Қызылорда облысының Арал ауданында мектеп, балабақша және спорт кешені ашылды

Қызылорда өңірінде жаңа мектептер мен балабақшалар желісі көбейе түсті. Бүгін Арал ауданына жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бірқатар әлеуметтік нысанды ашты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

«Мемлекет үшін де, адам үшін де бала өмірінен қымбат байлық жоқ. Сондықтан да, өткен жылы мектеп ғимаратының құрылысы басталып, өз уақытына сай жаңа оқу жылында пайдаланылуға берілді. Осы кезге дейін №71 мектеп-интернатының ескі оқу ғимараты апатты жағдайда деп танылып келді. Енді ол қауіп жойылды. Елдің ардагерлері мен ұстаздар қауымының сұранысы толық өтелді. Білім жолында еңбекқорлықтың өлшеусіз үлгісін көрсетер ұстаздар қауымының ұрпақ тәрбиелеу ісіндегі еңбектеріне сәттілік тілеймін!», - деді Н. Нәлібаев жаңа мектептің ашылу салтанатында.

Жалпы, өңірдегі қирап тұрған 4 мектептің 3-еуінің биыл шешімі табылып, оның екеуі қыркүйек айында пайдалануға берілмек. Мәселен, Аралдағы Тоқабай елді мекенінде пайдалануға жарамсыз деп танылған №248 орта мектеп жеке инвестор есебінен қайта салынып жатыр. Айта кету керек, Тоқабай ауылында 11-сынып бітірген түлектердің барлығы биыл мемлекеттік грант иегері атанды.

Мұнан бөлек, алдағы 3 жылда Арал ауданының өзінде 8 мектептің құрылысы жүргізіліп, жаңа нысандар бой көтермек. Оның ішінде, асарлату әдісімен салынған Сапақ ауылдық округіндегі №69 орта мектеп пен Мергенсай елді мекеніндегі №58 орта мектебі келесі жылы салынатын мектептер тізімінде тұр. Жалпы, Сыр елінде алдағы 3 жылда 32 мектеп салынбақ.

Облыс әкімі Жақсықылыш кентіндегі «Асылым» жеке балабақшасының ашылу рәсіміне қатысты. Жаңадан бой көтерген нысан 140 бүлдіршінге лайықталған. Облыс әкімі ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, білім саласына инвестиция құйған кәсіпкерге алғыс білдірді.

Бүгінде Арал – 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді балабақшамен 100 пайыз қамтыған ауданның бірі. 2025 жылға қарай ауданда 16 жеке балабақша және 4 мектеп жанынан шағын орталық ашылмақ.

Сапар барысында Нұрлыбек Нәлібаев Аралқұм ауылдық округі Шөміш елді мекеніндегі «Латон-Маркет» ЖШС-нің демеушілігімен салынған әмбебап кіші спорт алаңын көріп, ауыл тұрғындарымен кездесті.

«Балаларға тарту ретінде өңірде парктер, скверлер салынып жатыр. Жақында ғана Жаңақорғанда меценат 750 млн теңгеге парк салу ісіне белсене кірісті. Ал, демеушілердің қолдауымен қалада 50, аудандарда 30 балалар алаңы бой көтереді. Тағы бір жанашыр азамат 1,5 млрд теңгеге «Анаға тағзым» алаңын салып беруге ниет білдірді. Міне, осындай шағын алаңдарды балалардың игілігі үшін табыстау үлкен игілікті іс деп санаймыз», - деді Н. Нәлібаев.

Спорт алаңында 12 жас бір мезетте ойнай алады. Аумағы 800 шаршы метр болатын темір тормен қоршалған алаңда 6 жарықшам қойылып, газон төселген. Спорт алаңына келген жастар облыс әкімімен тілдесті.

Мұнан кейін өңір басшысы Aral Quarts кварц құмын байыту тау-кен комбинатына барды. Жылына 120 мың тонна кварц құмын өндіретін кәсіпорын алғашқы кезеңде 40 маманды жұмыспен қамтыса, ІІ кезеңде 172 мың тонна құрғақ құрылыс ұнтағын шығаруға ден қойып, 88 маман еңбекке тартылды. Өндіріс орны ішкі нарықты 80 пайыз өніммен қамтиды. Нұрлыбек Нәлібаев шыны зауытына қажетті өнімді осы өндіріс қамтамасыз етуі керек екендігін алға тартып, комбинат жұмысын бағдарлады. Кәсіпорын айына 5500-6000 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Қазіргі таңда 3,5 мың тонна өнім дайындалған.

Сондай-ақ, өңір басшысы Аманөткел ауылдық округіне барып, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің ашылу рәсіміне қатысты.

«Спорт – ел мерейін асырып, абыройын арттыратын ауқымды сала. Өңірде «Балалар жылы» аясында демеушілердің қолдауымен 80 ойын алаңы салынып жатыр. Арал ауданында соның 5-еуі жыл аяғына дейін аудан тұрғындарының игілігіне қызмет ететін болады. Бұл кешенде байрақты бәсекелерде, Олимп шыңында Көк Туымызды желбіретер даңқты спортшылар жаттығып шығарына сенімдімін! Жаңа спорт ғимараты құтты болсын», - деді аймақ басшысы.

Нұрлыбек Нәлібаев спортпен шұғылдануға ниетті жастармен жүздесіп, пікірлесті. Мұнда бір мезетте 40 баланың спортпен шұғылдануға мүмкіндігі бар. Олар баскетбол, волейбол, шағын футбол ойнай алады. Айта кетсек, мұндай денешынықтыру-сауықтыру кешені Жақсықылыш кенті мен Қамыстыбас елді мекенінде де салынып жатыр.

 

Нұрлыбек Нәлібаев Аралдың Қамыстыбас ауылдық округінде құтқару бөлімшесінің модульдік станциясының жұмысын көрді. 9 бөлмеден тұратын бөлімшеде медициналық пункт, кезекші диспечерлік және компрессорлық бөлме қамтылған. Аумағы 250 шаршы метрді болатын орталық төтенше жағдай кезінде тұрғындарға оперативті көмекті жылдам үйлестіруге мүмкіндік береді.

Арал ауданындағы сапары соңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аудан әкіміне Президент Жолдауынан туындаған міндеттерді уақтылы әрі сапалы орындауды тапсырды.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте