Қаңтар-қазан айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 2,5%-ды құрады

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында осы жылдың 10 айындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды, аталған тақырып бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, сондай-ақ Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов баяндама жасады, ortcom.kz деп хабарлайды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, биылғы қаңтар-қазанда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 2,5%-ды құрады. Оның ішінде нақты сектордағы өсім 2,8%-ды, ал қызмет көрсету саласында 1,6%-ды құрады. Оң өсу қарқыны ауыл шаруашылығы, ақпарат және байланыс, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, сауда, көлік және қоймалау салаларында тіркелді.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 6,7%-ды құрады. Экономиканың негізгі салалары бойынша инвестициялар көлемі өнеркәсіпте 4,1%-ға, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде 13,7%-ға, сондай-ақ ауыл шаруашылығында 7,4%-ға, жылжымайтын мүлікпен операцияларда 14,7%-ға, көлік және қоймалауда 8,5%-ға ұлғайды.

Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Қызылорда, Шығыс-Қазақстан және Батыс-Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалды.

Биылғы қаңтар-қыркүйекте сыртқы сауда тауар айналымы 35%-ға өсіп, $98,4 млрд-ты құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 47,5%-ға өсіп, $63,8 млрд-қа дейін жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 37,5%-ға ұлғайып, $19,3 млрд-ты құрады.

Тауарлар импорты $34,6 млрд-қа тең. Жалпы оң сауда балансы $29,3 млрд-ты құрады.

«Өңдеу өнеркәсібінде оң өсім сақталып келеді. Осы жылғы қаңтар-қазандағы өндіріс көлемі 4,3%-ға өсті. Көрсеткіш өсімі 16 өңірде тіркелді. Соның ішінде Жамбыл, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласы ең жоғарғы өсімді көрсетті», — деді Ә. Қуантыров.

Министрдің айтуынша, елімізде машина жасау өндірісі 7,7%-ға өсті. Атап айтқанда, автомобиль жасау 18,3%-ға, электр жабдықтарын жасау 12,4%-ға артты. Сондай-ақ өсу келесі салаларда байқалады: химия өнеркәсібі тауарлары 10,6%-ға, жеңіл өнеркәсібі тауарлары 7,8%-ға, сусындар 8,9%-ға, пластмасса бұйымдары 4%-ға, мұнай өңдеу өнімдері 3,7%-ға, азық-түлік тауарлары 3,5%-ға өсті.

Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 1%-ға төмендеді. Салалар бойынша өсу тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде 17,8%-ды, көмір өндіруде 1,6%-ды, металл кендерін өндіруде 0,6%-ды құрады. Көрсеткіштердің газ өндіруде 1,5%-ға, мұнай өндіруде 2,5%-ға және өзге де пайдалы қазбаларды өндіруде 9,9%- ға төмендеуі тіркелді.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, аталған кезеңде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 5%-ға ұлғайды. Көрсеткіштің оң өсуі 17 өңір бойынша тіркелді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғарғы өсуі Шымкент қаласында, Ақмола, Қызылорда және Алматы облыстарында байқалды.

Биылғы қаңтар-қазанда 11,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 1,1%-ға артық. Оң өсу 15 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы көрсеткіштер Түркістан, Ақмола, Алматы облыстарында және Шымкент қаласында байқалды. Көрсеткіштің төмендеуі Ұлытау, Маңғыстау, Атырау, Абай облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында байқалды.

«Ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 8,2%-ға ұлғайды. Саладағы өндірістің оң өсуі 16 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсімді Қостанай, Ақмола, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары көрсетті», — деді Әлібек Қуантыров.

Ұлттық экономика министрлігінің басшысының айтуынша, 7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасындағы жалпы жағдай мынадай: барлық көрсеткіштер бойынша оң өсім 7 өңірде – Қостанай, Ақмола, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалды.

Оның сөзінше, орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аудару ұсынылып отыр.

1. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға динамикасының мониторингін күшейту және олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдау;

2. Инвесторларды сүйемелдеу жұмыстарын барлық деңгейде қолға алу;

3. Өнеркәсіпте жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу жөніндегі іс-шараларды пысықтау және әлеуетті мәселелерді шешуде жедел көмек көрсету;

4. Отандық өндіріс тауарларын жеткізудің жоспарланған көлеміне қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін экспорттаушыларды қолдаудың қолжетімді шараларын ілгерілету;

5. Бизнестің сұраныстарына уақтылы жауап беру және оның қызметін жүргізу үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету.

Әрі қарай Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов баяндама жасады.

«2022 жылдың қазан айында әлемдік нарықтарда жағдай құбылмалы болды. Қазан айында жаһандық іскерлік белсенділік үш ай бойы 49,0 деңгейінде қалыптасып, 2020 жылғы маусымнан бергі ең төменгі көрсеткішке төмендеді. Өңдеу өнеркәсібінде және қызмет көрсету секторында әлемдік өндіріс көлемі қысқарды», — деді Б. Шолпанқұлов.

Сонымен қатар Қазақстанда қазан айында екі ай қатарынан іскерлік белсенділік индексін қалпына келтіру процесі жалғасты. Индекс осы жылғы қыркүйек айындағы 48,2-мен салыстырғанда қазанда 49,1-ге дейін көтерілді. Іскерлік белсенділік көрсеткіші өткен ай деңгейінде қалған өндіріс саласынан басқа барлық секторда іскерлік белсенділік қалпына келе бастады.

Ұлттық банк төрағасы орынбасарының айтуынша, кәсіпорындар соңғы 5 айда алғаш рет бизнесті жүргізудің осы күнгі шарттарын оң бағалады. Кәсіпорындардың бағалауы бойынша, дайын өнімге сұраныс артты. Алдағы 6 айдың болашақтағы бизнес жағдайларын бағалау да жақсара түсті. Жоғары геосаяси және нарықтық құбылмалылық, инфляциялық қысымның жоғарылауы жаһандық іскерлік белсенділіктің өсу перспективаларына теріс әсер етуде.

Б. Шолпанқұловтың айтуынша, монетарлық талаптардың күшеюіне байланысты қаржы нарығындағы құбылмалылық бәсеңдеген жоқ: АҚШ Федералды резервтік жүйесі қараша айында мөлшерлемені тағы да 75 базистік тармаққа көтерді, Еуропа орталық банкі қазан айында мөлшерлемені екінші рет 75 базистік тармаққа көтерді, бұл мемлекеттік бағалы қағаздар кірістілігінің айтарлықтай өсуіне әкелді.

Осы жағдайларда дамыған елдердің акциялары (MSCI World) жыл басынан бастап 3 232 тармақтан 2 548 тармаққа дейін 21%-ға төмендеді, АҚШ-та 10 жылдық мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілігі 1,5%-дан 4,1%-ға дейін 2,5 пайыздық тармаққа өсті. Жыл басынан бері доллар индексі 16,6%-ға өсті.

Қазанда айлық инфляцияның а/а-ға 1,6%-ға дейін біршама баяулауына қарамастан, бір ай бұрын 1,8%-ға айтарлықтай өсуден кейін, ол соңғы 5 жылда – қазанда әлі де орташа жылдық мәннен 0,7%-ға едәуір асып түсті.

Жылдық мәнде инфляция 18,8%-ға жетті. Ал жылдық мәнде 23,1%-ға жеткен азық-түлік бағасының өсуі инфляцияға көптеп үлес қосуда. Жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін маусымдық арзандату аяқталды.

Азық-түлікке жатпайтын инфляцияның өсуі де 17,9%-ға дейін жеделдеді. Импорт үлесі жоғары тауарлардың, оның ішінде жеке қолданыстағы тауарлардың, тұрмыста қолданылатын құралдардың, құрылыс материалдарының, дәрі-дәрмектің бағалары тез өсіп отыр. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар құрылымында өткен жылдың жоғары базасы есебінен шығу нәтижесінде жанар-жағармай мен автомобильдерге бағаның өсуі баяулады.

Ақылы қызметтер инфляциясы 13,5%-ға жетті. Тұрғын үйді жалға алу қымбаттауын тоқтатқан жоқ, энергия өндіруші компаниялардың тарифтері өсуіне байланысты электр қуатының құны қымбаттады.

Қазан айында халық күткен және қабылдайтын инфляцияның медианалық бағалары тиісінше 18,3%-ға және 22%-ға дейін күрт өсті. Екі көрсеткіш те 2016 жылдан бастап ең жоғары деңгейге жетті. Жоғары инфляциялық күтулерге, фискалдық ынталандыруға байланысты инфляциялық процестердің өсуі дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жалғастыруды талап етеді.

«Қазан айында теңге бағамы долларға қатысты 1 доллар үшін 468,2 теңгеге дейін 1,7%-ға нығайды. Отандық өндірушілердің валюталық түсімін ұлғайту теңге бағамына қолайлы әсер етіп, икемді бағам белгілеу валюта нарығының теңгерімділігін арттырады. Икемді бағам белгілеу валюта нарығының жұмыс істеу тиімділігін арттыруға және халықаралық резервтерді сақтауға ықпал етеді», — деді Берік Шолпанқұлов.

Ұлттық банк төрағасы орынбасарының айтуынша, биылғы 9 айдың алдын ала қорытындысы бойынша, төлем балансының ағымдағы шоты профицитпен қалыптасып, сауда балансының жақсаруына байланысты $7,9 млрд-ты құрады. Сауда балансының профициті өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда $15,9 млрд-қа ұлғайып, $29,3 млрд-ты құрады. Шетелдік тікелей инвесторлардың табысы $3,7 млрд-қа ұлғайып, $20,2 млрд-ты құрады.

Жалпы халықаралық резервтер қазан айында $85,4 млрд-тан $1 млрд-қа өсті. Алтын-валюта резервтері өткен айда $33,0 млрд-қа дейін 1%-ға өсіп, импорттың шамамен 7,1 айын жабуға мүмкіндік берді.

Ұлттық қордың активтері өткен айда $52,4 млрд-қа дейін 1,5%-ға өсті. Жыл басынан бері қаражатты пайдаланудың қорға түсетін түсімдерден асып кетуі аясында 5,3%-ға төмендегені тіркелді. Республикалық бюджетке 4 трлн теңге сомаға трансферт бөлу үшін жыл басынан бері $3,8 млрд-қа валюталық активтер сатылды.

Ақша-кредит саясатын күшейту тұрғысынан дамыған елдердегі орталық банктердің риторикасы аясында облигациялар мен акциялар нарығының жыл басынан бері құлдырағанын көрдік. Алайда қазан айында акциялар нарығында 7,2% өсу байқалды, соның салдарынан Ұлттық қордың активтері қазан айында $851 млн-ға өсті.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері жыл басынан бері 1,1 трлн теңгеге немесе 8,3%-ға ұлғайып, қазан айының соңында 14,1 трлн теңгені құрады. Жыл басынан бері инвестициялық табыс көлемі 672,5 млрд теңгені, зейнетақы жарналары 1 379,3 млрд теңгені, зейнетақы төлемдері 218,2 млрд теңгені, мерзімінен бұрын алып қою 868,9 млрд теңгені құрады», — деді Берік Шолпанқұлов.

Одан кейін Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев тақырып бойынша баяндама жасады.

Оның мәлімдеуінше, биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері келесідей қалыптасты.

«Кірістер бойынша мемлекеттік бюджетке 12 трлн 427 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 104,1%-ға орындалды. Республикалық бюджетке 8,4 трлн теңге шамасында кірістер түсті немесе жоспар 102,2%-ға орындалды», — деді Е. Жамаубаев.

Кірістер бойынша жоспар 179 млрд теңгеге артығымен орындалды, оның ішінде салықтар 89 млрд теңгеге, салықтық емес кірістер 90 млрд теңгеге асыра орындалды.

Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы қосылған құн салығына тиесілі.

Оның басты факторлары:

- өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді өткізу бойынша айналымдардың 26%-ға ұлғаюы;

- қосылған құн салығын қайтару сомасының 19%-ға төмендеуі;

- үшінші елдерден импорт көлемінің 29%-ға ұлғаюы болып табылады.

Жоспар импорттық кеден бажы, корпоративтік табыс салығы және шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы бойынша орындалмады.

Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 2022 жылдың 10 айында 615 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 33%-ға азаюына байланысты.

Шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың орындалмауы нақты қалыптасқан экспорттық кеден бажы мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен аз болуымен және теңгенің АҚШ долларына шаққандағы жоспарланған бағамының өзгеруімен байланысты.

«Жергілікті бюджеттердің кірістері 108,5%-ға атқарылды және 4 трлн теңгені құрады. Жоспар 316 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 274 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар Маңғыстау облысын қоспағанда, барлық өңірлерде асыра орындалды», — деді Ерұлан Жамаубаев.

Шығыстар бойынша мемлекеттік бюджеттің шығыстары 96,7%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 98%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 94%-ға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша 14,5 трлн теңге сомасына шығыстар жүргізілді.

Атқарылмау 295 млрд теңгені құрады, оның ішінде 17 млрд теңге – үнемдеу. Игерілмегені – 278 млрд теңге. Ең көп игерілмеу сомасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ішкi iстер, Төтенше жағдайлар және Оқу-ағарту министрліктерінде қалыптасты.

Игерілмеудің негізгі себептері: қазынашылық ақпараттық жүйелеріндегі техникалық ақаулар, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды уақытылы ұсынбау, шарттарды, қосымша келісімдерді ұзақ жасасу және т.б.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 8,1 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны – 520 млрд теңге. Биыл өңірлерге 3,3 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 қарашаға 2,6 трлн теңге бөлінген. Оның 94,1%-і игерілген.

Атқарылмағаны – 150 млрд теңге, оның ішінде 16 млрд теңге – үнемдеу, 134 млрд теңге игерілмеген. Ең көп игерілмеу келесі өңірлерде: Астана қаласы, Маңғыстау облысы, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, қазынашылық органдарына төлеуге берілетін шотты кеш ұсыну.

Қыржы министрінің айтуынша, соңғы уақытта мемлекеттік мекемелердің бюджетті атқару бойынша қаржылық құжаттарды айдың соңғы жұмыс күнінде ұсынуы байқалады. Техникалық себептерге байланысты оларды аумақтық қазынашылық органдары уақтылы өңдеп үлгермеу тәуекелі жоғары. Сондықтан орталық және жергілікті мемлекеттік органдар қаржы құжаттарын аумақтық қазынашылық органдарына біркелкі ұсыну бойынша жұмыс жүргізуі және төлемдерді айдың соңғы күніне қалдырмауы қажет.

«Мемлекеттік аудит бойынша осы жылдың 10 айында шамамен 10 трлн теңге сомасына 475 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу рәсімдері камералдық бақылаумен қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша 32 957 рәсім бойынша бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 93%-ын орындады», — деді ол.

1 999 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен шамамен 3,7 трлн теңге бюджет қаражаты қамтылды. 304 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу жолымен 284 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды.

Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 1 794 ұсыным берілді.

Мемлекеттік активтерді басқару бойынша Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 675 объектіні сату көзделген. Есепті кезеңде сомасы 57 млрд теңгеге 245 объект сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді.

«48 объекті сатылуға қойылды. 52 объекті қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді. 330 объекті – сату алдындағы дайындықта. Есепті кезеңдегі мемлекеттік қаржының атқарылу нәтижелері осындай», — деді қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев. 

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
3331 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить