Ғаламтордағы сергелдең

9814

Қазақстандық қолданушылар антиресейлік санкциялар аясында

ФОТО: © Depositphotos.com/BrianAJackson

Әлем бойынша дамыған елдердің Ресейге қарсы санкциялары қазақстандық қарапайым тұтынушыларды да әуреге салмай қойған жоқ: мысалға, кейбір онлайн сервистерге қол жеткізу тұрғысында. Әсіресе, батыс сервистеріне ресейлік инфрақұрылым негізінде шығып жүрген қолданушылар үшін.

Ресей экономикасына тікелей тәуелді Қазақстанда Батыс елдерінің антиресейлік санкциялары,  ең алдымен, ішкі нарықтағы азық-түлік пен тұтыну тауарларының қымбаттауы түрінде көрініс берді.

12 мамырда Елордада өткен үкімет отырысында Ұлттық Банк төрағасы Ғалымжан Пірматов, сәуір айында инфляция 13,2%-ға дейін қарқындап өсті деп мәлім етті (наурыздағы 12%-дан). Ал азық-түлік бағасы – биыл наурыздағы 15,4%-дан 17,9%-ға дейін, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы наурыздағы 10,9%-дан 11,1%-ға дейін өсті.

Әйтсе де Ресей экономикасына деген тәуелділік біздің елде тек бағаның өсуімен, логистикалық іркілістермен, экспорттық квоталармен ғана байқалып отырған жоқ. Батыстың әртүрлі саладағы кәсіби онлайн сервистеріне Ресейдің интернет кеңістігі арқылы шығып жүрген қазақстандық қолданушылардың айтуынша, бұл бағыттағы антиресейлік санкциялардың екпіні айтарлықтай қатты.

Мысалға, ғаламтор мүмкіндігін ресейлік инфрақұрылым негізінде қолданып жүрген қазақстандықтар бүгінде білім алу, жұмыс іздеу, көңіл көтеру сынды шетелдік бірқатар танымал сервистерге қол жеткізу айтарлықтай қиын немесе едәуір қымбат деген уәж айтады.

Айта кету керек, соңғы жылдары Ресей де, Украина да Skillbox, Нетология, Prometheus сынды білім беруші онлайн платформаларды дамытуға барынша мән берді. Алайда дәл қазір украиндық қызметтердің мүмкіндігі шектеулі не мүлдем тоқтатылды, оның ішінде қазақстандық қолданушылар үшін де. Ал Ресейде білім алу мәселесі төңірегінде қазір қазақ қоғамында қызу пікірталас жүріп жатыр, әсіресе, бизнес білім мен бизнес мектептерге қатысты.

Мұның бір себебі – биыл наурызда AACSB (Бизнес мектептерді дамыту жөніндегі қауымдастық), Business Graduates Association (Бизнес мектептер түлектерінің қауымдастығы), AMBA (МВА бағдарламасы қауымдастығы), EFMD (Бизнес мектептердің жаһандық желісі) сынды ұйымдар Ресейдің бизнес мектептерінің бұл ұйымдардағы аккредитациясын кері шақырып, мүше болу құзыретін тоқтату жөнінде шешім шығарған болатын. Былайша айтқанда, ендігі кезеңде ресейлік бизнес мектептердің тыңдаушылары қолға алатын дипломдар жоғарыда аты аталған халықаралық ұйымдардың аккредитациясымен мақұлданбаған дегенді білдіреді. Әлбетте, бұған дейін берілген дипломдар бойынша мұндай мәселе жоқ.

Қазақстанның білім саласындағы сарапшылардың пікірінше, бұл Ресейдің академиялық ортасына қарсы Батыс тарапынан бағытталған «ең ауыр» санкцияның бірі. Бизнеске негізделген отандық жоғары оқу орнының оқытушысы Дмитрий Огай, бұл тұрғыдағы санкциялар кеше не бүгін емес, сонау 2014 жылы басталғанын еске салады.

«Мысалға, соңғы сегіз жылда ресейлік мамандарды халықаралық коференциялар мен форумдарға аса көп шақыра қоймайды. Сол сияқты, ресейлік жоғары оқу орындарының шетелдік серіктестермен ынтымақтастық қатынасы біртіндеп сөгіле бастағаны анық байқалады. Жалпы, халықаралық ынтымақтастық тұрғысында қазір Қазақстанның білім ордалары, тіпті, Мәскеу мен Санкт-Петербургтің оқу орындарын да шаң қаптырады», - дейді ол.

Сарапшының айтуынша, соңғы жылдары білім саласында Ресей біртіндеп Батыстан, батыстық үрдістерден бас тартуда, бұл, әрине, Ресейдегі бизнес және гуманитарлық пәндердің бүгінгі сапасынан сыр беруде.

«Академиялық тұрғыда Ресей Қазақстанға қандай да бір жаңалық бере қояды деп ойламаймын, - дейді Дмитрий Огай. – Халықаралық ынтымақтастық тұрғысында Қазақстанның тәжірибесі өз-өзіне жеткілікті, тіпті, жетіп артылады. Оның сыртында, бұл менің өз байқауым – мәскеулік лекторлар қазір тым саясиланып кеткен сияқты».

Айтпақшы, әлемдік білім беру жүйесінен іргесін аулақ салуға түпкілікті ден қойған Ресей жоғары білім берудің өз жүйесін әзірлеуге кіріспек, бұл жайында мамыр айының соңында РФ білім және ғылым министрі Валерий Фальков мәлім еткен болатын.

Ал онлайн білім беруші әлемдік  платформалар арасында орыс тіліндегі ресейлік курстарды жауып, тұмшалап жатқандары да бар, қазір олардың біразына қазақстандық қолданушылар да қол жеткізе алмайды. «Бұл шектеулер негізінен біліктілік деңгейін арттыруда орыс тіліндегі курстарға жүгінетін оқытушыларға әсер етуде. Бірақ ағылшын тілінде оқитындар аса қиналып жатқан жоқ», - дейді Дмитрий Огай.

Онлайн сервистер бойынша Ресейде туындаған қиындықтардан белгілі бір деңгейде қазақстандық дизайнерлер де қиналып қалған түрі бар. Мысалға, бұған дейін отандық мамандар Adobe сынды шетелдік сервистердің қызметін ресейлік банктердің картасымен сатып алуды әдет еткен. Өйткені, сатып алу ауқымына қарай, елеулі қаржы үнемдеу мүмкіндігі болған, яғни тікелей Қазақстаннан сатып алумен салыстырғанда шамамен біржарым есе арзанға түскен.

Оралдық дизайнер Дәулет Сағынов, дизайнерлер мен музыканттарға, видеомейкерлерге аса қажет Adobe, Spotify, Netflix, Freepik сынды сервистерге жазылудың жалпы құны айына 60 мың теңгедей болатын, деп отыр.

«Биыл наурыздың басын ала софт төңірегінде бірқатар мәселе туындады, оның себебі баршаға мәлім. Ресейге қарсы санкциялар аясында лицензиялар тұмшаланып, бұл қызметтерге ресейлік желі жолдарымен қол жеткізу мұмкіндігі шектелді. Ал тікелей Қазақстаннан жазылған болсаңыз, онда қызмет біржарым есе қымбатқа түседі», - дейді ол.

Әрине, бұл бірден жұмыс барысына кері әсерін тигізді, деп отыр оралдық дизайнер: софт мәселесі шешілгенше, тапсырыс берген клиенттерге өнім жеткізуде біраз іркіліс туындаған. Сол тұста Дәулет Сағынов шетелдік сервистердің қызметіне қазақстандық банктердің картасымен төлем жасауға кіріскен. «Бірақ бұл 40%-дай қымбат», - дейді ол.

Қазір оралдық дизайнер өз кәсібі мейлінше қажет ететін шетелдік онлайн сервистерге Түркия арқылы жазылу мүмкіндігін қарастыруда, яғни түрік банктерінің картасын ашу негізінде. Оның пікірінше, лираның бүгінгі құлдырауы өзге елдердің азаматтары үшін айтарлықтай тиімді болса керек.

Ресей нарығы арқылы қазақстандықтарға да қызмет көрсетіп келген шетелдік онлайн сервистердің бірі шведтің аудиокітап стриминг сервисі Storytel. Еуропалық бірқатар онлайн қызметтер секілді аталған сервис те Ресей нарығын тастап шыққаны мәлім. Бірақ өз қызметіне бұған дейін жазылып үлгерген қолданушылар үшін ол әлі жұмыс істеп тұр, тыйым жаңа қолданушыларға бағытталған. Сәйкесінше, Storytel бүгін қазақстандық клиенттер үшін де жабық.

Storytel-дің сервисті қолдау қызметінің түсіндіруінше, қолында Ресей банктерінің картасы бар қазақстандықтар Сбербанк қосымшасы арқылы аталған сервистің сыйлық сертификатын сатып алып, қосыла алады. Алайда тікелей қазақстандық карта негізінде қосылу мүмкіндігі ескерілмеген. Оның сыртында Сбербанкті Swift желісінен ажырату үрдісі аясында шведтің аудиокітап сервисіне сыйлық картасымен де қол жеткізу қиынға түсетіні анық.

Әрине, ғаламтор баурайында шведтің аудиокітап қызметіне балама болар өзге де ұсыныстар жоқ емес. Бұл тұрғыда қазақстанстандық қолданушылар барлық мүмкіндіктерді ескеріп, кәсіби қызметтерін өз күштерімен әрі қарай жалғастыруда.

Дегенмен, Adobe, Spotify, Netflix сынды алыптардың орны бәрібір бөлек: ендігі кезеңде бұл сервистерге ресейлік желі арқылы қосылу неғайбыл. Аталған желілердің бірбеткей ұстанымын ресейлік қолданушылар оңайлықпен жібіте қоймас...

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить