Шығыс пен Батыс арасында ашық диалог жүргізу қажет – Қазақстан президенті

1707

Әлемде өзара сенім мен көпжақты ынтымақтастық қағидаттарына негізделген қауіпсіздіктің жаңа жаһандық парадигмасын орнату керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясының жалпы дебатында айтты.

«2030 жылға дейін сегіз-ақ жыл қалды. Осыған дейін Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге COVID-19 пандемиясы, «үш әлемдік дағдарыс» (климаттың өзгеруі, биоалуантүрліліктің жоғалуы және қоршаған ортаның ластануы), сондай-ақ дүниенің әр бұрышындағы қақтығыс ошақтары кедергі келтірді. Кеш болмай тұрғанда бұрынғы даму соқпағына түсуіміз керек», - деді Президент.

Қ. Тоқаев ықтимал тұрақсыздыққа қарсы тұру қабілеті, сондай-ақ орнықты, теңгерімді және инклюзивті түрде қайта қалыпқа келуді қамтамасыз ету – негізгі басымдығымыз екенін атап өтті.

«Осылайша, Шығыс пен Батыс арасында ашық диалог жүргізу қажет, сондай-ақ өзара сенім мен көпжақты ынтымақтастық қағидаттарына негізделген қауіпсіздіктің жаңа жаһандық парадигмасын орнату керек. Қазіргі дағдарыс жағдайы мен геосаяси текетірестердің күшеюін ескере отырып, БҰҰ аясында халықаралық шиеленісті бәсеңдету және қақтығыстарды болдырмау жұмыстарын жүргізу қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 77-сессиясының Жалпы дебатының ашылуына қатысып отыр.

Оған дейін Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-ші сессиясының аясында Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйенмен екіжақты келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 77-сессиясы пленарлық отырысының алдында Иордания Королі ІІ Абдалламен әңгімелесті.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить