2018 жылы қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтеді

10242

1 қаңтардан бастап қандай заңнамалардағы түзетулер күшіне енеді?

Фото: nashkiev.ua

Еліміздің заңнамаларына енгізілген түзетулерге байланысты 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтар үшін кейбір міндетті мемлекеттік бюджеттің төлемдері өсетін болады. Алайда бұл жаңалықтың жағымды жақтары да бар екенін айта кеткен жөн. Себебі онымен бірге зейнетақы мен әлеуметтік төлемдердің көлемі қатар көтерілетін болады. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі заңнамалардағы айтулы өзгерістерге қатысты жинақ әзірледі және олар әрбір азамат үшін маңызды.

Шетелдік төлқұжат

Қазақстандықтар шетелдік төлқұжат алу үшін қымбатырақ төлейтін болады. Бұл Салық кодексіне енгізілген түзетулерге байланысты болып отыр. Соған сәйкес, 2018 жылдан бастап паспорт дайындау үшін мемлекеттік баж көлемі 8 АЕК (19240 теңге, 1 АЕК-2405 теңге) құрайтын болады. Ал 2017 жылы құжат құны 4 АЕК (9076 теңге, 1 АЕК -2269 теңге) болатын.

VIP –нөмірлер және ақылы жолдар

1 қаңтардан бастап автөкөліктерге арналған мемлекеттік «VIP-нөмірлердің» құны қымбаттап, кей жағдайда шамамен 100 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін. Нөмір «керемет» болған сайын, мемлекеттік бюджетке төленетін баж салығы жоғарылай береді. Мәселен, 2017 жылы 001,002,003,004,005,006,007,008,009, 777 сынды цифрлы белгілеріне 228 АЕК, немесе 517332 теңге алынған болса, ал 2018 жылы ондай нөмірлерге 285 АЕК, немесе 685 425 теңге төлеуге тура келеді.

Алайда көлік иелері үшін әдемі нөмірлерге ғана емес, әдемі жол үшін де ақы төлеуге тура келеді. Жаңа жылдан бастап «Алматы-Қапшағай» тас жолы ақылы болмақ. Заң талаптарына сәйкес, бұл бағытпен тегін жүруге тек жедел жәрдем, өрт сөндіру, полиция, әскери көліктерге және халықаралық бағыттағы автобустарға ғана рұқсат беріледі. Сонымен қатар, ақылы жүйеден аталған бағытқа қарасты аудандық автобустар, жолдың белгілі бір бөліктеріндегі темір жол мен су тоспаларынан өту үшін ауыл шаруашылығы техникалары, жақын маңдағы жол айрықтарына дейін жергілікті жердегі жекелеген және заңды тұлғалардың жеңіл көліктері босатылған.

Газ бағасы

Газдың құны қымбаттайды. ҚР Энергетика министрлігінің газдың мөлшерлі көтерме бағасын өсіруге қатысты шығарған бұйрығына сай 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 31 наурызға дейінгі аралықта көгілдір отынның шекті бағасы қосымша құн салығын есептемегенде тоннасына 38 701,67 теңгені құрайтын болады. Өсім шамамен 10% көлемінде болмақ.

БЖЗҚ-нан бөлінетін төлемдерді жүзеге асырудың жаңа тәртібі

2018 жылдың 1 қаңтардан бастап БЖЗҚ-нан жүзеге асатын зейнеатқы төлемдері айына бір рет бөлінетін болады. Яғни, бұған дейін тоқсан сайын, жарты жылда немесе жылына белгіленетін бір реттік төлем тоқтатылды. Бұл қаражат ай сайынғы зейнетақыға қосылады, соның есебінен оның көлемі ұлғаятын болады.

Зейнетақы қорындағы қаражатты уақытынан бұрын немесе толықтай алуға азаматтардың кейбір санатына ғана рұқсат берілген. Бұл 50 жасқа толуына байланысты, ерікті түрде жарна төлеп келгендер, мүгедектер, шет елде тұрақты тұру үшін көшетіндер. Зейнет жасына жетуіне байланысты ондағы қаражатты толық алу мүмкіндігіне қордағы жинағы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаған болса ғана қол жеткізе (2018 жылы 404 940 теңге болады) алады. Егер кісі қаза болған жағдайда оның отбасына жерлеу рәсімдері үшін 52,4 АЕК көлемінде қаржы бөлінеді, яғни мөлшері қорда жатқан қаражаттан аспауы тиіс. Егер қаражат артылып қалған жағдайда мұрагерлік тәртібі бойынша төленетін болады.

Жасырын жазбаға жол бермеу

2018 жылы қазақстандық интернет-ресурстарда анонимді жазбаларға тиым салатын заң күшіне енді. «Ақпарат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі заңнамаларды жетілдіруге бағытталған Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне» енгізілген өзгертулер мен түзетулерге сай ғаламтор қолданушылары жасырын комментарий қалдыра алмайды. Ал сайт иелері өз кезегінде олармен электронды үкімет порталында немесе СМС ескертулер бойынша сәйкестендіру туралы келісімге отыруы керек және бұл міндеттеледі. Бірақ бұл өзгерістердің Facebook, Youtube, Instagram сынды шет елдің әйгілі ресурстарына қатысты болмайды.

Заңнамадағы өзгерістер журналистердің қызметіне де тікелей қатысты болмақ. Заң нормаларына сай БАҚ өкілдері жеке өмірге, отбасы, дәрігерлік, банктік, коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияларды жария етпес бұрын, оған қатысы бар тұлғадан немесе оның ресми өкілінен рұқсат алуы тиіс. Мәселен, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың мәлімдеуінше тілшілер шенділердің яхтасы туралы, оның бассейні бар баспанасы жайында, шет елдегі қымбат клиникаларда емделетіні туралы жаза алады, бірақ оның әлгі клиникаға қандай аурумен түскенін, бассейіні бар үйінде өзімен бірге тұрып жатқан асыранды баласы туралы мәліметтерді рұқсатсыз жария етпеуі тиіс.

Зейнетақыны көтеру

Еңбек өтілі мен жасына байланысты берілетін зейнетақы көлемі тағы 8% артатын болады. 2018 жылдың 1 маусымынан бастап зейнет жасына жеткендердің бәріне бір реттік қайта есептеу жүргізу арқылы базалық зейнетақы қайта тағайындалып, нәтижесінде олардың 44% астамы ең төменгі күн көріс деңгейінің 100% тең базалық зейнетақы алады, бұл дегеніміз 28 284 теңге. Егер еңбек өтілі 10 жыл, одан төмен немесе мүлде болмаса, оның базалық мөлшері төменгі күн көріс деңгейінің, яғни 54 %, тең болады. Ал 10 жыл үстіндегі әрбір жылға оның мөлшері 2% артып отырады.Егер еңбек өтілі 33 жыл немесе одан жоғары болса ең төменгі күн көріс деңгейінің 100% тең болады.

Шағын және орта бизнестің салықтық жүктемесі

Жаңа Салық кодексі интернет-сатушыларды салықтан босатады, шағын және орта бизнес үшін есеп берудің қолайлы әрі жеңілдетілген жүйесін енгізіп, салықтық жүктемені төмендетеді. Есепке қатысты көптеген түсініспеушіліктер мен жаңсақтық жағдайлар ендігі жерде салық төлеушілердің пайдасына қарай талқыланады, салықтық шегерістердің нақты жүйесі енгізіледі, «жеңілдетілген декларация», жер қойнауын пайдаланушыларға баламалы салық қарастырылады. Болжам бойынша жаңа кодекс шағын және орта бизнестің өркендеуіне жол ашып, қаржы секторының нығаюына ықпал етуі тиіс.

Электронды декларация

Қазақстанда электронды декларациялау енгізіледі. Қазіргі қағаз жүзіндегі жүйе тек кебйір қажетті жағдайларда ғана, мәселен техникалық ахаулар барысында қолданылатын болады. Тиісінше, кедендік органдар деклоранттың құжаттарына сұрау жолдап әуре болмайды, яғни олар бұл мәліметтерді мемлекеттік органдардың ақпараттық базасынан алатын болады. Сонымен қатар салық пен кедендік төлемдерге қатысты белгілі бір шегерімдер беру көзделуде.

Әлеуметтік қолдаудың жаңа жүйесі

Тұрмыстық жағдайы төмен көпбалалы отбасыларға арналған әлеуметтік атаулы көмек бір реттік төлем ретінде берілетін болады. Яғни,ол мемлекеттік арнаулы қолдау мен балаларға берілетін жәрдемақы және әлеуметтік атаулы көмекпен бірігеді. Сәйкесінше, бір терезе қағидасы енгізілетін болады. Сонымен қатар әлеуметтік атаулы көмекке ұсынылатын әрбір жұмысқа қабілетті азаматқа мемлекет тарапынан білім алуға, кәсіп меңгеруге, келешекте жұмыспен қамтылуына, өз ісін ашуға және шағын несиеге қол жеткізуге қолдау жасалады. 

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить