Елорда полициясы айыппұлы төленбеген жүргізушілерге ескерту жасады

2901

Жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды жедел анықтау мақсатында Ішкі істер министрлігі «Qorgau» арнайы мобильді қосымшасын әзірледі, деп хабарлайды Астана қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, елордада биылғы 26 сәуірден бастап Ішкі істер министрлігінің жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылды.

«Qorgau» мобильдік қосымшасы арқылы Астана полицейлері күн сайын әкімшілік құқық бұзушылық бойынша борышкер жүргізушілерді анықтайды. Мәселен, жоба іске қосылған сәттен бастап елордада әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 791 млн. теңгеден астам сомаға берешегі бар 5 835 жүргізушіге ескерту жасалды.

Биылғы қыркүйек айында полицейлер 1 млн. теңгеден астам сомаға төленбеген айыппұлдары бар «ВАЗ» және «Рендж Ровер» маркалы автокөліктерінің жүргізушілерін ұстады. Жүргізушілерге хабарлама беріліп, автокөліктер коммуналдық тұраққа орналастырылды.

Сонымен қатар, жалған нөмірлермен көлікті басқарғаны үшін 91 жүргізуші ұсталды, 448 азамат көлікті басқару құқығынсыз және 175 жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Коммуналдық тұраққа 691 автокөлік қойылып, 810 мемлекеттік нөмірлік белгі тәркіленді.

ІІМ-нің «Қорғау» мобильдік қосымшасында «Сергек» жүйесі камераларының мүмкіндіктері біріктірілген. Камералар көлік құралының жол ережесін бұзғанын анықтаған кезде электронды планшет арқылы патрульдік полиция инспекторына бірден сигнал береді. Қосымшаның негізгі функцияларының бірі қауіпті жүргізушілерді анықтау болып табылады.

«Сергек» камералары арнайы алгоритмдердің көмегімен жолдарда апатты жағдай туғызатын жүргізушілерді анықтайды. Мұндай автокөліктер туралы ақпарат «102» операторына да беріледі. Қосымша берілген радиуста жол ережесін бұзған автокөліктің орналасқан жерін көрсетеді. Полиция қызметкері жедел-алдын алу іс-шараларын жүргізу кезінде мұндай көлікті тоқтатып, ЖКО жасағанға дейін шаралар қолдана алады.

«Сонымен қатар, «Qorgau» қосымшасы қасақана тәртіп бұзушылар мен жүргізуші куәлігінен айырылған адамдарды, сондай-ақ іздеуде жүрген автокөліктерді анықтауға мүмкіндік береді»,-делінген Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз баянында.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить