы тәрізді. Оған дейін бірге әріптес болып, кейін байланыс үзіліп қалған еді. Екі жылдан кейін қайта сөйлесіп, оған идеямды айттым. Амир Канаданың банкіне дейін Fiserv-те жұмыс істеген. Бұл компания – қаржылай, сервисті технологияның әлем бойынша ең үлкен жеткізушісі. 15 мыңнан аса банктер оның клиенті. АҚШ-тағы транзакциялардың 80–90 пайызы осы жер арқылы өтеді. Амир сол компаниядағы оперативті тәуекел, қаржылай қылмыс, терроризм тәрізді салада жұмыс істеді. Жобада керек болған методологиялық тұсын да өзі қосқан еді.

Алғашында бұл жоба туралы идеямды бір-екі достарыма да айттым, олар өз таныстарына айтқан. Арасында екі адам қызығушылық білдірді. Бірі Facebook-те жұмыс істейді, лентадағы жалған аккаунт, жалған жаңалықтардан бастап қауіпсіздікке дейінгі барлық нәрсеге жауап береді. Осыған дейін арнайы қызметте істеген, идеямды ұнатты. Екінші адам IBM компаниясынан келді. Бірақ біз компанияны Амирмен бірге аштық. Facebook-те жұмыс істейтін таныс біздің кеңесшіміз, ал IBM әріптесіміз болды.

Мен оқиғамды ертегі дей алмаймын, барлығы әдемі бола қойған жоқ, Алғашында инвестормен дұрыс жұмыс болмады, команда ауыстырдық, кейін пандемия болды. Бірінші жоба ғайыптың күшімен шықты десе де болады.

Ең бірінші серіктесіміз – IBM. IBM Кайман аралдары үшін тендерге қатысып жатты. Оларды салықтан жалтарғаны үшін, ақша жасырғаны үшін қара тізімге енгізген. Сол кезде IBM-ге біздің қызметіміз қажет болып, бірлесе отырып, осы жобаны жеңіп алдық. Үлкен зерттеу жасап, арнайы қызметке, сыртқы реттеуішке зерттеу жүргізуге көмектестік. Америка үшін сенің шетелде бірнәрсе жасап жүргенің аса маңызды емес, олар тіпті Еуропа мен Канаданы да көзге ілмейді. Бірақ біздің саламызда Кайман аралдары тәуекелі өте жоғары зона еді. Егер ол жерде бәрі дұрыс болса, сенің жобаңның жұмыс істей алатынын дәлелдегенің. Шыны керек, осы кейс арқылы нарықта белгілі бір беделге ие болдық.

Біз ұлттық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдермен жұмыс істейтін компанияға айналдық. Өте үлкен сомадағы қаражаттың нашар адамдардың қолына түскенін анықтадық, ұлттық қауіпсіздік деңгейінде өзімізді көрсете білдік. Кейін бұл жоба банктер мен жеке корпорациялар үшін де қызықты болды. Негізі банктер әрдайым жұмыс істейтін клиенттерін толығымен тексерістен өткізеді, себебі олар үлкен тәуекелге барады. Егер заңсыз тұлғаларға қызмет көрсетсе, мемлекет айыппұл салады. Айыппұл салынуы банк үшін проблема. Біріншіден, айыппұлдың көлемі үлкен, қаржылай жағдайы өзгереді, екіншіден нарықтағы беделіне сын. Сондықтан олар тәуекелдердің алдын алуға тырысады, бірақ барлық тәуекелдерді белгілі бір стандартқа айналдырады. Көбінде тексерулер «для галочки» жүретіндіктен, алаяқтар, заңсыз компаниялар банктің қызметін пайдаланып кетеді. Ал бір ғана Америкада 5000-нан аса банк бар. Пандемия кезінде іске қосылған CARES Act жобасы да банктермен жұмыс сферасында, ұлттық қауіпсіздік саласында үлкен тәуекелдер бар екенін анықтады. Тиісінше, біздің қызметіміз де үлкен сұранысқа ие болды.

