Қазақстанда 2022 жылы қандай жаңа зауыттар мен фабрикалар ашылды

1708

Жаңа өндірістер ашу, мәселен, қандай да бір зауыт немесе фабриканы іске қосу – бұл кез келген кәсіпкер тәуекел ете бермейтін қажырлы еңбек пен ұзақ уақытты талап ететін процесс. Сол үшін де мемлекет бизнес-бастамаларды, атап айтқанда, ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша әзірленіп, Үкімет бекіткен 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде қолдау шараларын қарастырды. 2022 жылы мақсатты түрде жүргізілген мемлекеттік қолдау шараларының арқасында Қазақстан экономикасының түрлі секторларында қандай өндірістер іске қосылды? Бұл туралы Primeminister.kz материалынан оқыңыздар.

Жыл сайын осындай қолдауға мұқтаж ондаған мың кәсіпкер мемлекеттің көмегіне жүгінеді: біреулерге субсидиялау немесе несиелер бойынша кепілдік алу керек болса, енді біріне – инновациялық идеяларын іске асыру үшін грант, кей кәсіпкерлерге – тиісті инфрақұрылымды жүргізу және консультациялық қызметтер алу қажет.

Әлбетте, осындай бірлескен жұмыстардың нәтижесінде ел экономикасының қуатын арттыратын жаңа кәсіпорындар пайда болады. Олардың іске қосылуы бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуға, импорттың орнын алмастырып, республиканың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа кәсіпорындардың ашылуы қоғамның өзге де салаларына, соның ішінде еңбек нарығында жаңа жұмыс орындарын құруға, сол арқылы халықты жұмыспен қамтуға мультипликативті әсер етеді.

Биыл «Оңтүстік» Шымкент индустриялық аймағында «QazAlPack» ЖШС алюминий банкалар мен сусындарға арналған қақпақ түрлерін шығаратын зауыт ашылды. Бұл – Орталық Азиядағы осындай өнім шығаратын алғашқы зауыт. Оның қуаттылығы жылына 750 млн жиынтық өнімді құрайды. Өндіріс желісінің жылдамдығы секундына 50 банка немесе минутына 3000 қақпақ шығаруға мүмкіндігі бар. Жоба АҚШ-тың ең озық қондырғыларымен жабдықталған.

Ақтөбедегі керамикалық гранит пен керамика тақтай және басқа да құрылыс материалдарын шығаратын тағы бір жаңа зауыт («Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС) ауданы 15 га алаңда орналасқан. Бұған дейін компания Шымкентте осы тектес кәсіпорынды іске қосқан болатын. Бүгінгі таңда мемлекеттің қолдауымен жабдықтар сатып алынып, екіншісі зауыттың құрылысы аяқталды.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 5 млн шаршы метр тақтай шығаруға жетеді. Өнімдер Еуропалық сапа стандарттарына сәйкес келеді, ішкі нарыққа жеткізіледі және Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне экспортталады. Алдын ала бағалаулар бойынша, зауыт өнімдері Қазақстанның керамикалық тақтайға деген қажеттілігін толықтай қамтиды. Сонымен қатар мұнда 180-нен астам адам жұмысқа орналасты.

«Грант-Ют» ЖШС Алматыда аяқ киім өндірісін жолға қойды.

Кәсіпорын бизнесті мемлекеттік қолдау тетіктерінің көмегімен жұмыс істеп тұрған фабриканың аумағын жаңғыртып, кеңейтті. Қазіргі уақытта компания жыл сайын табиғи шикізаттан 120 мың жұпқа дейін сапалы әрі жайлы аяқ киім шығарады. Өнім толықтай дерлік еліміздің ішкі нарығына жіберіледі.

Сондай-ақ 2022 жыл қарсаңында Қостанай облысында «BEEF EXPORT Group» ЖШС жаңа ет өңдеу комбинатының құрылысы аяқталды. Ол Халал нормалары бойынша және халықаралық экостандартқа сәйкес ет өнімдерін өндіруге бағытталған. Кәсіпорын тәулігіне 23 900 кг ет өнімдерін өндіреді, сондай-ақ мамандандырылған жүк машиналарының көмегімен оны тұтынушыларға (ірі сауда желілері, қоғамдық тамақтандыру орындары, базарлар және т.б.) жеткізеді.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында қуаттылығы жылына 200 мың тоннаға дейін жететін «Altyn Shyghys» ЖШС өсімдік майын шығаратын зауыт ашылды.

Кәсіпорын Болгария, Түркия, Германия, Нидерланд және Украина елдерінен әкелінген заманауи қондырғыларымен жабдықталған, өндіріс қалдықсыз жұмыс істейді және толықтай автоматтандырылатын болады.

Зауыт өнімдері Қытайға, Иранға, Өзбекстанға және басқа елдерге экспортталады деп күтілуде.

Ұлытау облысында «Қазтехфильтр» ЖШС жоғары еуропалық стандарттар бойынша ауа сүзгіштерінің элементтерін өндіруді жолға қойды. Компания автомобильдер мен тоңазытқыш қондырғыларына арналған ауа фильтрлерінің түрлерін, сондай-ақ 2ТЭ116 тепловоздарына арналған май фильтрлерін шығарады.

Биыл «Қазмұнайхим» ЖШС «Павлодар» АЭА аумағында жоғары технологиялық заманауи жабдықтармен жарақтандырылған мұнай өңдеу мен мұнай өндіруге арналған қоспалар мен реагенттер шығаратын зауытты пайдалануға берді. Сонымен қатар компания су тазартатын реагенттер шығарады.

Бұл – Қазақстандағы мұнай-химия өнімдерін жасап шығаратын толық циклді алғашқы өндіріс. Оның қуаты – жылына 30 мың тонна реагенттер мен қоспалар.

Бұрын республиканың мұнай-газ саласына арналған химиялық реагенттердің 95%-ы шетелден әкелінетін. Алайда, аталған зауыттың іске қосылуы Павлодар облысын ғана емес, сондай-ақ басқа да мұнай өңдеу зауыттары бар өңірлерді реагенттермен 60%-ға қамтамасыз етуге және өнімді ТМД, Еуропалық Одақ, Таяу Шығыс және АҚШ елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді деп болжанып отыр.

2022 жылы Алматы облысында бройлер етін өндіру және қайта өңдеу бойынша толық циклді құс кешені ашылды («Прима Құс» ЖШС).

Оның қуаттылығы жылына 35 мың тонна өнімді құрайды. Айта кетейік, Қазақстан құс өсірушілер одағының деректері бойынша республиканың құс етіне жыл сайынғы қажеттілігі – шамамен 300 мың тонна.

Жаңа жобалар ондығына Алматыдағы «QUWATT» ЖШС-нің электр жабдықтары мен құрамдас бөлшектерін (дизельді генераторлар, электр тарату қалқандары мен шкафтар, маңдайшалар, трансформаторлық қосалқы станциялар және т.б.) шығаратын кәсіпорын және Абай облысындағы «Қазполиграф» ЖШС буып-түю материалдарының кең спектрін шығаратын Қазақстандағы ірі өндіріс кіреді.

Қорытындылай келе, мемлекет «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы соңғы 25 жылда жалпы сомасы 10,3 трлн теңгеден асатын 180 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетті. Сонымен қатар елімізде қаржылық, инфрақұрылымдық және консультациялық қолдау шараларынан бөлек, жалпы бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Атап айтқанда, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет негізсіз қойылатын талаптар мен тексерулердің күшін жою, салық рәсімдерін жеңілдету, кәсіпкерлікті одан әрі дамыту үшін жаңа ынталандыру шараларын қабылдау бағытында да мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруде

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить