Асхат Шахаров балабақшаларға қатысты бақылауды қатаңдатуды тапсырды

 

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе қаласының «Амир» жеке балабақшасында болған оқиғаға байланысты жиын өткізіп, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.

Облыс басшысы тәрбиеленушілерге немқұрайлы қараған балабақшаларға қатысты шараларды қатаңдату туралы талап қойды.

«Балабақшалардың ішінде бейнекамералар орнатылып, ол барлық ата-анаға қолжетімді болуы керек. Екіншіден, бақылаудың цифрлық жүйелерін қолдана отырып, балабақшаға келіп-кеткен адамдарды қадағалауды реттеу қажет. Егер балабақша тәрбиеленушілеріне немқұрайлы қарау фактілері анықталса, онда мекеменің жұмысы дереу тоқтатылуы керек. Басшылар жазалануы тиіс», - деді Асхат Шахаров.

Білім басқармасына балабақшалардағы заңбұзушылықтарға жедел ден қоюды қамтамасыз ету міндеттелді.

«Қазіргі уақытта Сіздің тарапыңыздан жедел әрекет ету жоқ. Ұзақ уақыт ойланасыз, толғанасыз. Өзіңіз немесе орынбасарыңыз осындай оқиға орын алғанда, бірден сол жерге сол күні барып, тапсырмалар беріп, халыққа ақпаратты жеткізуі керек еді. Әрбір жағдайға жауап тез берілуі керек. Сондай-ақ, алдын-ала жұмысты күшейтіп, тәуекелдерді анықтау шарт. Полиция департаментімен бірлесіп, балабақшаларды тексеріп шығыңыздар, осындай фактілер анықталған жағдайда шұғыл шешім қабылдаңыз», - деді облыс әкімі білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанға.

Өңір басшысы салалық басқарма өкілдеріне Ахуалдық орталық базасында балаларға қатысты мәселелерге байланысты арыз-шағым түсіретін сенім телефонын іске қосуды тапсырды. 

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Ошибка в тексте