ФОТО: © Benjamin Colon

Ақш үкіметінің жобасына қатысуымыз

Карантин кезінде АҚШ билігі халыққа көмектесу үшін көлемі 2,2 трлн доллар тұратын экономикалық пакет дайындады. Ол дағдарыста табысынан айрылғандарға үлкен көмек еді. Бірақ тым үлкен көлемдегі қаржының нарыққа бірден шығуы оған үлкен күш түсірді. Банктер табысынан айрылған адамдарға көмектесу үшін ақшаны тезірек таратып үлгеруі тиіс. Ол үшін клиентті тексеріп, өз талаптарына сай жеке мәліметтерін анықтау керек, бірақ бұл ұзақ уақыт алады. Сонда банк биліктен уақыт ұту үшін клиентті тексермеуге рұқсат сұрайды. Ал мемлекет «егер сіздің тұрақты клиентіңіз болса, осыған дейін тексеріс жүргізілсе, ақша бере беріңіз» дейді. Бірақ ол триллиондаған ақша, тек қарапайым тұрғындардан бөлек қылмыстық топтар мен картельдер, алаяқтар, террорлық ұйымдар да сол ақшадан үлес алғысы келеді. Мәселе ұлттық қауіпсіздік деңгейіне дейін көтерілді, біздің компания осы кезде арнайы қызметке алаяқтарды тезірек анықтауға көмектесті.

Big data қалай көмектеседі?

Бұл жерде екі түрлі тәсіл бар. Алдымен барлық клиенттердің мәліметтерін алып, іріктеп, сегментке бөліп, тәртіптері, қарым-қатынасына байланысты өңдейді. Бірақ бұл 1.0 өндірісі, ол өтіп кеткен. Қазір Big Data-мен жұмыс істеудің уақыты. Кез келген инженер келісетін болар, үлкен датамен жұмыс істегенде ең қиыны – сол ақпаратты дайындап алу. Банктерде клиенттердің жеке мәліметі дұрыс күйде сақталмайды. Аты-жөні дұрыс жазылмайды немесе біздегі ЖСН тәрізді жеке номері дұрыс көрсетілмеген. Ал қылмыскерлер көбінде шын атын айтып, жеке нөмірін дұрыс көрсетпеуі немесе жеке нөмірін көрсетіп, аты-жөнін өтірік айтуы мүмкін. Оны «синтетикалық тұлға» дейді. Біздің мақсатымыз – осылай жеке мәліметтері шатасқан адамдарды анықтау, барлық база арқылы табу.

Әдетте базалардағы ақпарат әртүрлі болады. Мысалы, мемлекеттік базада менің аты-жөнім, телефон нөмірім, электронды поштам жазылған. Ал корпоративтік базада мен басқа телефон, басқа мекен-жаймен тіркелгенмін. Бәрін түсіну қиын, бірақ оларды біріктіре алсаңыз, ортақ картинаны көресіз. Яғни, бұл саладағы нөмірі бірінші проблема – күдікті көрінген, жасырын байланыстарды анықтау. Қылмыскерлер өз атынан компания ашпайды, «лас» ақшаны алу үшін өз атынан транзакция жүргізбейді. Олар «левый» адамдарды немесе жалған компанияларды пайдаланады. Біздің қызметіміз – шынайы қылмыскерлер мен жалған компаниялар арасындағы байланысты табу.

Пандемия қаржылай қылмыстың сипатын өзгертті. Бұрын оның 250 түрлі моделі болды, ең қарапайым түрі мынадай еді. 10 000 долларды жымқыру үшін оны мың доллардан он адамға жібересің, кейін олар қандай да бір тәсілмен саған мың долларды қайтарады. Ал пандемия кезінде қолма-қол ақшамен жұмыс істеу азайды, есесіне цифрлық каналдарға түсетін қысым көбейді, яғни электронды ақша айналымы белсенді жұмыс істеді.

Әдетте Қазақстан банктерінде қаржылай бақылауға, қаржылай қауіпсіздікке он немесе одан да аз адам жауап береді. Ал Америкада жалпы штаттың 10 пайызы айналысады. JP Morgan тәрізді ірі компанияларда 10–12 мың адам жауап береді. Барлығы белгілі бір процесс айналасында жұмыс істеуге үйренген. Транзакция келеді, ол қаржылай қылмысқа тексеретін белгілі бір фильтрден өтеді. Күдікті болса, «қызыл жалау» қойып, ары қарай тергеуге кетеді. Ол жерде бірінші деңгейдегі, екінші деңгейдегі тергеу түрлері бар. Барлық қызметкерлер пандемия кезінде онлайнға өткенде, бұл процестердің уақыты ұзарады, оны қылмыскерлер де біледі. Ендігі мақсаты – тек ұсталып қана қалу емес, шу арасында жоғалып, білінбей кету, өзіне күдік туғызбау. Ол жалған шу тудырып, ақпараттық жүктемені күшейткенде, елеусіз қалуға 98–99% мүмкіндік бар. Демек, сонша көлемдегі адам жасырын кетті деген сөз.

Қылмыстық топтар қалай жұмыс істейді?

Көпшілік алаяқтар өздерін ақылдымыз деп ойлайды. Үкіметтен көмек алуға өтініш беріп, ар-тынан сол ақшаға «ламборгини» сатып алады. Біз олардың бәрін анықтауға тырысамыз. Дәл сол сияқты террорлық ұйымдардың байланыстарын анықтаумен де жұмыс істейміз. Мәселен, «Хезболла» ұйымы «Боко хараммен» байланысты. «Боко харам» Африкадан қаржыландырылады. Қазіргі террористік ұйымдардың көпшілігі бизнес ұйым сияқты жұмыс істейді. Олардың инновация, жаңа технология бөлімі, қаржы айналымымен жұмыс істейтін механизмдері бар. Ол қаржыны жұмсайтын өз нарықтары да болады. Мұндай ұйымдарға өз стратегиясын өзгерту үшін бір күн жеткілікті. Ал банк немесе арнайы қызмет оған реакция беріп, түсініп үлгеру үшін алты айға дейін уақыт керек.

Біз қылмыстың бір түріне ғана қарамаймыз, жалпы тұтас картинаны көруге тырысамыз. «Хезболла», «Боко харам» сияқты ұйымдар адам саудасынан жақсы пайда көреді. Адам саудасының түрі де көп. Мәселен, азиялық адам саудасы азиялық массаж салондары арқылы жүргізіледі. Ал еуропалық сауда дегеніміз – мәжбүрлеу арқылы жезөкшелікпен айналысуға көндіру. Әрқайсысының сценариі әртүрлі. Мысалы, бізге қымбат отельдер арқылы транзакциялардың жиі өткені күдікті көрінеді. Әдетте апта ортасында және пандемия, карантин кезінде көп адам қымбат отельдерге жиі бара бермейді. Ақшаның тек қана бір ғана көзден келуі де күдікке ілінеді. Бұл кейс көбінде Шығыс Еуропадағы адам саудасына қатысты. Ал азиялық адам саудасында қаржы ағыны басқаша жүреді. Ол қылмыстан түскен ақшаға қаружарақ сатып алып, террорлық ұйымдарды қаржыландыруы да мүлде басқа сценариймен өрбиді.

Біз осының барлығын тұтас картина ретінде көруге тырысамыз. Ең жоғарыдағы «ламборгини» сатып алып, жалған тек пайдаланатындардан бастап терроризмді қаржыландыруға дейінгі аралықты қараймыз.

ФОТО: © Benjamin Colon

Америка неге шетелдіктерге сенбейді?

Біздің саламызда кәсіппен кімнің айналысып жатқаны маңызды. Әдетте Кеннеди отбасында туылғандар, Гарвардты бітірген, ақ нәсілді, бір компанияның вице-президенті болғандар кейін өз кәсібін ашады. Немесе 20–30 жыл арнайы қызметте жұмыс істеп, кейін өз компаниясын ашатындар да бар. Ал шетелден келген адамның бұл салада компания ашуы өте сирек және оны қатты тексереді. Кремний алқабына келіп маркетинг сферасында жұмыс істесеңіз, сізге кәсіпкер ретінде қарайды. Банк саласында, арнайы қызметте, құзырлы органдарда, сот, заңнама істеріне қатысты жұмыс істесеңіз – ол жердегі ереже мүлде басқа. Турасын айтқанда, сіздің басқалармен құқығыңыз тең түспейді. Осы жағдайда біздің Next1000 рейтингінде болуымыз бізге белгілі бір дәрежеде салмақ берді.

Неге ондай қарым-қатынас дерсіз? Мәселен, мемлекет сізбен келісімшартқа отырды, тұтас бір жобаны сатып алды. Бірнеше жылдан кейін сіздің жағдайыңыз өзгерді, банкротқа ұшырадыңыз, кедейлендіңіз, жоба тоқтады. Бұл Кремний алқабындағы стартаптар үшін қарапайым сценарий, олардың 90%-ы бастапқыда құрдымға кетеді. Бірақ мемлекеттік деңгейдегі ірі жоба болса және ол тоқтап қалса, ақша кеткеннен көп зиян шегеді. Тәуекел тым жоғары, процестердің тұтас тізбегі тоқтап, үзіле бастайды деген сөз. Сондықтан кәсіпкерлердің адалдығына қарайды, тәуекелдерді алдын-ала білу үшін іріктеу өте қатаң жүргізіледі. Егер сіздің жобаңыз ұлттық қауіпсіздікке қатысты болса және ол бір сәтте тоқтап қалса, миллиондаған адамның өміріне әсер етеді. Сондықтан сіздің кім екеніңіз, қайдан келгеніңіз, немен айналысатыныңызды білу өте маңызды.

Біздің компанияны тексергенде тіпті «рөлде келе жатқанда телефон қолданбас үшін қызметкерлерге қандай шара қолданасыз?» деген де сұрақ болды. Бір жағынан, ол да – тәуекелдің бір түрі. Егер қызметкер телефон қолданып отырып апатқа ұшыраса, оның қызметі тоқтайды. Жобада үзіліс болады, ол бизнес иесі үшін де, клиент үшін де тәуекел. Мемлекет сізбен жұмыс бастамас бұрын компанияның қаншалықты мықты екені, қаржылай балансы, қанша қызметкері бар екені, артында кім тұрғаны және оның қаншалықты таза адам екені – бәрі тексеріледі. Егер сізді өміріңізде бір рет болсын мас күйіңізде көліктің рөлінде ұстап алса, ешқашан жобаға өте алмайсыз. Тіпті жұмыс істейтін кәсіпкердің атын айту қиын болса, елін танымаса, Гарвардта оқымаса, қосымша сұрақтар пайда бола түседі.

Қазақстандағы жемқорлықтың ерекшелігі

Америкадағы жемқорлық отандық нарықпен салыстырғанда басқаша жұмыс істейді. АҚШ жемқорлықпен күресте жеке секторды көбірек пайдаланады. Электронды нарық, көлеңкелі экономика, компаниялар деген ұғымдар бізде де бар. Бірақ бізде жемқорлық туралы түсінік басқа. Кредит беретін банк қызметкері немесе мемлекеттік сатып алуымен айналысатын қызметкер үшін жемқорлық жұмыстың бір бөлігі тәрізді болып кеткен, ешкім оған мүлде тыйым салынған табу сияқты қарамайды. Америкалық органдардың деңгейі Қазақстанмен салыстырғанда сапа, инновация жағынан артық дей алмаймын. Бірақ олардың жемқорлықпен күресте жеке нарықты пайдалануына ондағы тексерістің қатаң жүргізілетіндігі, тұрақты бақылау болатындығы себеп. Әрбір компания өзіне тауар жеткізушілерді толығымен, сатып алу бөлімінен бастап тауар қабылдайтын адамға дейінгі аралықтағы барлық байланысты тексереді. Компания таза болса – беделің де таза. Ал сатып алу кезінде туыстық байланыс сияқты дау шықса, бірден жаңалықтарда жүреді. Демек репутация зиян шегеді, бір адам ғана емес, компания имиджіне де минус. Сондықтан жеке нарықта жұмыс істеген жақсы.

Нарық реттеушісі де көп және жиі айыппұл салатынына қарамастан, – жеке сектордың, компаниялардың досы. Айыппұлды да бірден салмайды. Проблема болса, арнайы қызмет бірлесе жұмыс істеуге тырысады, көмектеседі, ресурс береді. Ал корпорация оның бәрін елеусіз қалдырса, айыппұл түрінде «балға» келеді. «Балға» келгенде бәрінің жағдайы қиындайды.

Біздің жүйеміз жемқорлық- пен күресуге көмектеседі, бірақ мәселе оны қалай және қай жерде пайдаланатындығында.

ФОТО: © Benjamin Colon

Үндістанмен жұмыс істейміз

Үндістанмен салыстырғанда Қазақстандағы ІТ мамандардың деңгейі әлдеқайда мықты дер едім. Олар 3 есе мықты жұмыс істейді және үнділермен салыстырғанда 3 есе арзан төлем сұрайды. Бірақ бар мәселе коммуникацияда, бизнестегі жұмыста. Біздің компаниямыздың Кремний алқабында да, Үндістан да бағдарламашылар командасы бар. Неге үндістандық командамен жұмыс істейміз? Егер аяқ астынан форс-мажорлық жағдайлар туындаса, апталап компьютермен жұмыс істеуге тура келетін күндер болса, олар шыдайды, төзімділік танытады. Ал қазақстандық мамандарға жұмыс көбейіп кеткені ұнамай қалуы мүмкін, арадағы процесті басқару қиын. Бұл – бизнес үшін тәуекел. Клиентке: «Кешіріңіз, бізде жүктеме көп болып кеті, үлгермей жатырмыз», – деп айта алмайсың. Келесі жолы ол сенімен жұмыс істемей қояды. Бір ғана өнім болуы жеткіліксіз, адамдармен қарым-қатынас, байланыс орната білу керек.

Егер тапсырыс берушіге «мен жасаймын» деп уәде беріп, бір айдан соң бас тартсаң немесе тапсырыс берушінің өзіне күмәнданып, қосымша сұрақтар қоя бастасаң, ондай сәттер бәрін жойып жібереді. Мүмкіндіктер жойылады. Америкадағы корпоративті нарық үлкен болғанымен, барлығы бір-бірін таниды. Әрбір қателікті ұмыту үшін ұзақ уақыт кетеді, нарық ондайды кешірмейді.

Ортақ жобамен жұмыс істегенде америкалықтар бірінші деңгейде қатты сенім білдірмейді. Сізден үнемі «кімсіз, қайдан келдіңіз?» деп сұрайды. «Бес жылдан кейін осы нарықта боласыз ба, оны қалай дәлелдей аласыз?» деп сұрауы да мүмкін. Мұндай қарым-қатынаспен күресудің бір жолы – тұрақтылық, үнемі байланыс.

Өзгелерге пайдалы болу

Next 1000 тізіміне енуім жеке өміріме айтарлықтай әсер еткен жоқ. Аздап әлеуметтік желідегі жазылушылар саны өсті, бірақ мен оған мән берген емеспін. Адамдар көбірек біліп, мені танып жатқаны, отандастарымның мақтан тұтатыны қуантады, әрине. Түрлі шараларға шақырады, пайдалы болсам, бар білгеніммен бөлісуге тырысамын.

Ең дәулеттілердің тізімінде болу деген амбиция жоқ. Ол белгілі бір жұмыстың нәтижесінде келеді. Мақсат – Forbes тізімінде болу емес, маңызды, пайдалы нәрсемен айналысу. Егер соның нәтижесінде Forbes рейтингіне енсем, ол тамаша болар еді.

Қазір мен өзіме ұнайтын нәрсемен айналысамын. Мен үшін ең бастысы – пайдалы болу.

Қазақстанда туып, Америкада жетістікке жету үшін белгілі бір талап жоқ, әркімнің жағдайы басқа. Бірақ бір айтарым – барлығы ниетке байланысты. Ниет, ой таза болса, бәрі дұрыс болады. Сенің кім, қайдан екенің маңызды емес, бірақ әрдайым пайдалы болуға тырыс. Егер үнемі пайда әкелуге тырыссаң, саған да үнемі есік ашылады.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
1341 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторах:
Загрузка...
25 июля родились
Именинников сегодня нет
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить