2021 жыл: тәуелсіз еліміз 30-ға келеді

7647

Елімізде 2021 жылға белгіленген негізгі маңызды оқиға – алдағы Парламент сайлауы емес: басты оқиға Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы

ФОТО: © Shutterstock

«Орда бұзар 30 жас» еліміз үшін өте маңызды әрі жауапты сәт, әсіресе, бүгінгідей аласапыран кезеңде: бізге мемлекет пен қоғамның көптеген бастамаларына, жетістіктеріне, бағдарламаларына баға беріп, болашақтың жаңа жоспарын, жаңа бағдарын белгілеу керек болады.

Билік

Мұндай жағдайда идеологиялық тетік-құралдарды дұрыс пайдалана білу өте маңызды. Мысалы, биыл Қазақ хандығының 555 жылдық мерейтойы (хандық негізі 1465 жылы қаланды) елеусіз қалды. Бұл арада қоғам ішіндегі әртүрлі күштердің басын қосып, шоғырландырып, ел халқын қандай да бір дағдарыс, күйзеліс, қауіп-қатер алдында біріктіріп, нығайта алатын идеологиялық сауатты ретроспекция қажет.

Мемлекеттің іргесін нығайтып, бекіту үшін өткен күндер тарихына көз жүгірте отырып, ел болып, қоғам болып, бірлесе жүріп өткен сара жолға тағзым ету маңызды шарт. Айта кету керек, президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл лауазымға әлем бойынша жаппай турбуленттілік орын алған күйзелістер мен сілкіністер кезеңінде келді. Қиындыққа толы, күрделі жағдайға қарамастан, Қазақстан қоғамы қазір мемлекет басшысына мейлінше сенім артып отыр. Соған сәйкес, алдағы Парламент сайлауына қоғам іші сыни да талапшыл ұстаныммен келеді деп пайымдауға болады.

Сайлау

2021 жылға белгіленген парламенттік сайлау Тәуелсіз еліміздің тарихында сегізінші рет өткізілгелі отыр. Сонымен қатар, бұл сайлауды елімізде саяси жүйенің дамуына кедергі келтіруші тежегіш фактордың бірі деп сипаттауға болады. Бұлай дейтініміз, 2007, 2012, 2016 жылдары өткізілген партиялық тізім негізіндегі сайлаулар Қазақстанда еш нәтиже берген жоқ: азаматтардың өзін-өзі ұсыну мүмкіндігіне тыйым салып, парламенттік тізім негізінде жасақталған Қазақстан Парламенті кәсіби тұрғыда пісіп-жетіле қоймаған, әлсіз орган екендігін көрсетті. Ал әлсіз парламент – шикі заңдар, әлсіз үкімет дегенді білдіреді, оның сыртында биліктің атқарушы тармағын бақылау мүмкіндігі жеткіліксіз дегенді меңзейді. Сол себепті де парламентарийлердің белсенділік әлеуетін Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин халық алдында бір өзі танытуға мәжбүр.

Айтқандай, қаңтардағы сайлау аясында сайлау қорытындысымен келіспеушілік танытуы ықтимал электорат екпінін басу мақсатындағы тиімді құрал ретінде кезекті карантиндік шаралар қолданылуы мүмкін.

Қоғам

Биыл Қазақстан қоғамы әлеуметтік аномияның бірінші фазасына аяқ басты: бұл кезеңде барлық деңгейде тоқырау көрініс беріп, наразылық көңіл-күй күшейе түседі, өзге елдерге қоныс аудару туралы пікір-ой жайлай бастайды. Бүгінде біздің қоғамға тән бірнеше негізгі және өзара қарама-қайшы тенденцияларды байқауға болады. Мысалы, әлеуметтік топтардың бірінде қарсылық, наразылық мінез нығайып, ел өміріне белсене қатысу ниеті күшейе түссе; екіншілері, керісінше – оқшаулану сезіміне орай, елдегі жағдайды қашықтан бақылап, ішкі эмиграцияға дес бергенді жөн санайды. Қоғамдық даму динамикасындағы мұндай көпполярлылық көрсеткіші – мемлекет тарапынан туындаған қарама-қайшы сигнал-белгілердің нәтижесі. Сол себепті де билік биыл – жыл бойында өзінің тұтастығын және ырғақ бірлігін қоғам алдында дұрыс көрсете алған жоқ. Оның сыртында қоғам пікірінде «жүйе» ұғымы «мемлекет» ұғымынан алшақтай бастады, ал бұл шынында да қауіпті тренд.

Жалпылай алғанда, елімізде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің нашарлай түскеніне қарамастан, 2021 жылы республика бойынша қоғамдық-саяси жағдай айтарлықтай тұрақты болып қала береді: бірақ кей өңірлерде бірқатар жергілікті қиындықтар орын алуы ықтимал.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить