Мәулен Әшімбаев: «Президентіміз айқындап берген маңызды міндеттерді іске асыру үшін парламент ауқымды жұмыс атқаруы қажет»

Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заң жобаларын қарап, депутаттық сауалдарын жолдады, деп хабарлайды Сенаттың Баспасөз қызметі. 

Сөз басында Сенат Төрағасы елімізде өткен Президент сайлауының қорытындысына тоқталды. Палата Спикері Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлау алдындағы бағдарламасында белгілеп берген маңызды міндеттерді іске асыру үшін Парламент ауқымды жұмыс атқаруы қажет екенін айтты.

«Мемлекетіміз үшін аса маңызды кезеңде халық өз таңдауын жасап, дауыс берді. Осылайша ел азаматтары Мемлекет басшысының стратегиялық бастамалары мен Әділетті Қазақстан құру бағдарына бірауыздан қолдау білдірді. Отандық және халықаралық байқаушылар сайлаудың ұлттық заңнамалар мен осы бағыттағы халықаралық стандарттарға сай өткенін мәлімдеді. Бұл сайлау Қазақстанның дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айғақтайды. Енді алдымызда Президентіміз айқындап берген маңызды міндеттерді іске асыру жолындағы ауқымды жұмыс күтіп тұр. Сондықтан бәріміз бірге сайлау алдындағы бағдарламада көрсетілген басымдықтарды табысты жүзеге асыруымыз қажет», – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында сенаторлар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, қабылдады. Бұл заң еліміздің салық жүйесін одан әрі жетілдіруге арналған.

Жаңа түзетулердің қатарында еңбекақы төлеу қорына жүктемені азайту және бірыңғай төлемді енгізу туралы норма бар. Мұндай шара микро және шағын бизнес субъектілеріне қазіргідей еңбекақы төлеу қорынан 34,5 пайыздың орнына 2023 жылдан бастап 2028 жылға дейін біртіндеп 26,3 пайызға дейін өсе отырып, 20 пайыздық бірыңғай төлемді таңдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ заң аясында осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстанға әкелінген автомобильдерді пайдалану және бастапқы тіркеу үшін бір жолғы тәртіппен 200 мың теңге мөлшерінде бірыңғай алым төлеу тәртібі қарастырылған.

«Қабылданған заң инвестиция тартуға және бизнес-ортаны дамытуға қосымша құқықтық жағдай қалыптастырады. Атап айтқанда, жекелеген салаларда қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктер беру арқылы өндірісті ынталандыру көзделіп отыр. Жаңа нормалар еңбекақы қорына жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруға арналған шара. Алдағы уақытта осы заң халыққа және бизнеске көрсетілетін қызметтердің сапасы мен деңгейін көтеруге мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді заң жөнінде пікір білдірген Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарады. Жан-жақты талқылау нәтижесінде сенаторлар құжатты концептуалды түрде қолдайтындарын білдіріп, оған өз толықтыруларын енгізді және Мәжіліске қайтару жөнінде шешім қабылдады.

Сондай-ақ Палата отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына және ауыл шаруашылығын дамытудың перспективаларына қатысты мәселелер бойынша Сенаттың парламенттік тыңдауларында әзірленген ұсынымдардың орындалуы туралы ақпарат берді.

Мәулен Әшімбаев сенаторлар жасаған ұсынымдардың орындалу барысын бақылайтын бұл формат жаңадан қолданылып келе жатқанын атап өтті. Мұндай қадам қоғаммен тиімді кері байланыс орнатуға, ұсынымдардың орындалуын қадағалауға және оны бағалауға мүмкіндік береді.

Сенат Төрағасы бұл салада ауқымды жұмыс атқарылғанымен, ауылдық аумақтар мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты нақты мәселелер бар екеніне назар аударды.

«Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, олардың өмір сүру сапасы мен әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін арттыру бағытында шешімін таппаған проблемалар бар. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында және сайлау алдындағы бағдарламасында ауыл шаруашылығы мен ауылдық өңірлерді дамыту еліміздің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі екенін нақты айтты. Бұл ретте Парламент пен Үкімет ауыл тұрғындарының мәселелерін шешу мақсатымен қолға алынған жұмысты одан әрі жандандырған жөн. Ауылдық аумақтарда әлеуметтік мәселелермен қатар, таза ауызсумен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жетілдіру сияқты міндеттер айрықша маңызға ие. Сондықтан ауылдарды гүлдендіру, ауыл шаруашылығын дамыту Үкімет пен Парламенттің жұмысындағы негізгі басымдық болуы керек», – деді Мәулен Әшімбаев.

Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.

Ақмарал Әлназарова бірқатар ірі медициналық ғылыми зерттеу институттарының, оның ішінде акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталықтарының материалдық-техникалық жабдықталуы төмен деңгейде екенін айтып, алаңдаушылық білдірді.

Дәурен Әділбеков еліміздегі сапасыз жолдар мәселесін көтеріп, «Қарағанды-Балқаш» автожолының техникасы мен құрылыс мерзіміндегі бұзушылықтарға қатысты наразылығын жеткізді.

Советбек Медебаев Ұлытау облысына қарасты қалалардағы апатты және тозығы жеткен тұрғын үй проблемаларына назар аударды. Ол осындай тұрғын үй иелерге қатысты мәселелерді шешуге және төтенше жағдайлар қауіпін азайтуға арналған нақты шаралар ұсынды.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
1863 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить