Бакуде 16 елдің өкілдері құқық үстемдігін және конституциялық бақылауды қамтамасыз ету мәселелерін талқылады

2986

Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова мен судья Қайрат Жақыпбаев бастаған қазақстандық делегация Әзербайжан Республикасы Конституциялық Сотының 25 жылдығына арналған “Құқық үстемдігі және адам құқықтарын қорғау жөніндегі міндеттемелердің сақталуын конституциялық бақылау тиімділігі" атты Халықаралық конференцияға қатысты.

Конференция алаңы Еуропа мен Азияның 16 мемлекетінен келген конституциялық бақылау органдарының төрағалары мен судьяларын, Әзербайжан Республикасының Парламенті, Жоғарғы Соты және басқа да мемлекеттік органдарының өкілдерін, Омбудсменді, сондай-ақ ғылыми және адвокаттық қоғамдастықты біріктірді.

Қатысушылар конституциялық шағымды қарау тәжірибесімен және әдістемесімен алмасты, олар конституционализм, құқық үстемдігі және адам құқықтарын қорғау идеяларын нығайту мақсатында орын алып жатқан өз елдерінің заңнамасындағы соңғы өзгерістер туралы айтты.

Эльвира Азимова шетелдік әріптестерін 2022 жылғы республикалық референдумның нәтижесінде болған конституциялық реформа және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының қызметі жайлы хабардар етті.

“Судьялар мен заң шығарушылар көбінесе қақтығыстық құқықтар мәселесіне тап болады, олар кейбір жағдайларда нақты конституциялық немесе этикалық дилемма болып табылады. Қазақстанда қайта құрылған Конституциялық Сот өз жұмысын 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастады. Оның қызметінің басталуы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 75 жылдығына орай келді. Биылғы ұран осы айтулы оқиғаға байланысты: “Қадір-қасиет, бостандық және әділеттілік баршаға". Бұл ұранды барлық конституциялық бақылау органдары миссиясының басты қағидаты деп атауға болады", - деп атап өтті Азимова өз сөзінде.

Шараға қатысушылар өз сөздерінде адам құқықтарын қорғау мемлекеттік тұрақтылық пен орнықты дамуды, қоғамдағы әділдік пен заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында конституциялық бақылаудың міндеттері мен құралдарына назар аударды.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить