Нұр-Сұлтан қаласында Кіші Талдыкөлдің аумағында ағаш отырғызу акциясы өтті. Оған қала тұрғындары, еріктілер, экобелсенділер қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараны елорданың Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы ұйымдастырды. Мақсаты – Кіші Талдыкөл аумағын абаттандыру, қаланы көгалдандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
300-ден астам жапырақты ағаш (тал, шегіршін) отырғызылды. Алдағы уақытта тағы 300 көшет егу жоспарланған.
«Кіші Талдыкөлдің аумағын көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бірінші кезеңде 600 данадан астам жасыл желек отырғызу жоспарланған. Бүгінгі таңда акция аясында 300-ден астам ағаш отырғызылды, қалған учаскелердің дайын болуына қарай аяқтау жоспарлануда», - деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы табиғатты пайдалануды және құқықты реттеу саласындағы мемлекеттік қызметтер бөлімінің бас маманы Уәлихан Қуанышев.
Мәлім етілгендей, егілген көшеттер ылғалға төзімді.
Ағаш отырғызуға 100-ден астам адам қатысты, олар қала тұрғындары, Нұр-Сұлтан қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасының «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлері және экобелсенділер.
Қыркүйек-қазан айларында елордада жыл сайынғы «Birge – taza Qazaqstan» күзгі экологиялық айлығы өткізілетін болады.
Қазіргі уақытта Кіші Талдыкөлде экопарк салу жоспарланып отыр. Жобада су түбін тереңдету, су түбін лай және басқа да зиянды шөгінділерден тазарту, орташа тереңдікті ұлғайту, су балансын сақтау жұмыстары көзделген.
Вам может быть интересно: «Қазақстанда түсті металлургия өндірісінің көлемі 7,6 пайызға артты»