Халықаралық сарапшылар темір жолда телекоммуникациялық технологияларды қолдану жайын талқылады

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-да онлайн форматта «Азия-Тынық мұхиты аймағындағы болашақ теміржол телекоммуникациясы» тақырыбында семинар болып өтті. Іс-шараны ҚТЖ және Халықаралық темір жолдар одағы (ХТЖО) бірлесе ұйымдастырды. Оған әлемнің 23 елінен 200-ден астам компания өкілдері қатысты, деп хабарлайды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

Семинар «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас инженері Батыр Котырев пен ХТЖО Бас директоры Франсуа Дэвеннің төрағалығымен өтті. Семинардың спикерлері Австралия, Жапония, Қытай, Өзбекстан, Германия теміржол компанияларының өкілдері болды.

Семинарға қатысушылар Азия-Тынық мұхиты өңірінің теміржол көлігіндегі телекоммуникацияларды дамытудың перспективалық бағыттарын талқылады. Пойыздар қозғалысының қауіпсіздігі деңгейін және теміржол желілерінің өткізу қабілетін арттыруға бағытталған техникалық шешімдер ортаға салынды.

Батыр Котырев 2023 жылы ҚТЖ «Азия-Тынық мұхиты өңірінің темір жолдарында теміржол радиобайланысының жаңа стандарттарын енгізу перспективалары» зерттеу жобасын іске асыруды жоспарлап отырғанын атап өтті. Сондай-ақ телекоммуникациялық жүйелер бойынша мамандандырылған көрме ұйымдастырылады.

Дүниежүзілік Банктің теміржол технологиялары бойынша кеңесшісі Стивен Р. Дитмайер теміржол телекоммуникацияларын дамыту бойынша жұмыс аймақ үшін маңызды екенін, ал бұл мәселені шешуге ықпал ететін фактор ынтымақтастық дегенді атап көрсетті.

ХТЖО Институционалдық қатынастар департаментінің директоры және Азиялық-Тынық мұхиты аймағының үйлестірушісі Винсент Ву семинар өңірдің темір жолдарын дамыту және цифландыру саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға жақсы мүмкіндік бергенін алға тартты.

Іс-шара шеңберінде ҚТЖ-ның Hytera компаниясымен және «БТ-Сигнал» ЖШС-мен Автоматика және ақпараттық технологиялар институты базасында 5G байланыс жүйелерін дамыту бойынша Құзыреттілік орталығын құруда өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Тараптар теміржол көлігі саласында жоғары білікті мамандар даярлау үшін идеялармен, біліммен және тәжірибемен алмасуға ниетті.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте