Әр отбасында көк байрағымыз тұрса, өте жарасымды болады – Тоқаев

Әр отбасында көк байрағымыз тұрса, өте жарасымды болатыны сөзсіз. Бұл туралы бүгін Республика күніне орай мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты шарада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Ақорда.

«Мен бүгінгі салтанатты жиынға түркістандық Мұхамед Қансейітті арнайы шақырдым. Ол қауіп-қатерге қарамастан, Туымызды және Елтаңбамызды өрттен аман алып шықты. Осындай азаматтардың арқасында мемлекеттілігіміздің тұғыры нығая түседі. Біз оларды жастарға үлгі-өнеге етуіміз керек. Отаншылдық ұрандаған сөзден емес, нақты істен көрінеді. Азаматтарымыз еліміздің дамуына табанды еңбегімен үлес қосады. Сондай-ақ қастерлі Отанымыздың тұтастығын ерлігімен нығайтатын азаматтар да аз емес. Кейбір елдердің тұрғындары өз рәміздерін ерекше қадірлеп, барлық жерде асқақтатып жүреді», - деді Мемлекет басшысы.

Қ.Тоқаев Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді пайдалану ережесі өзгертілгенін еске салды.

«Өздеріңізге мәлім, менің тапсырмам бойынша елімізде мемлекеттік рәміздерді пайдалану ережесі өзгертілді. Әрбір азаматымыз қастерлі Отанымызға деген сүйіспеншілігін мемлекеттік рәміздерге құрметі арқылы көрсете алады.

Қазір байрағымызды қоғамдық жерлерде және жекеменшік орындарда қоюға еш тыйым жоқ», - деді Президент.

Осы орайда, Мемлекет басшысы әр отбасында еліміз Туы тұрса, жарасымды болатынын жеткізді.

«Біз домбыраға әр қазақтың төрінен орын бар дейміз. Бұл - дұрыс. Сол сияқты еліміздің әр отбасында көк байрағымыз тұрса, өте жарасымды болатыны сөзсіз.

Біздің туымызда халқымыздың бүкіл рухы көрініс тапқан. Оған елдің терең тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті, бір сөзбен айтқанда, ұлт құндылықтарының барлығы сыйып тұр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте