Көксу ауданының әкімі тағайындалды

1871

Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Көксу аудандық мәслихатының келісімімен аудан әкімі лауазымына Марлен Қапашұлы Көлбаевты тағайындады. Аудан активіне қатысып, өңір экономикасын дамыту бағытында тапсырмалар берді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Көксу ауданы – тәтті түбірді өсіру мен өңдеу ісінде маңызды аймақтардың бірі. Соған байланысты Бейбіт Исабаев қант өндірісін жандандыра түсу үшін мемлекет тарапынан қолға алынған шаралар жайлы қысқаша айтып берді. Соның ішінде егістік алқаптарының ауқымын ұлғайту, суару жүйелерін жаңғырту, қызылша өсірушілерге берілетін субсидия көлемін арттыру, тыңайтқыштардың бағасын тұрақтандыру сияқты іс-шараларға тоқталды. Облыс әкімінің айтуынша, бұл шаралардың барлығы Мемлекет басшысы алдыға қойған стратегиялық міндетті сапалы орындауға ықпал етуі тиіс.

- Мен облыс көлемінде аудан, қалаларды аралап, халықпен тұрақты түрде кездесу өткізіп жүрмін. Осындай жиындарда тұрғындар көптеген өзекті мәселелерді көтереді. Біз соның бәрін мұқият қарап, қорытындысы бойынша «2022-2025 жылдарға арналған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының Жол картасын» әзірлеп жатырмыз. Бұған дейін мен осы ауданды да аралап, халықпен кездескенмін. Сол кездесуде 14 мәселе көтерілді. Марлен Қапашұлы, соны түгелдей зерделеп, ауданның Жол картасына енгізуді тапсырамын. Аталған мәселелердің мерзімінде орындалуы қатаң бақылауға алынсын. Жұмысыңызға табыс тілеймін, артылған сенімді ақтайсыз деп ойлаймын, - деді Б.Исабаев.

Сөзінің қорытындысында облыс басшысы өңірдегі әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мәселелерін шешуге ықпал етіп, халықпен ашық жұмыс істеу керектігін айтты.

Жетісу облысы әкімінің өкімімен Марлен Қапашұлы Көлбаев Көксу ауданының әкімі болып тағайындалды.

Марлен Қапашұлы Көлбаев

1976 жылы туған, білімі жоғары. «Жетісу» институтын «экономика және менеджмент», Ө.А.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясын «юриспруденция» мамандықтары бойынша бітірді.

Еңбек жолын Ішкі істер басқармасы күзет бөлімінің полиция қызметкері болып бастаған.

Біршама жыл «Жетісу» экономикалық институтында түрлі қызметтер атқарды.

Кейін Талдықорған қаласының кәсіпкерлік бөлімінің бастығы, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары, «Жетісу» ӘКК» ҰК» АҚ агроөнеркәсіп кешені департаментінің бас менеджері, Талдықорған қалалық адами ресурстарды басқару департаментінің жобаларды басқарудың бас менеджері, «ЖетісуАгроСауда» ЖШС-ның Талдықорған аймағы бойынша бастығы, Талдықорған қаласы әкімі аппаратының басшысы, қала әкімінің орынбасары болды.

2018 жылдың желтоқсанынан - Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы.

Хроника

Жетісу облысы әкімінің өкімімен Алмас Қабдулұлы Әділ басқа жұмысқа ауысуына байланысты Көксу ауданының әкімі лауазымынан босатылды.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить