2022: «Жаңа Қазақстан», референдум, Ұлттық құрылтай

17441

16 маусымда жаңадан құрылған Ұлытау облысында Ұлттық құрылтай өтті. Ұлттық құрылтай – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына құрылған ҚР президенті жанындағы кеңесші орган

ФОТО: © Depositphotos/Meiram

Ұлттық құрылтай құрамында республика аумағындағы барлық облыстан, әр буын өкілдері мен әртүрлі салалардан 117 адам бар. ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ұлттық құрылтайдың басты міндеті – ұлтты ұйыстыратын парасатты тың идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән беріп, жалпыұлттық бірлікті нығайту.

«Ең алдымен, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрықша мән беруіміз қажет. Сонымен қатар, қоғамды алға жетелейтін құндылықтарды қалыптастыруымыз керек. Біз орнықты демократиялық институттар құрамыз десек, саяси жауапкершілік мәдениетін дамытуымыз қажет. Шын мәнінде, нағыз отаншылдық қасиетті қалыптастыруға тиіспіз. Сонда радикализм мен экстремизмге тосқауыл қоямыз», - деді ол Ұлттық құрылтайдың алғашқы жиынында сөйлеген сөзінде.

Президент, сондай-ақ «ел ішінде жүргізіліп жатқан реформалардың мән-маңызын халыққа дұрыс түсіндіруді» Ұлттық құрылтайдың екінші міндеті деп көрсетіп, «халықтың жаңа технологиялар арқылы ауқымды реформаларға қатысуын» – үшінші маңызды міндет деп атады.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, қоғамды одан әрі үйлестіруге бағытталған ұзақ мерзімді мәселелер дәл осы Ұлттық құрылтай алаңында талқыланатын болады.

Ұлттық құрылтай әлде парламент?

Саяси шешімдер орталығының сарапшысы, саясаттанушы Арман Әмір, ел президентінің Ұлттық құрылтай өткізуі, оның парламентке деген көзқарасын көрсетсе керек, деп отыр.Арман Әмір

ФОТО: личный архив
Арман Әмір

«Бұл халықтың парламентке сенбейтінін білдіретін емеурін емес пе? Әйтпесе сайлау арқылы билікке келген мәжіліс депутаттары бар кезде құрылтайдың не керегі бар? Біз Қазақ хандығында емес, Қазақстан Республикасында тұрып жатырмыз ғой? Ел мен жер үшін маңызды сұрақтар парламентте талқылануы керек. Президенттің өзі айтқандай мықты парламент қалыптастыру үшін, қолдан республикалық деңгейдегі кеңес ұйымдастырудың не қажеті бар?», - деп сауалдайды Арман Әмір.

Өз кезегінде, Сүлейман Демирел университетінің оқытушысы, халықаралық құқық маманы Айгерім Құсайынқызы, қазіргі парламентпен «саяси өмірді жаңарту мүмкін емес» деген пікірде.

«Парламентті тарату қажет. 2020 жылы қаңтарда өткен парламент сайлауы әділ өтті деуге келмейді: қазір онда Amanat партиясының дауысы басым. Оппозиция болып тіркелген екі партияның дауысы ештеңе шешпейді. Бізге плюралист парламент қажет. 30% мажоритарлық сайлау да ештеңені шешпейді, мұнда да билікке жақын партия басымдық алады. Сайлау әділ өтуі үшін пайызын теңдей бөлу қажет және депутаттар сайлауға партияның атынан емес, жеке түсуі керек. Сонда ғана халықтың қалаулылары заң шығаруға қатыса алады», - дейді сарапшы маман.

Айгерім Құсайынқызы
ФОТО: личный архив
Айгерім Құсайынқызы

Ал саясаттанушы Арман Әмірдің айтуынша, дәл қазір мәжілісті таратқаннан қоғам ештеңе ұтпайды. Өйткені елімізде әлі күнге дейін жаңа саяси партиялар тіркелген жоқ.

«Митинг, БАҚ, Сайлау туралы жаңа заңдар қабылданбай парламенттік сайлауды өткізу мағынасыз. Олай болмаса, парламентте сол кешегі коммунистер, «Ақ жол» мен Amanat партиясынан басқа ешкімді көрмейміз. Тек әділ саяси бәсеке арқылы құрылған парламент қана мықты әрі легитимді бола алады. Халықтың мұңы мен мұқтажы сол кезде ғана дұрыс айтылады», - дейді ол.

«Жаңа Қазақстан» және демократия

Қасыретті қаңтар оқиғасынан соң билік «Жаңа Қазақстан құрамыз» деп уәде берді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 мамырда Конституциядағы 33 бапқа өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы республикалық референдум өткізу жөніндегі жарлыққа қол қойып, маусымның 5-де жалпыхалықтық референдум өтті. Оған референдумға қатысу құқығы бар Қазақстан азаматтарының 68,05%-ы қатысты.

Референдумнан соң билік халықты: «президент билігі әлсіреп, парламент күшейеді, мемлекеттің барлық моделі өзгереді» деп үміттендірді. Десек те, саясаттанушы Арман Әмірдің пікірінше, конституциялық реформа «Қазақстан халқы үшін емес, президент Тоқаев үшін жасалды».

«Бұл Тоқаевтың билігінің легитимділігін арттыруға мүмкіндік берді: президент қаңтар оқиғасынан кейін қол қусырып отырған жоқ, «Жаңа Қазақстанды» құру үшін еңбек етіп жатыр, тіпті Н. Назарбаевты (бірінші президент) Конституцияда бекітілген мәртебесінен айырып, жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешуге кірісті деген көріністі жасау», - деп есептейді сарапшы.

Өзгерген Конституцияда Тұңғыш пре­зи­денттің ҚР президенті лауазымы­на қатарынан екі реттен көп сай­лануына мүмкіндік беретін бап, Тұңғыш президенттің мәртебесі мен өкілет­тіктері туралы бап және тәуелсіз Қазақстанның негі­зін салушы деген мәртебесі туралы нор­ма алынып тасталды.

Дегенмен, Арман Әмір Конституцияға айтарлықтай реформа жасалған жоқ деп отыр: «Билік жария еткендей президенттің өкілеттігі түбегейлі өзгеріске ұшырай қойған жоқ».

Естеріңізге сала кетсек, ҚР Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. Кейін оған 1998, 2007 жылдары президенттің өкілеттілігін ұлғайту туралы өзгерістер, артынша 2011, 2019 жылдары (Астана атауы Нұр-Сұлтанға ауысты) және биыл бесінші рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Халықаралық құқық маманы Айгерім Құсайынқызының айтуынша, бүгінге дейін Ата заңға енген өзгерістер Қазақстанды тек кері демократиялық процестерге, авторитар жүйенің принциптерін күшейтуге жетеледі.

«Өткен күндерге сараптама жасасақ, сол өзгерістерден, керісінше, президенттің өкілеттілігі күшейіп, Қазақстандағы адам құқығы жалпы демократиялық құндылықтардан ауытқып кеткенін байқауға болады, сөйтіп, азаматтық қоғамға, белсенділерге, саяси партияларға қатысты қысым көрініс берді», - дейді ол.

Ал Конституцияға енгізілген соңғы өзгерістер бойынша, халықаралық құқық маманы, өлім жазасының алынып тасталуын «ұтымды қадам» деп есептейді. «Бұған дейін біздің елде өлім жазасына мораторий жарияланып келді. Жалпы, қандай да бір елде мұндай жазаның болуы адам құқығы сақталмайды дегеннің айқын көрінісі, ол – тоталитарлық жүйенің принципіне сай жаза», - дейді сарапшы маман.

Ұмытпасақ, «Қазақстан–2050» стратегиялық жоспарында елімізді әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енгізу мақсаты көзделді. Айгерім Құсайынқызының айтуынша, қазіргі «отыздық» қатарындағы елдердің басым бөлігінде адам құқықтары, демократия, ашықтық, әділет, әлеуметтік теңдік мәселелері барынша шешілген.

«Біз қазір «әлем біз туралы не ойлайды» деп емес, елдің ішкі жағдайын ойлауға үңілуіміз керек, халықтың әл-ауқатын, әлеуметтік жағдайын жақсартуды басты назарда ұстауымыз қажет. Соның ішінде меритократия, яғни билікке лайық адамдардың келуіне мән беріліп, жемқорлықтың, жағымпаздықтың болмауы, бюджет қаражатының әр тиынына есеп берілуі ескерілуі тиіс», - дейді ол.

Сарапшы маман, сондай-ақ: «Кез келген мемлекетте бір адамның жазықсыз өлімі трагедияға айналуы керек. Бірақ бізде қаңтар қырғынында жазықсыз қаза тапқан 230-дан астам адамның тізімі әлі де ресми түрде жарияланған жоқ. Ал Конституциямыздың 1-ші бабында Қазақстанның ең үлкен байлығы адам, оның өмірі, құқықтары, бостандығы екені айтылады», - деп түйіндейді өз пікірін.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить