Динара Сәдуақасова «Астана жұлдыздары» халықаралық шахмат фестивалін өткізеді

2940

2023 жылдың 11-19 шілдесі аралығында елордада Астананың 25 жылдығына орай ұйымдастырылған бірегей шара өтеді. Бұл – қазақстандық көрнекті спортшы, түрлі әлем чемпионаттарының жеңімпазы Динара Сәдуақасова басқаратын Шахмат академиясы өткізетін «Астана жұлдыздары» халықаралық шахмат фестивалі.

Турнирдің мақсаты – Қазақстанда шахматты спорт түрі ретінде танымал ету және дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ жас спортшылардың шеберлігін шыңдау және жас таланттарды іздеу.

Фестиваль кезінде ұйымдастырылатын турнирлерге әлемнің 16 елінен Қазақстанға келетін 800-ден астам адам қатысады деп күтілуде. Жүлде қоры рекордтық сома – 40 миллион теңгені құрайды.

Фестиваль аясында төрт турнир өтеді: ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасы Кубогының кезеңі, әуесқойлық, балалар арасында және блиц. Жарысқа келетін жеткіншектердің арасында Екібастұз қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері де бар. Фестивальдің ауқымды бағдарламасы мұнымен бітпейді.

Сонымен қатар, «FIDE ұйымдастырушысы» (FIDE – ұлттық федерацияларды біріктіретін халықаралық шахмат федерациясы) атағын алу үшін семинар ұйымдастырылады.

Халықаралық стандарттарға сәйкес болу үшін FIDE ережелері ескеріліп, барлық өзгерістер жаңа талаптарға сәйкес енгізілгенін ерекше атап өткен жөн.

Фестиваль қонақтарына қаланың көрікті жерлерін толық тамашалау үшін «Бәйтерек» монументіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне, Океанариумға және этномузейге арнайы экскурсиялар ұйымдастырылады.
 

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить