Республикалық маңыздағы нормативке сәйкес жолдардың үлесі 91 пайызға жетті

1642

Нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 91 пайызға дейін, ал жергілікті желі бойынша 85 пайызға дейін жетті.

Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрап отыр. Соның 25 мың шақырымы - республикалық маңызы бар жолдар, ал 71 мың шақырымы облыстық және аудандық маңызы бар жолдар санатында. Республикалық маңызы бар жолдар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің қарамағында. Мемлекеттік тапсырыс аясында дамыту және күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды Ұлттық оператор «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы жүзеге асырады. Облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды, сондай-ақ көше-жол желісі жергілікті атқарушы органдардың қарауында», - деді А. Беков Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, 2022 жылы республикалық желі бойынша 11,6 мың шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Оның ішінде 4 мың шақырымында құрылыс және реконструкция ескерілген. Соның 1,2 мың шақырымында негізгі жұмыстар аяқталды. Күрделі және орташа жөндеумен 3 мың шақырым жол қамтылып, оның 679 шақырымы тапсырылды.

Сонымен қатар, былтыр жергілікті автожолдар желісінде жөндеудің барлық түрлерімен 4,6 мың шақырым жол қамтылды, оның ішінде 3 мың шақырымы пайдалануға берілді.

«Жыл қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 91 пайызға дейін, ал жергілікті желі бойынша 85 пайызға дейін ұлғайтылды», - деді Амангелді Беков.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить