Қостанай облысында инвестициялық серпін байқалуда

2023 жылдың қаңтары мен маусымы аралығында Қазақстанда негізгі капиталға салынған барлық инвестицияның 3,3%-ы (219,1 млрд теңге) Қостанай облысына тиесілі болды, деп хабарлайды ҚР ұлттық экономика министрлігі.

Жалпы, Қостанай облысында негізгі капиталға салынған инвестициялар (НКИ) өсімі 118%-ды құрады, бұл ел ішіндегі басқа да аграрлық өңірлерге қарағанда жоғары көрсеткіш. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында бірінші жарты жылдықта капитал салымдарының өсуі 99%-ды, ал Ақмола өңірінде – 116%-ды құрады.
Өңірге бағытталған 219,1 млрд теңге инвестициядан:

122,6 млрд теңге немесе 55,9%-ы (облыстағы НКИ жалпы көлемінен) шағын бизнеске;
73,1 млрд теңге немесе 33,4%-ы – ірі бизнеске;

23,4 млрд теңге немесе 10,7%-ы – орта бизнес инвестициялады.

Облыс бойынша негізгі капиталға салынған инвестицияның 36%-ы Қостанай қаласына (78,8 млрд теңге), 14,4%-ы Рудный қаласына (31,4 млрд теңге) тиесілі.
Сол сияқты, 71,9% шамасындағы ауқым (157,5 млрд теңге) өз қаражатынан инвестицияланды. Қалған 61,6 млрд теңге қарыз (30,3 млрд теңге) және бюджет (31,3 млрд теңге) қаражатына тиесілі.

Салалық бөліністе облысқа инвестицияланған қаражаттың жалпы көлемінің 37,5%-ы немесе 82,2 млрд теңге өнеркәсіпке бағытталды, оның ішінде 47,7 млрд теңге – тау-кен өнеркәсібіне және карьерлер қазуға, 14,3 млрд теңге – өңдеу өнеркәсібіне.

Облыс бойынша алғанда инвестиция үшін тартымды дейтін үздік бағыттар қатарына жылжымайтын мүлікпен операциялар (51,9 млрд теңге) секторы мен ауыл, орман және балық шаруашылығын (48,7 млрд теңге) жатқызуға болады.

Ал облыстағы перспективалы инвестициялық жобалардың ішінде Торғай өңіріндеге тау-кен байыту фабрикасы мен мал шаруашылығы кешенінің құрылысын (іске асырудың жоспарланған мерзімі 2027 жылға дейін), Қашар карьеріндегі байыту фабрикасының құрылысын (2030 жылдың соңына дейін), сазтопырақ шығару зауытын (2028 жылға дейін) атап өткіміз келеді.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Ошибка в тексте