Маңғыстауда өңір кәсіпорындарындағы еңбекті қорғау мәселелері талқыланды

2679

13 тамыз, сенбі күні Маңғыстау облысының әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссиясының отырысы өтті.

Жиынға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, ірі мұнай өндіруші компаниялардың, сервистік мекемелердің, кәсіподақтар мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Күн тәртібінде өндіріс орындарында жұмысшылардың жарақаттану деңгейін төмендетуге бағытталған мәселелер талқыланды.

Аймақ басшысы өз сөзінде жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігі мен қорғалуы өте маңызды екенін атап өтті.

-Өндірістік жарақаттануды төмендету және азайту мәселесі әрбір жұмыс беруші үшін ең маңызды мәселе. Жұмысты аяқтағаннан кейін әр жұмысшы үйіне аман-есен оралуы керек.
Ол үшін барлық әлемдік компанияларда еңбекті қорғауды басқарудың әртүрлі жүйелері енгізілуде және іске асырылуда. Мұндай жүйелер біздің кәсіпорындар үшін де қолжетімді. Алайда, өкінішке орай, кейбір жұмыс берушілер бұл мәселеге тиісті дәрежеде назар аудармайды. Осыған байланысты, бүгін өндірістік жарақаттанудың ағымдағы жағдайын қарастыру қажет. Сонымен қатар өндірістік жарақаттанудың ең жоғары деңгейіне жол берген кәсіпорындарындағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдайтын боламыз,- деді Нұрлан Ноғаев.

Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Әлігер Іңкәровтың мәлімдеуінше 2022 жылдың 6 айында Маңғыстау облысы аумағында орналасқан мекемелерде 19 жазатайым оқиға орын алған. Барлық жазатайым оқиғаларда басқармамен комиссиялар құрылып, арнайы тергеп-тексерулер жүргізілген. Өндірістегі жазатайым оқиғалардың салдарынан 25 жұмыскер зардап шегіп, оның 24-і ауыр санаттағы жарақат алса, 1 жұмысшы жұмыс орнында қаза тапқан.

-Өндірістік процестің қауіпсіздігін ұйымдастыруда еңбек қауіпсіздігі мәдениеті үлкен рөл атқарады. Іс жүзінде әрбір жазатайым оқиғаның себептерінде зардап шегушінің өрескел абайсыздығы бар. Өкінішке орай, көптеген жұмысшылар қауіпсіздік ережелерін елемейді. Мұның себептері жұмысшыларды еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту формальды тәсіл және мекеме басшылығы мен жауапты лауазымды тұлғалар тарапынан төмен деңгейде ұйымдастырылып отыр. Сондықтан, жоғарыда аталған жағдайлардың еңбек қауіпсіздігіне зиянды әсерін азайту үшін, жұмыс берушілер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту мен білімді тексеру сапасын жақсартуды және техника қауіпсіздігі нормалары мен ережелерінің сақталуына толық бақылау енгізуі қажет,- деді Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Әлігер Іңкәров.

2022 жылдың 6 айында Мемлекеттік еңбек инспекторларымен жоспардан тыс тексерулер шеңберінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша 186 заң бұзушылық анықталды. Анықталған заң бұзушылықтарды жою және оларды алдағы уақытта болдырмау мақсатында 19 нұсқама енгізіліп, 13 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасақталды. Нәтижесінде 3 млн. астам теңге көлемінде айыппұл салынды.

Жиында ең көп жазатайым оқиға орын алған «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Oil Services Company» ЖШС, «КЕЗБИ» ЖШС өкілдері өндіріс орындарында болған жазатайым оқиғалар туралы түсініктеме берді.

Кездесу соңында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев кәсіпорын басшыларына өз ұжымдарында тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить