Қорғаныс министрі Қарулы күштердің ардагерлерімен кездесті

4160

Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың ардагерлермен кездесуі Қорғаныс министрлігінде өтті.

Аталмыш шараға "Қарулы Күштердің ардагерлері" РҚБ төрағасы, Халық Қаһарманы армия генералы Мұхтар Алтынбаев, Орталық Кеңестің мүшелері, облыстық филиалдардың төрағалары, Қорғаныс министрлігі мен Бас штаб басшылығы, Қарулы Күштер түрлерінің бас қолбасшылары, әскер тектері мен өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшылары қатысты.

Бұл биыл министрдің ардагерлермен екінші рет кездесуі.

– Ардагерлермен кездесу дәстүрге айналып отыр. Сіздердің еңбектеріңіз бен тәжірибелеріңізге негізделген пікірлеріңізден бүгінгі армияның даму векторларының қандай екенін білуге болады. Сіздер Қарулы Күштерде болып жатқан оқиғалардан тыс қалмай, әр іске ұйытқы болуларыңыз керек, – деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

Кездесу барысында қорғаныс ведомствосының басшысы биылғы жылдың негізгі қорытындыларына, оның ішінде жауынгерлік әзірлікті арттыру жөніндегі шараларға, бар проблемаларға және алдағы жоспарларға тоқталды.

Қорғаныс министрі ардагерлерге жаңа авиациялық техниканы, ӘШҚҚ құралдарын, байланыс және басқа да қару-жарақтарды жеткізу, сондай-ақ отандық кәсіпорындарда жөндеу және жаңғырту спектрін кеңейту туралы айтып берді. Кездесуде аумақтық қорғанысты, тылды дамыту, медициналық қамтамасыз етуді жақсарту және инфрақұрылымды жетілдіру бойынша қабылданып жатқан шаралар жөніндегі мәселелер сөз болды.

Қорғаныс министрі тәрбие және идеологиялық жұмыстарға жеке тоқталды.

– Биыл Мемлекет басшысының қатысуымен өте маңызды шара – бүкілармиялық кеңес өткіздік. Жоғарғы Бас Қолбасшының ерекше назары және кеңесте қойылған міндеттер армияның жауынгерлік рухын қолдауға негіз болды деп ойлаймын. Маусым айында 9-шы "Айбын" жастар жиыны өткізіліп, оған алғаш рет Әзербайжан мен Өзбекстан елдерінің өкілдері қатысты. Елорданың 25 жылдығына орай шілде айында сегіз елдің әскери оркестрлері өнер көрсеткен әскери-музыкалық фестиваль өтті. Келесі жылы бірқатар іс-шаралар, соның ішінде Кеңес Одағының Батыры, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдық мерейтойына арналған шаралар өткізу жоспарлануда, – деді Қорғаныс министрі.

Бұдан басқа генерал-полковник Руслан Жақсылықов ардагерлерді Үкімет деңгейінде әскери қызметшілер мен ардагерлерді зейнетақымен қамсыздандыруды жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

Кездесу барысында ардагерлер әскери-патриоттық тәрбие, алғашқы әскери дайындық, келесі жылдағы мерейтой күндері, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қазақстандық жауынгерлердің есімдерін мәңгілікке қалдыру және олардың есімдерін мектептерге, көшелер мен әскери бөлімдерге беру жайлы қозғады. Барлық мәселелер бойынша бірлескен жұмыс ұйымдастырылды.

"Қарулы Күштердің ардагерлері" РҚБ төрағасы Халық қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев Қорғаныс министріне осындай кездесу ұйымдастырғаны және жүргізіліп жатқан жұмыс туралы көлемді баяндамасы, ардагерлерге өз ұсыныстары мен проблемаларын білдіру мүмкіндігі үшін алғысын білдірді, сондай-ақ ардагерлер де Қарулы Күштердің проблемаларын шешуде белсенді жұмыс істейтінін және осы бағытта өз үлестерін қосуға дайын екенін атап өтті.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить