Қазақстан авиациясының ИКАО талаптарына сәйкестігі 84 пайызға жетті

3524

Халықаралық азаматтық авиация ұйымының бас хатшысы Қазақстанның азаматтық авиациясын реттеудің еуропалық моделін енгізу барысын жоғары бағалады.

ИКАО Ассамблеясының 41-ші сессиясы шеңберінде Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев бастаған қазақстандық делегация ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Салазармен ИКАО еуропалық және Солтүстік Атлантикалық (EUR/NAT) өңірлік бюросының директоры Николя Раллоның қатысуымен кездесу өткізді.

Оның барысында ұшу қауіпсіздігін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар баяндалды.

ИКАО Бас хатшысы 2017 жылдан бастап Қазақстанда азаматтық авиацияны реттеудің еуропалық моделін енгізуді жоғары бағалады және қолдады.

Бұл ИКАО қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкес келетін әлемдегі ең озық және ең тиімді тәсілдердің бірі екенін айтты.

Салазар мырза Қазақстанның ИКАО стандарттары мен ұсынылатын практикасына адалдығы үшін ризашылығын білдіріп, ИКАО-ның 2021 жылғы валидациялық бағалауының нәтижесі бойынша Қазақстанның ИКАО талаптарына 84% сәйкестігі бойынша ілгерілеуін атап өтті.

ИКАО Бас хатшысы және ИКАО еуропалық және Солтүстік Атлантикалық (EUR/Nat) өңірлік бюросының директоры Қазақстанның ИКАО 41-ші Ассамблеясына және ИКАО өңірлік бюросы өткізетін іс-шараларға белсенді қатысқаны үшін алғыс айтты.

Өз кезегінде қазақстандық делегацияның басшысы Талғат Ластаев ИКАО басшылығымен белсенді қолдау тапқан бірлескен жұмыс пен тәжірибе алмасу үшін ИКАО штаб-пәтерінде Қазақстанның авиациялық билік өкілдігін құру туралы бастама көтерді.

Кездесу барысында қазақстандық тарап ИКАО-ның алдыңғы екі Бас хатшысының Қазақстанға бару тәжірибесін ескере отырып, Салазар мырзаны жақын арада Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Бас хатшы бұл ұсынысты қабылдап, екі жаққа да ыңғайлы уақытта Қазақстанға қуана келетіндігін хабарлады.

Халықаралық Азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) - қауіпсіздік пен тиімділікті арттыру мақсатында Азаматтық авиацияның халықаралық нормаларын белгілейтін және оның дамуын үйлестіретін Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) мамандандырылған мекемесі.

ИКАО 1944 жылғы Чикаго конвенциясының ІІ бөлімінің ережелері негізінде құрылды. Штаб-пәтері Монреальда (Канада) орналасқан.

ИКАО мүшелері -193 мемлекет.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить