Қытай Коммунистік партиясы Қазақстанмен партияаралық диалогты нығайтуға дайын

Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитеті (ҚКП ОК) Халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы Лю Цзяньчаомен кездесті (министр деңгейінде).

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы және одан әрі дамуы туралы пікір алмасты, сондай-ақ 2019 ж. қыркүйек және 2022 ж. ақпандағы келіссөздер барысында ҚР Президенті Қ.Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысын талқылады.

Ш.Нұрышев Лю Цзяньчаоды Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 101 жыл толуымен құттықтап, ҚКП мен Қазақстан партиялары арасындағы байланыстардың екіжақты саяси қатынастарды және жалпы екі елдің мәңгі жан-жақты стратегиялық әріптестік қарым-қатынастарын нығайту мәселелеріндегі маңызды рөлін атап өтті.

Сондай-ақ, Қазақстан Елшісі сұхбаттасушыны ү.ж. 5 маусымда өткен ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу жөніндегі республикалық референдумның қорытындылары және Мемлекет басшысы іске асырып жатқан саяси реформалар туралы ақпараттандырды. «Саяси партиялар туралы» ҚР Заңына түзетулер енгізу арқылы партиялардың қызметіне қатысты өзгерістер тақырыбына ерекше назар аударылды.

Өз кезегінде Лю Цзяньчао қазақстандық дипломатқа құттықтауы үшін алғыс айтып, ҚКП ОК Халықаралық байланыстар бөлімінің еліміздің жетекші партияларымен байланыстарды нығайтуға және тығыз диалогты дамытуға мүдделілігін білдірді.

Сұхбаттасушы Қазақстандағы саяси реформалар мен әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге жоғары баға беріп, ел басшылығы қабылдап жатқан шараларды Қытай толық қолдайтынын мәлімдеді.

Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Елшілігі мен ҚКП ОК Халықаралық байланыстар бөлімі арасында өзара қызығушылық тудыратын түрлі мәселелер бойынша тығыз өзара ықпалдасуды жалғастыруға уағдаласты.

ҚКП ОК Халықаралық байланыстар бөлімі – Қытай Коммунистік партиясының сыртқы байланыстарына жауап беретін функционалды құрылым. ҚКП ОК-нің «Сыртқы істер министрлігі» іспеттес болып саналады.

Қазіргі уақытта ҚКП ОК Халықаралық байланыстар бөлімі әлемнің 140 еліндегі 400-ден астам саяси партиялар мен ұйымдармен тұрақты байланыстар мен алмасуды сақтауда.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте