Жамбылдық полицейлерге алғашқы болып отандық өндiрiсте жасалған электромобильдер табыс етілді

5220

Жамбыл облысы әкімдiгiнiң қолдауымен облыстық Полиция департаменті 59 дана жаңа көлікпен толықты.

Салтанатты шараға oблыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, полиция қызметкерлеріне жаңа қызметтік көліктердің кілтін табыстады.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен, елде құқық қорғау қызметкерлерінің мерейін арттыру үшін жарқын істер жүзеге асуда. Бүгінде жергілікті атқарушы органдар мен полиция департаменті арасында тығыз байланыс орнатылған.

Ағымдағы жылы полиция департаментінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін жергілікті бюджеттен 4,4 миллиардтан астам қаржы бөлінді. Оның 877,8 миллион теңгесі автокөлік құралдарын сатып алуға жұмсалды. Бүгін сол автокөлік кілттерін табыстау үшін жиналып отырмыз.

Полиция саласында халықтың сеніміне ие болу өте маңызды. Өз қызметінде адалдық танытып, қоғам тыныштығы мен заңдылықты қорғайтын білікті мамандар қатары артуы қажет.

Сондықтан, адал еңбектеріңіз бен қызметке деген жауапкершілік қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі болуға тиіс,-дей келе аймақ басшысы тәртіп сақшыларының жұмысына сәттілік тіледі.

Ал, Полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин полиция қызметiнiң жұмысын арттыру мақсатында тиiмдi шаралар қабылданғанын атап өтті.

- Полиция қызметкерлерін материалдық-техникалық жабдықтау қылмыстың санын азайтуға септігін тигізуде. Осы ретте полиция жұмысын жандандыру бағытындағы әрiптестiк қолдауы үшін Облыс әкімдiгiне алғысымды бiлдiремiн. Бiздiң полиция қызметкерлері бар мүмкіндіктi пайдалана отырып, аумақтағы тәртіп пен қауіпсіздіктi қамтамасыз етуде аянбай қызмет етеді. Сервистік полицияны жүзеге асырып, жұртқа жақын болу мақсатындағы жұмыстар одан әрі жанданатын болады, – деді полиция генерал-майоры.

Айта кетейік, жалпы 2020-2023 жылдары аралығында полиция қызметкерлеріне 309 қызметтік автокөліктер (2020 ж. – 103, 2021 ж. – 33, 2022 ж. – 115) сатып алынып, пайдалануға берілген.

Ал, бұл күн тәртіп сақшылары 59 қызметтік автокөлікпен қамтамасыз етілді десек, оның ішінде, республика бойынша бірінші болып қазіргі заман талаптарына сай, қоршаған ортаға залалсыз, отандық өндiрiсте жасалған 25 дана электромобиль алынды.

Тәртіп сақшыларына берілген темір тұлпарлар тұтастай заманауи құралдармен жабдықталған. Дыбыс күшейткіш қондырғысы мен рациясы бар. GPS жүйесі арқылы көліктердің қай бағытта жүргені орталықтан бақыланады.

Салтанатты рәсім жеке құрамның жаңа автокөліктердегi саптық шеруімен аяқталды.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить