Қазақстан мен Тунис АӨК өнімдерінің өзара тауар айналымын ұлғайтуға ниетті
Агросектордағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Тунис Республикасының ауыл шаруашылығы, су ресурстары және балық шаруашылығы министрі Абдельмонем Белати талқылады.
Жеткізілетін тауарлардың номенклатурасын кеңейту туралы айта келе, Айдарбек Сапаров Қазақстан дәстүрлі түрде дәнді дақылдар мен оларды қайта өңдеу өнімдерінің экспорты бойынша жетекші орынға ие екенін атап өтті. Биыл қазақстандық бидайдың Туниске экспорты басталды және ел нарығына 72,7 мың тоннасы жеткізілді. АШМ басшысы бұл үрдісті жалғастыруды және дәнді дақылдардан басқа отандық ұн мен ұн өнімдерін, макарон және кондитерлік өнімдерді, өсімдік майлары мен балды сатып алу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Тунистен импортталатын өнімдерге келетін болсақ, бүгінгі күні біздің елге негізінен құрма мен жеміс-жидектер жеткізіледі. Тараптар Қазақстанға зәйтүн және зәйтүн майын жеткізу мәселесін талқылады.
Министр сонымен қатар Туниспен бірлесіп жаңа логистикалық маршруттар құру мәселелерін пысықтау қажеттігін атап өтті.
АШМ басшысы қазақстандық тараптың ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және азық-түлік өнімдерін өндіру саласындағы жобаларды дамытуға қызығушылығын атап өтті. Айдарбек Сапаров Тунис компанияларын Қазақстан аумағында өндіріс ұйымдастыруға шақырды.
Тунис тарапы өз кезегінде ұлттық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, соның ішінде құрғақшылықпен күресу саясаты саласындағы ынтымақтастықты арттыруды ұсынды. Ел екі мемлекетте де қолдануға болатын заманауи ауылшаруашылық технологиялары мен инновациялары туралы білім алмасуға дайын.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі елдің министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға келісті.
Вам может быть интересно: «Украина подаст жалобу в ВТО на три страны ЕС из-за запрета на ввоз зерна»