ҚР президенті Abu Dhabi Ports Group басшылығымен Ақтау, Құрық порттарын дамытуды талқылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Abu Dhabi Ports Group компаниясының басқарушы директоры Мұхаммед Жуму әл-Шамисиді қабылдады, бұл туралы Ақорда хабарлайды.

Кездесу барысында ҚР президенті Ақтау және Құрық порттарын дамытуды Қазақстан стратегиялық мақсат етіп отырғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мұхаммед Жуму әл-Шамиси Abu Dhabi Ports Group компаниясының көлік-логистика саласындағы бай тәжірибесін ескере отырып, осы саладағы өзара тиімді қарым-қатынастың перспективаларын талқылады.

Мемлекет басшысы Қазақстан мұнайын Орта дәліз арқылы Әзербайжанға тасымалдау жөніндегі «ҚазМұнайГаз» компаниясы мен ADP арасындағы ынтымақтастықты оң бағалады.

Президент Еуразияны Шығанақпен, Африкамен және Үндістанмен байланыстыратын «Солтүстік – Оңтүстік» бағдарының әлеуетін пайдалану жоспары туралы айтты. Оның пікірінше, 2027 жылға қарай аталған бағыттың жүк өткізу қабілеті кемінде 70 пайызға артып, 9 миллион тоннадан 15 миллион тоннаға дейін ұлғаюға тиіс.

Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» мен ADP арасында бірлескен кәсіпорын құру жөніндегі уағдаластықты ерекше атап өтіп, бұл жобалардың табысты жүзеге асырылуына тілектестік білдірді.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Ошибка в тексте