СІМ-де бірқатар еуропалық мемлекеттермен екіжақты қатынастардың үдемелі дамуы талқыланды

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Шығыс Еуропа елдерінің елшілерімен, оның ішінде Румыния Елшісі Мадалина Лупумен, Литва Елшісі Гинтаутас Васюлиспен және Эстония Елшісі Тоомас Тирспен кездесулер өткізді.

Өткізілген келіссөздер шеңберінде министрдің орынбасары мен дипломатиялық миссиялардың өкілдері екіжақты қатынастар дамуының жоғары серпіні мен сенімді саяси диалогын атап өтіп, басым салалардағы өзара іс-қимылдың перспективаларын көтерді.

Румыния Елшісімен келіссөздер барысында өткен жылы қол қойылған екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған жұмыс жоспарын іске асыру барысы талқыланды.

М. Лупу елдер арасындағы мәдени байланыстардың даму деңгейі туралы жоғары пікір білдіріп, қазақстандық тараптың қолдауымен өткізілетін алдағы іс-шаралар туралы, оның ішінде Астанадағы румын композиторларының классикалық музыкасының концерті және Румыниядағы қазақстандық музейлер экспонаттарының көрмесі туралы хабардар етті.

Дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап 30 жыл ішінде Қазақстан мен Румыния барлық деңгейлерде, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберінде тұрақты диалогты қолдауда.

Румыния – Қазақстанның Шығыс Еуропадағы ең ірі сауда серіктесі (Еуропадағы 4-ші және әлемдегі 10-шы). Мемлекетте қазақстандық мұнайды жеткізуді әртараптандыру саясатын іске асыруды қамтамасыз ететін Қазақстанның Еуропадағы ең ірі инвестициялық активі – «ҚазМұнайГаз Интернейшнл» компаниясы табысты жұмыс асырады.

2022 жылы екіжақты тауар айналымы 2021 жылмен салыстырғанда 62,5%-ға өсті (2,6 млрд АҚШ доллар). Сонымен қатар, Румыниядан Қазақстан экономикасына инвестициялардың жалпы ағыны 1,57 млрд АҚШ доллар құрады (2005 жылдан 2022 жылға дейін).

Литва Елшісімен әңгімелесу барысында тараптар өткен жылдың желтоқсан айында Литва СІМ басшысы Габриэлюс Ландсбергистің Қазақстанға ресми сапары жаңа серпін берген Қазақстан-Литва қатынастарының оң динамикасы мен сенімді сипатын атап өтті. Оның барысында экономикалық ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі уағдаластықтарға қол жеткізілді, екі елдің кәсіпкерлері мен бизнес өкілдері арасында тығыз байланыс орнатудың маңыздылығы атап өтілді.

Өңірлер арасындағы байланыстарды дамытуға және бауырластық институтына прагматикалық сипат беруге ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда Шымкент пен Каунас арасында бауырластық байланыстар орнату мәселесі зерттелуде.

Келіссөздердің маңызды тармағы ЕО-мен визалық режимді жеңілдету мәселесі болды. Тараптар визалық рәсімдерді оңтайландыру Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы іскерлік, білім беру, мәдени және туристік байланыстарды кеңейту бойынша өзара мүдделерге сай келетінін атап өтті.

Литва – Қазақстанның Еуропалық одақ елдері арасындағы басты сауда серіктестерінің бірі. 2022 жылы екіжақты тауар айналымы 584 млн АҚШ долларын құрады. 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ол 30%-ға өсті. Қазақстанда 170-ке жуық литвалық компания бар.

Эстония Елшісімен кездесу аясында тараптар таяу болашақтағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын қозғап, саяси және экономикалық байланыстардың жоғары динамикасын сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл ағымдағы жылдың қаңтар айында елдер арасындағы саяси консультациялармен расталады.

Кездесу барысында Эстония (5 наурыз) мен Қазақстандағы (19 наурыз) алдағы парламенттік сайлаулар аясында екіжақты қатынастардың маңызды ішкі саяси контексі атап өтілді.

Елдер арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жоспарлы түрде дамып келеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 122 млн АҚШ долларына жетті. 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ол 6,4 есе өсті.

Р. Василенко елдер арасындағы көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін белсенді саяси диалогты қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, әріптесін Эстонияның Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Кездесулер барысында министрдің орынбасары еуропалық әріптестерді «Әділетті Қазақстанды» құру бойынша елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың іске асырылу барысы, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаты депутаттарының алдағы сайлауға дайындығы туралы хабардар етті.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте