АрХО-2022: қазақстандық мергендер мен артиллеристер көш басында

1261

 Халықаралық Армия ойындары шеңберіндегі жарыстар қарқын алды. Полигондарда әлемнің түрлі елдерінен жиналған әскери қызметшілер шеберлігін көрсетіп жатыр, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігі.

Ведомствоның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, Қарағанды облысының «Спасск» оқу-жаттығу орталығында өтіп жатқан «Тактикалық мерген» байқауының бірінші кезеңінде қазақстандық атқыштар сәтті өнер көрсетті. «Біліктілік», «Жаралыларды эвакуациялау» және «Қорғаныс» жаттығуларында еліміздің әскери қызметшілері Өзбекстан мен Қытай командаларын артта қалдырды. Жеке есепте қазақстандық жауынгерлерге тең келер ешкім болмады десе болады. Майор Арман Якубов үздік атанса, екінші орынды лейтенант Руслан Молдабаев, үшінші орынды капитан Дәулет Құлмаханов иеленді.

Жамбыл облысының «Гвардейск» полигонында өтіп жатқан «Артиллериядан оқ ату шеберлері» минаатқыш есептоптарының жарысында қазақстандық команда айқын жеңіске жетті. Бірінші кезеңнің жеке жарысында біздің артиллеристер барлық тапсырмаларды сәтті орындап шықты. Көрсеткіш уақыты – 15 минут 53 секунд. Екінші орындағы ресейлік әскери қызметшілердің нәтижесі – 18 минут 17 секунд. Үшінші орынды иеленген Беларусь миноаатқыштарының нәтижесі – 22 минут 16 секунд. Түнгі спринтте де 10 минут 33 секунд нәтижесімен Қазақстан үздік атанды. Мәреге екінші болып 14 минут 15 секундпен Әзербайжанның әскери қызметшілері келді. Ресейден келген артиллеристердің көрсеткіші – 16 минут 01 секунд.

Ақмола облысындағы «Амандық» оқу-жаттығу полигонында «Меридиан» әскери топографтар конкурсына қатысушылар бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша атыс қаруынан атуды орындады. Бұл сайыста Өзбекстанның әскери қызметшілері көш бастап тұр. Екінші орында – Вьетнам үшінші орында – Қазақстан командалары. Алда – кәсіби дайындық кезеңдері. Мұнда біздің әскери қызметшілерге нәтижелерін жақсартуға мүмкіндік бар.

Кабардино-Балкарияда өтіп жатқан «Эльбрус шеңбері» сайысында әскери альпинистер жасанды рельефте жеке өрмелеу жаттығуларын орындады. Жаттығу нәтижелері бойынша Қазақстан командасы Ресей, Өзбекстан, Үндістан және Қытай альпинистерінен кейінгі бесінші орынға жайғасты. Алда оларды таудағы ең күрделі және жауапты кезең күтіп тұр. Онда конкурстың жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталатын болады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить