Министр Марат Қарабаев қарағандылықтардың өзекті сұрақтарына жауап берді

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың Қарағанды облысына іссапары аясында жергілікті халықпен кездесу ұйымдастырылып, азаматтардың жеке қабылдауы өткізілді.

Кеншілер өлкесінің тұрғындарымен кездескен ведомство басшысы министрліктің құзырындағы салалар бойынша қойылған сұрақтарға, оның ішінде Қарағанды облысына қатысты мәселелерге барынша ашық жауап берді.

Осы орайда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өнеркәсіп өндірісін дамыту, жол және тұрғын үй құрылысы, инженерлік инфрақұрылым, көлік-логистикасы, жер қойнауын игеру, көлік қатынасы сынды маңызды салаларға жауапты екенін айта кеткен орынды.

«Талбесік» көп балалы аналар ұйымының төрағасы Ләззат Қожахметованың айтуынша, «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасына енгізілген өзгерістерден соң өңірде 175 адам баспанаға қол жеткізе алмай әлек. Ұйым жетекшісі қолданыстағы (қайталама) тұрғын үй нарығынан баспана берудің жолдары қарастырылса деген ұсынысын жеткізді. Бұл ретте министр осы уақытқа дейін жалға берілетін тұрғын үйлер жергілікті атқарушы органдардың есебінен салынып келгенін айтып, олардың бірде-бірінің сапасы сын көтермейтінін жеткізді. Сондықтан да тиісті бағдарламаға өзгерістер енгізіліп, халықтың қолайлығы үшін үйді нарықтан сатып алу туралы шешім қабылданды.

«Біріншіден, кез келген бағдарлама нормативтік құқықтық актімен бекітіледі. Демек. әр бағдарлама әкімдіктер және мемлекеттік органдармен міндетті түрде келісіліп, бекітілетінін білдіреді. Бұған қоса бұл құжат интернет ресурсында жарияланады. Оған халық өз пікірін айтып, ұсынысын қосуға хақылы. Онсыз ешбір құжат қабылданбайды. Сондықтан сіздің «неге көпшілікпен ақылдаспай өзгерістер енгізесіздер», деген сөзіңіз шындыққа жанаспайды.

Екіншіден, бүгінге дейін жалға берілетін тұрғын үйді әкімдіктер өз күшімен салып келді. Қазір республика бойынша осындай тәртіппен шамамен 50 мыңға жуық баспана салынды. Біреуінің де сапасы жақсы деп айтуға ауызың бармайды. Сол себепті дайын үйді нарықтан сатып алуды шештік. Бұл сіздерге жақсы.

Үшіншіден, халықты сапалы баспанамен қамтамасыз ету үшін тұрғын үй нарықтан алынатын болады. Егер де «жоқ, тек қайталама нарықтан үй керек» десеңіздер, біз кейбір өңірлерде жаңадан салынған тұрғын үйлердің тапшылығы байқалып жатқанын ескеріп, оған да рұқсат бердік. Ол үшін сіздер әкімдікке айтып, олар бізге сондай талаппен шығуға тиіс», – деді Марат Кәрімжанұлы.

Ал Марат Түсіпов есімді азамат қарағандылықтардың атынан қаланың кәріз-тазарту жүйесін ретке келтіріп беруді өтінді. Оның айтуынша, әбден ескірген инженерлік инфрақұрылымның салдарынан Сортировка және Майқұдық сынды аудандарда жүріп-тұру мұңға айналған. Өз кезегінде М.Қарабаев КТЖ жобаларына арналған қаражат қалай бөлінетінін түсіндірді. КР ИИДМ басшысы айтқандай, тәртіпке сәйкес жобалау-сметалық құжаттама дайын болған жағдайда тиісті ақша да аударылады.

«Қазір Үкіметтің тарапынан жылумен жабдықтау мен кәріз-тазарту жүйелеріне байланысты жобаларға жеткілікті деңгейде қаражат бөлініп келеді. Тіпті бюджеттік рәсімдер аяқталып болса да, қосымша ақшаны аудару жолдары қарастырылған. Мысалы, Ұлытау мен Абай облыстарындағы жобаларды қолдадық. Осы мақсатта қажетті құжатты уақтылы тапсыруға қамдану керек», – деді Марат Қарабаев.

Бұдан бөлек өңір тұрғындары Saran индустриялық аймағына қандай жаңадан өндірушілер келіп қосылып жатқанын сұрады. Бұл ретте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі аталған өндіріс аймағының қарқыны жыл сайын еселеніп жатқанын айта келе, көршілес мемлекеттердің бизнес субъектілермен бірлескен кәсіпорындарды құру жұмысы жолға қойылғанын атап өтті.

Сонымен қатар Марат Қарабаев жергілікті азаматтарды жеке мәселелеріне байланысты қабылдады.

Министрдің қабылдауына жазылған азаматтардың тарапынан Қарағанды – Саран – Шахтинск жол учаскесінің күрделі жөндеуі жөнінде, сондай-ақ Сортировка елді мекенінде көпір салу мен аталған ауылдан Қарағанды және Майқұдыққа дейін қатынайтын қоғамдық көлікті ұйымдастыру мәселесін көтерді. Өз кезегінде ИИДМ басшысы облыс бойынша қолға алынған жол-көлік инфрақұрылымы жобалары жөнінде жеткізіп, жолданған сауалдарды қолданыстағы зан арқылы шешудің амалдарын түсіндірді. 

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте